Сағатсыз, күнтізбесіз: көшпенді қазақ уақытты қалай таныған?

Бабаларымыз қалта сағаты мен қабырға күнтізбесінсіз «бүгін нешесі, қазір сағат неше» дегенді қалай білген? Тойға шақырғанда қандай сөз айтқан? Дала неге кешігуді кешірген? Көшпенді өркениеттің уақыт жүйесі туралы толық әңгіме.

Ераман Талапқанұлы|2026 ж. 14 тамыз|10 мин оқу
Сағатсыз, күнтізбесіз: көшпенді қазақ уақытты қалай таныған?

Бүгін біз уақытты санмен өлшейміз. «Сағат 14:30-да кездесеміз», «жобаны 15 наурызға дейін тапсырам» — бұл біз үшін әдеттегі тіл. Ал бар болғаны екі ғасыр бұрын осы далада өмір сүрген адам мұндай сөйлемді естісе, түк түсінбес еді. Себебі оның айналасында циферблат та, апта мен күнге бөлінген күнтізбе де болған жоқ.

Бірақ бұл — көшпенді ретсіз өмір сүрді деген сөз емес. Керісінше. Қатал даланың заңы тәртіпсіз жүйені бір қыста-ақ жойып жіберер еді. Көшпенді өз тәртібімен, өз уақытымен өмір сүрді. Ол уақыт сызықтық емес, циклдік болды: аяқталмайды, қайталанады.

Бұл мәтінді оқып отырып, бір нәрсені қабылдау керек: бабаларымыз үшін уақыт пен кеңістік — екі бөлек ұғым емес, бір ұғым. Көз тоқтаған әрбір нәрсе — жұлдыз да, шөп те, малдың күйі де — уақытты көрсетіп тұрды.

1. Уақыт пен кеңістік бір ұғым болғанда

Мұны түсінудің ең қарапайым жолы — қазақтың өз өлшемдері.

Уақытты іс-әрекетпен өлшеген:

  • «бір шай қайнатым уақыт»

  • «сүт пісірім»

  • «бір қымыз ішім»

  • «бие сауымдай уақыт»

Қашықтықты да уақытпен өлшеген:

  • «қозы көш жер»

  • «есек көш жер»

  • «ат шаптырым жер»

  • «бір күндік жол»

Байқаңыз: «қозы көш жер» деген — қашықтық па, уақыт па? Екеуі де. Ол — қозы шаршамай жүріп өтетін ара қашықтық әрі сол қашықтықты жүріп өтетін мезгіл. Бөліп қарауға келмейді.

Дәл осындай логика жыл көлемінде де жұмыс істеді. Ауыл жыл сайын жайлауға көшіп, күзде күзеуге, қыста қыстауға оралды. Яғни физикалық орын ауыстырудың өзі мезгілдің ауысқанын білдірді. «Қайдамыз?» деген сұраққа берілген жауап «қашанбыз?» дегенге де жауап болатын.

2. «Сағат нешеде?» деген сұрақ болмаған

XVIII–XIX ғасырларға тап болсаңыз, «сені сағат бірде күтемін» деген сөзді естімес едіңіз. Оның орнына тәуліктің табиғи бөліктері қолданылған. Бұл бөліктер өте нақты болмаса да, бүкіл ауыл үшін бірдей түсінікті еді:

Тәулік таң сәріден — күн шығар алдындағы бозамық шақтан — басталады. Одан кейін таң атады, күн шығады. Түске дейінгі мезгіл сәске деп аталады, түске жақындағаны — ұлы сәске. Күн төбеге келгенде шаңқай түс, одан әрі түс ауа және бесін келеді. Кешке қарай екінті, содан соң ақшам, ымырт, іңір ауысады. Ақыры қас қарайып, түн ортасы түседі.

Көшпенді «түсте» деп айтады. Ал ол бүгінгі есеппен 12:00 ба, 12:20 ба, әлде 12:30 ба? Мұны ол айтпайды. Айтуының қажеті де жоқ еді.

Таңертеңгі мезгіл көбіне шаруашылық ісімен белгіленді: «бие сауғаннан кейін», «қой өргізгенде», «мал қайтқанда». Бәрі бәрін түсінді, себебі бүкіл ауылдың күн тәртібі ортақ, әрі табиғатқа бағынышты болды.

3. Тойға қалай шақырған?

Мынау — ең қызық тұсы. Айталық, сіз тойға туыстарыңызды шақырғыңыз келеді.

Біріншіден, той жылы мезгілде өтетіні өзінен-өзі белгілі. Қыс — той жасайтын кез емес, ол — аман қалу және малдан айырылмау мезгілі. Сондықтан бүкіл қуаныш жайлауға жиналады.

Екіншіден, хабар не арнайы шапқан шабармен, не «ұзын құлақ» арқылы жетеді.

Ал шақыруда нақты күн мен сағат аталмайды. Оның орнына:

«Ауыл пәлен жайлауға көшкенде...»

Осымен бітті. Барлығына бәрі түсінікті.

Ең таңғаларлығы — шақырылған адам осы ғана мәліметпен уақтылы жетеді. Себебі той бүгінгідей бірнеше сағатқа емес, бірнеше күнге, кейде аптаға созылады. Сол күндердің қайсысында келсеңіз де, тойдың қызған ортасына тап боласыз.

Кешігу — мінез емес, өмір салтының салдары

Осы жерден бүгінгі күнге жеткен бір мінез бар. Біз әлі күнге іс-шараға кешігеміз, кейде әдейі кешігеміз. Көбіміз мұны «қазақтың мінезі» деп қана түсіндіреміз.

Шындығында бұл — дәстүр емес, көшпелі өмірдің заңды салдары. Уақыт минутпен өлшенбеген қоғамда «кешігу» деген ұғымның өзі болмаған. Маңыздысы — келу фактісі, сағат емес.

4. Күтетін дала: қонақасы және жерлеу мерзімі

Күтпеген жағдайлар — әсіресе қаза — басқаша шешілді. Мұндай хабар жанып тұрған оттай жайылатын. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салғысы келгендерге алыстан жетуге бірнеше күн берілді.

Дәл осы себептен біздің дәстүрде адамды бірден жерлемейді. Жерлеу алдындағы қонақасы — бүгінге дейін жеткен міндетті рәсім. Ол — алыстан ат сабылтып келе жатқандар үшін жасалған кідіріс.

Дала күттірді. Сондықтан жерлеу асығыс өтпеді — жақындары жиналғанша үш күнге дейін күте беретін. Ал жерлеуден кейін де адамдар келуін тоқтатпады. Өйткені бұл рәсімде бір минут кешігу емес, келу — марқұмның басына бару фактісі маңызды болды.

5. Аспан: компас, сағат және күнтізбе бір мезгілде

Мезгіл өңірге қарай әртүрлі уақытта басталды: көктем де, жаз да бір өлкеде ерте, екіншісінде кеш келді. Бірақ ауыл қайда көшсе де өзгермейтін бір нәрсе болды — жұлдызды аспан.

Хасен Әбішев өзінің қазақтың ауыз әдебиетіндегі астрономия элементтеріне арналған еңбегінде осы туралы жазады.

Темірқазық — даланың компасы

Темірқазық (Полярная звезда) — қозғалмайтындай көрінетіндіктен, жол көрсететін жұлдыз болды. Кең дала мен Бетпақдаланы кесіп өткен керуендер соған қарап бағдарлады. Жолаушыға:

«Темірқазықты бетке ала бер» немесе «Темірқазық сол ұртыңда тұратындай жүр»

деп жол сілтеген. Бұл — GPS-сіз дәуірдің дәл нұсқауы.

Жетіқарақшы — түнгі сағат

Түн ортасында «мал аман ба?» деп сыртқа шыққан қазақ Жетіқарақшыға (Большая Медведица) көз тастады. Ол түн ортасында бір жерде, таңға жақын мүлде басқа орында тұрады. Яғни бізге таныс «шөміш» — көшпендінің сағат тілі болды.

Таразы мен Сүмбіле — мезгіл индикаторлары

Мезгілдің қай тұсында тұрғанын жұлдыздың шығуымен білді:

«Таразы туса, таң суыйды. Сүмбіле туса, су суыйды.»

  • Таразы (Орион) көкжиектен көрінсе — жаздың аяғы жақын, таң алдында салқын түседі.

  • Сүмбіле шықса — түнде су қатты салқындайды.

Тағы бір мақал:

«Сүмбіле туса, ат семіреді.»

Мұның мәні мынада: аптап жаз өтті, жылқыны әбден мезі қылған сона мен басқа шыбын-шіркей жоғалды, күн салқындады, шөп пісіп, қуаттылығы артты. Сондықтан мал семіріп, жүні жылтырап, тайпалып шыға келеді. Бір мақалда — климат, энтомология және мал шаруашылығы.

6. Есепші — даланың бас талдаушысы

Табиғатты білу мен аспанды оқу — есепшінің кәсібі еді. Ол жай ғана жұлдыз санаған адам емес, шын мәнінде даланың бас сарапшысы болды.

Есепші Ай мен Үркердің тоғысуына қарап:

  • ауылдың қашан көшу керегін бірнеше күнге дейінгі дәлдікпен айтты;

  • малды қай жайылымға айдау керегін белгіледі;

  • алдағы қыс қатты бола ма, жұмсақ па — соны болжады.

Оның есебіне бүкіл ауылдың аман қалуы мен әл-ауқаты тікелей тәуелді болды. Бүгінгі тілмен айтқанда, есепші — метеоролог, логист және риск-менеджер біріккен қызмет.

7. Ай және 12 санының шығу тегі

Ай да қазаққа көмекші болды. Бабаларымыз Жердің Күнді айналатынын білді ме, білмеді ме — ол бөлек әңгіме. Бірақ Айдың өзгеруін олар өз көзімен көрді.

Тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Тасанова мұны былай түсіндіреді: Жердің Күнді айналуы туралы білім — жоғары деңгейдегі абстракция, күрделі астрономиялық есепті талап етеді. Адам ол айналысты тікелей көре алмайды. Ал Айды көреді.

Ай — тікелей қабылданатын құбылыс. Жыл бойы жаңа айдан жаңа айға дейінгі цикл шамамен 12 рет қайталанады. Дәл осы бақылау түркі күнтізбесінің негізіне жатты: жыл 12 айға бөлінді.

Ал ай мен күн циклдерін теңестіру үшін әр үш жыл сайын он үшінші ай қосылып отырды.

Осы жерден біздің он екі жылдық мүшел күнтізбеміз туды.

8. Мүшел жас: не үшін қорқады, не үшін қорықпау керек?

Он екі жылдық цикл бүгінге мүшел жас күйінде жетті. Бұл — әр адамның өмірінде 12 жылда бір қайталанатын өтпелі кезең. Кезең «дағдарысты» саналады, көбі одан қорқады да.

Бірақ мұнда бір нәрсені ашық айту керек. Көшпендінің өмірі ешқашан қауіпсіз болған емес. Қай жаста жүрсе де, бабамызды соғыс, ауру, жұт, аштық қоса еріп жүрді. Сондықтан «қиындық тек мүшелде келеді» деу — шындыққа сай емес.

Мәселенің мәні басқада. Қазақ бақылау арқылы 12 жылда бір адамда өзгеріс болатынын байқаған. Бүгінгі сәнді сөзбен айтсақ — трансформация:

  • 13 жас — бала жасөспірімге айналады, сырты да, психикасы да өзгереді;

  • 25 жас — физикалық қалыптасу аяқталады, әдетте отбасы, бала болады, құндылықтар жүйесі ауысады;

  • 37 жас — жастықтың артта қалғанын сезіну, бүгінгі тілмен «орта жас дағдарысы»;

  • әрі қарай — сол ырғақпен.

Неге бірінші мүшел 13-те?

Он екі жылдық цикл бола тұра, қазақта алғашқы мүшел 13 жаста келеді. Себебі баланың негізгі жасына ана құрсағында болған уақыты қосылады.

Мүшел қашан басталады? Ең жиі кездесетін шатасу

Бүгін біз еуропалық үлгімен туған күнімізді атап өтеміз — далада мұндай дәстүр болған жоқ. Соның салдарынан «мүшелім туған күнімнен басталады» деп ойлаймыз.

Ал көшпенділер дүниеге келген нақты күнге байланбаған. Олар «ұлым қатты боран болған күні туды» немесе «ауылдың үлкен тойы кезінде туды» дей салатын.

Демек, дәстүрлі қазақ қоғамында мүшел жаңа күнтізбелік жылдан басталады. Мысалы, біреу мамырда 36 жасқа толса, оның мүшелі жаңа жылдан басталады — ал ол жаңа жыл 1 қаңтарға емес, Наурызға түседі.

9. Наурыз: белгілі күні болмаған жаңа жыл

Тағы бір маңызды деталь: Жаңа жыл қатаң белгіленген бір күнде аталмаған.

Наурыз — рудың аман қалғанының, ауыр қыстан аман өткенінің белгісі. Сондықтан мереке бәрі көгеріп, жылы шуақ түскен күні тойланды. Күнтізбе емес, табиғаттың өзі күнді белгіледі.

Той күні қошқар сойылып, ақ киіз төселетін, соның үстінде ақсақалдар бір-бірімен құшақтасып, Жаңа жылмен құттықтасатын.

10. «Жылың не, шырағым?» — жасты санаудың тәсілі

Әр жылдың өз қамқоршы жануары болды: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Дәл осылар адамның жасын анықтаудың негізгі маркері болды.

Қария сұхбаттасының жасын білгісі келсе, әдетте былай сұрайтын:

«Жылың не, шырағым?»

Жауап «тышқан» болса, есептеу басталады:

«Тышқаннан тышқанға дейін — 13. Тағы тышқан — 25. Биыл мешін жылы. Мешінге дейін сиыр — 26, барыс — 27, қоян — 28, ұлу — 29, жылан — 30, жылқы — 31, қой — 32, мешін — 33. Демек, сен биыл отыз үшке қарадың, шырағым.»

Адамның нақты жасы да, нешінші мүшелде жүргені де осылай көзбен, ауызша есеппен анықталды.

11. Даладағы есеп-қисап мәдениеті

Тарихшылар айрықша атап өтетін жайт: бабаларымыздың ойша есептеу қабілеті мықты болған. Сол Хасен Әбішев өз кітабында хат танымайтын шопандардың өздері күрделі есептер құрап, оны дәлелдеп шығаратынын жазады.

Есептер шамамен мынадай болатын:

  • Қарқаралы мен Семей арасына жіңішке ине қатар-қатар тізсе, қанша ине сияды?

  • Мың бас қойдың аяғында барлығы қанша сүйек бар?

Оңай емес, келісесіз бе?

Бұл ойындар бос әуестік емес еді. Математикалық қабілет бір қарағанда отар қойды не жылқы үйірін шолып шығып, біреуі бөлініп қалған жоқ па, әлде ат ұрланған жоқ па — соны бірден түсіну үшін қажет болды. Бұл — өмірлік дағды.

12. Оқиғамен жыл санау

Жасты, мерзімді анықтауда даладағы белгілі оқиғалар да көмектесті.

Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Сиыр жылы болған оқиғалар» атты жазбасын оқығанда, қай кезең туралы айтылып отырғанын автордың нақтылауларынан ұғасыз: сол тұста Ғұбайдолла хан билік жүргізген еді дейді. Іле-шала ақын Баянауылда ағаш үйлерден тұратын орыс қонысының негізі қаланғанын қосады.

Осы екі белгіні қатар қойған адам мұның 1824–1825 жылдар екенін өзі шығарып алады. Яғни хронология сан арқылы емес, оқиғалар торабы арқылы құрылған.

13. Бұл — тек қазақтың ерекшелігі емес еді

Әділ болайық: дәл уақыт ұғымы адамзатқа жаңа заманға дейін жат болды. Әлем ғасырлар бойы циферблатсыз өмір сүрді. Қарапайым халық қалта сағатын тақпады. Тек шіркеулерде ғана рәсімге қажет күмбез сағаттары ілінді.

Бәрі темір жолдың келуімен түбегейлі өзгерді. Пойыз кестесі адамзатты минутқа бағындырды. Сағат — өнеркәсіптік дәуірдің талабы, мәңгілік норма емес.

14. Ай атаулары: табиғат жазған күнтізбе

Мезгіл ішінде үнемі қайталанып отыратын табиғи оқиғалар болды. Қазақ жаздың не көктемнің қай тұсында тұрғанын соларға қарап білді.

Көкек. Әлемде не болып жатса да, сәуірде көкек келеді. Сондықтан бабаларымыз бұл айды құстың атымен көкек деп атады.

Сәуірдің ортасы — қой төлдейтін кез. Табиғат бәрін өзі ретімен жасаған: қозы дәл қатты суық өтіп, алда шөбі мол нағыз көктем тұрған сәтте дүниеге келеді.

Қыркүйек. Қыркүйекте ұсақ құстар қоныс аударады. Хасен Әбішев жазғандай, ай атауының бірінші бөлігі — қырғи: осы кезде дала жыртқышы бозторғайларды қырып салуға құмартады. Ал екінші бөлігі — күйек, яғни қошқарға күйек кезеңінде тағылатын киіз кесек.

Бір ай атауының ішінде — орнитология да, мал шаруашылығының күнтізбесі де тұр.

Біз циклге қайта оралып жатырмыз

Осының бәрі жылдан жылға қайталанып отырды. Адамдар мәңгілік осы шақта өмір сүрді. Бабалардың тарихы әңгіме мен дәстүр арқылы үнемі қайта тіріліп отырды, ал болашақ түсінікті әрі болжамды болды — себебі ол таныс табиғи және шаруашылық циклдерді қайталайтын.

Ең қызығы — бүгін.

Күніміз минутқа дейін жоспарланған, сағат пен күнтізбеге үнемі көз тастап отыратын біз бейсаналы түрде циклмен өмір сүрудің жолын іздей бастадық. Жыл бойы тынбай жұмыс істеуге болмайтынын түсіндік. Көктем мен жазда табиғатқа жақын болып, оны тыңдай білу керегін мойындадық. Баяулауға тырысамыз, бақытты соның ішінен іздейміз.

Яғни — бабаларымыз өмір сүрген уақытқа қайта оралуға тырысып жатырмыз.

Пайдаланылған дереккөздер

  • Хасен Әбішев. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі астрономия элементтері мен ауа райы туралы еңбегі.

  • Салтанат Тасанова, тарих ғылымдарының кандидаты — түркі күнтізбесі мен Ай циклі туралы түсіндірмесі.

  • Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Сиыр жылы болған оқиғалар».

  • Қазақтың дәстүрлі уақыт пен қашықтық өлшемдері, мақал-мәтелдер қоры.

Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 23.08.2026

Ұқсас мақалалар

Ғалымдар жүзудің арқаға пайдасын дәлелдеді

Ғалымдар жүзудің арқаға пайдасын дәлелдеді

Беліңіз сырқырап, отырып-тұрудан қалдыңыз ба? Австралия ғалымдары тапқан мына бір қарапайым әдіс ауруды 50%-ға дейін пышақ кескендей тыяды екен!

|Өмір салты
Алаяқтар штрих-кодтан қандай мәліметті 0 теңгеге алады?

Алаяқтар штрих-кодтан қандай мәліметті 0 теңгеге алады?

Сен Дубайға ұшқанда, үйіңді тонап жатады: Ұшақ билетіндегі штрих-код арқылы алаяқтар сіздің қайда екеніңізді 1 минутта біледі!

|Өмір салты
«Малшыларға мен әлі де қажетпін», - 3200 сәбидің «кіндік әкесіне» Қытайдың ең жоғары партиялық марапаты табысталды

«Малшыларға мен әлі де қажетпін», - 3200 сәбидің «кіндік әкесіне» Қытайдың ең жоғары партиялық марапаты табысталды

Шалғайдағы малшыларға медициналық көмек көрсеткен этникалық қазақ дәрігер Оқас Сүлеймен Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты – «1 шілде» орденімен наградталды

|Өмір салты
«Мен 42 жастамын... Мен өз масқарамды жуып-шая аламын. Көмектесіңіз»

«Мен 42 жастамын... Мен өз масқарамды жуып-шая аламын. Көмектесіңіз»

Мұқағали Мақатаевты қазақ халқы тірі кезінде-ақ сүйді. Бірақ халық жүрегінен орын алған ақынның өз жүрегі өмір бойы жаралы болды. Ол соғыстың салқынын көрді, әкесіз өсті, жоқшылықпен күресті, қызынан айырылды, әдеби ортадан қысым көрді. Бірақ ең ауыр сәттерде де қаламын тастамады. Керісінше, өз қасіретін қазақ поэзиясының мәңгілік үніне айналдырды.

|Өмір салты
Қыз болып туғаны үшін жазаланғандар: Ауған әйелдерінің жасырын өмірі

Қыз болып туғаны үшін жазаланғандар: Ауған әйелдерінің жасырын өмірі

Ауғанстанда қыз болып туу — тағдыр емес, үкімге айналғандай. Бір кездері сабақ берген, спортта ел намысын қорғаған, сұлулық салонын ашып, өз еңбегімен күн көрген әйелдер бүгінде үнсіздікке қамалып, қорқынышпен өмір сүріп жатыр.

|Өмір салты
Қайтыс боларынан үш күн бұрын: “Мен Стиви Уандерді орындадым... Мен бақыттымын”

Қайтыс боларынан үш күн бұрын: “Мен Стиви Уандерді орындадым... Мен бақыттымын”

Кей адамдар өмірден кеткенде артында жай ғана естелік қалдырмайды. Олар өзімен бірге бір дәуірдің үнін, бір халықтың сағынышын, бір ұрпақтың жастық шағын қалдырады. Батырхан Шүкенов сондай тұлға еді.

|Өмір салты
LiveInternetZERO.kz