
Елімізде жаға ұстатарлық жаңа үрдіс байқала бастады: халықтың кеңпейілдігі мен шынайы жанашырлығы психологиялық манипуляцияның құрбанына айналып барады. Кәдімгі қайыршылықтың бүгінгі сиқы мүлдем бөлек.
Бұл үрдістің қаупі – кездейсоқ жолаушының қалтасынан шығатын бірер мың теңгеде емес. Оның соңы қоғам үшін үлкен қасіретке айналуы мүмкін: арам ниетті алаяқтардың цинизмінен әбден шаршаған жұрт уақыт өте келе қайырымдылық атаулыдан біржола теріс айналып, өзгенің мұң-зарына мүлдем құлақ аспайтын тасбауыр күйге түсуі ғажап емес.
Касса алдындағы «спектакль»
Кешкі Астана. Жұрттың бәрі жұмыстан қажып, үйіне асыққан шақ. Супермаркет кассаларының алдында сығылысқан ұзын-сонар кезек. Мұндай кезек – адамның шынайы болмысын, төзімі мен мәдениетін сынайтын кішігірім майдан алаңы сияқты.
Кенет сылдырап жылжып жатқан кезектің ағыны кілт тоқтады. Бұған себепкер болған – үстіне қоңыр костюм киген, зиялы, сырбаз мінезді қария еді.
Ақсақал себетіндегі тәтті тоқаштарды, түрлі-түсті салаттар мен сусындарды таспаның үстіне жайғастырды. Бірақ есептесетін сәт келгенде, бағанағы сырбаз кейіптен жұрнақ та қалмады. Қария сасқалақтап, қалталарын сипалап, қолын дірілдетіп рөлге ене бастады. Артында тұрған жұрт та ανшыға түсті.
«Айналайын, айыпқа бұйырма... Әмиянымды үйде ұмытып кетіппін. Мына бес жүз теңге ғана табылып тұрғаны», — деді қария кассир қызға қиыла қарап. Сосын артында тұрған бозбалаға бұрылып: «Балам, мен үшін төлей салшы, өтініш!» — деп мүләйімсіп өтінді.
Ыңғайсыз жағдайға қалған жас жігіт телефонын шығарып, QR-кодқа тақай берген еді... Кенет бұл «қойылымды» күзетшінің суық та қатал дауысы бұзып жіберді: «Ақсақал, болды ғой енді! Күнделікті мына балаганды қашан қоясыз? Жұрттың аяушылық сезімін оятып, тонауды қашан тоқтатасыз?!»
Қас қағым сәтте қарияның «зиялы» маскасы сыпырылып түсті. Ол ләм-мим деместен, тек бір шөлмек судың ақшасын төледі де, толып тұрған азық-түлікті кассаға қалдырып, тез басып шығып кетті.
Аң-таң болған жұртқа қарап, егде тартқан күзетші мән-жайды түсіндірді: «Кезінде үлкен бастық болған-ау шамасы, кісі еңбегін қанауға еті үйреніп кеткен. Костюмінің лосы әлі таймаған. Тегін тамақ жеудің амалын тауып алып, соны әдетке айналдырған. Келеді, арбаны толтырады, кассаны бөгейді де, осы күйтабақты қояды. Өзінің тәбетін өзгелердің қалтасымен өтейді. Бұл таза паразиттік емес пе? Осыған қалай көз жұмамыз?»
Бұл жерде мәселе алдау фактісінде ғана емес, қоғамның іштей іріп бара жатқанында. Мұндай «перформанстар» ірі қалаларда үйреншікті жағдайға айналды. Жаңа заманның алаяқтары адам баласының ең асыл қасиеттерін — жанашырлық пен эмпатияны ақшаға айналдыруды меңгеріп алған.
Жанашыр жандардың қақпаны
Алматылық Әсия да дәл осындай жағдайға тап болып, төбесінен жай түскендей күй кешкен. Оның оқиғасы тіпті сорақы.
«Супермаркет ішінде маған бір жүдеу қария келіп, нан алуға ақшасы жоқтығын айтып, қиылды. Жүрегім езіліп кетті. Аш жүрген қарттан қалай аттап өтесің? «Қалағаныңызды алыңыз, төлеп берейін» дедім. Басында нан мен сүт салды. Кейін демалысы ашылды ма, себетке қымбат деликатестерді тоғыта бастады. Жасы үлкен адамға «болды, тоқтаңыз» деуге ұяттығым жібермеді», — деп еске алады Әсия.
Қызықтың көкесі кассадан шыққанда басталған. Әсия қомақты чекті төлеп, сыртқа шыққанда, қарияның қасына еңгезердей жас жігіт келіп, қос пакетті алды да, тұрақтан тұрған қымбат жол талғамайтын көліктің (внедорожник) жүк салғышына салып, зымырай жөнелді. Ал қарт кісі дым болмағандай қайтадан дүкенге қарай беттеді.
«Парковкада не істерімді білмей, аңтарылып тұрып қалдым. Бұл не сонда? Тұрмыстың тауқыметі ме, әлде менің ақкөңілдігімді мазақ қылған сұрқия айла ма?» — дейді кейінгі оқырман.
Аяныштысы, бүгінде қайыршы кейпін киіп, оңай олжа тапқысы келетіндер көбейді. Бұл ең алдымен адамдар арасындағы сенімге соққы береді. Ең сорақысы — мұндай пысықайлар шынымен көмекке зәру жандардың несібесін ұрлап жатыр.
Қарағандылық Ренат та біреудің зор тәбетін қаржыландыра жаздаған. Дүкенде оған бір сыпайы қыз келіп, нан мен май алып беруін өтінеді. Студент шығар деп ойлаған Ренат бірден келіседі. Алайда сөре қасына келгенде қыздың «мүсәпірлігі» сап тыйылып, талғамы оянып шыға келген:
«Мына нанды жемеймін, маған мынауысы керек. Майдың да тек осы маркасын аламын».
«Бұл ғана емес, артынша еш қымсынбастан қымбат шұжықтар мен импорттық ірімшіктерді себетке лақтыра бастады. Сонда ғана басым жетті. Тәлпіш қыз аштан өліп бара жатқан жоқ, мені «лох» санап, біреудің есебінен тайраңдағысы келген екен. Шыдамадым: «Сен аш емессің, тегін тамақ аңдыған «тарелочницасың» дедім де, себетті еденге тастап, шығып кеттім», — дейді Ренат.
Адам шынымен ашықса, бренд таңдамайды. Мұқтаждық түскенде кішіпейілділік пен әдепті сақтай білу — шынайы таршылықтың басты белгісі.
Әлеуметтік желідегі талқы
Бұл мәселенің қоғамда қаншалықты ушығып тұрғанын Threads желісіндегі пікірлерден анық көруге болады.
«Бұрын адамдарға сенетінмін: азық-түлік тасып, жаңа киімдерімді тегін беретінмін, — деп жазады @gulf0001 есімді қолданушы. — Бірақ ризашылықтың орнына «мына барахлоның маған не керегі бар?» деген реніш ести бастаған соң, «дүкенді» жаптым. Бір әйел тіпті маған: «Келесі жолы маған тек қызыл балық (семга) әкелші!» деп бұйырды. Кешіріңіз, мен өзім таңнан кешке дейін еңбек етіп жүріп, ол балықты өзіме жиі ала алмаймын».
Ал @talgatkarim1212 есімді тағы бір қолданушы мынадай қызықты бөлісті: «Кеше дүкенде бір жігіт келіп, нан мен соус алып беруді өтінді. Үсті-басы таза. Көмектесейін дедім. Бірақ таңдауы шок болды. Кәдімгі нанды менсінбей, 800 теңгелік безглютенді нанды алды да, «маған кәдімгі нан жеуге болмайды» деді. Артында кәдімгі кетчуптың орнына 3700 теңгенің элиталық соусын салып жіберді. Сөйтеді де беті шімірікпей: «Сізден бар болғаны 4500 теңге шықты» дейді. Мен оны жөніне жұмсадым да, бұрылып кетіп қалдым».
Желі қолданушылары бұл «мұқтаждардың» тағы бір айласын әшкереледі: олар көмектескен адамнан фискалдық чекті сұрап алады екен. Себебі айқын — кейін сол чекпен дүкенге қайта келіп, ашылмаған қымбат тауарларды өткізеді де, қолма-қол ақшасын алып кетеді.
Түйін
Әрине, әлеуметтік желідегі кей оқиғалар лайк жинау үшін асыра сілтеп жазылуы мүмкін. Бірақ «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» — бұл құбылыс қоғам ішінде жасыруға келмейтін деңгейге жетті.
Жанашырлық пен мейірімділік — адамды хайуаннан айыратын басты қасиет. Бірақ ол өзара сенім бар жерде ғана өмір сүрмек. Сенімді айла-шарғыға айналдырған кезде, қоғамның рухани ресурсы сарқылады. Бүгінгі бір алаяқтың кесірінен ертең шынымен жар шетінде тұрған мұқтаж жан көмексіз қалуы мүмкін.
Бұл хикаялар жай ғана ұсақ бұзақылық емес, бұл — қоғамдық сананың терең дерті. Мұқтажға қол ұшын созу — парыз. Бірақ соқыр сезімге еріп, алаяқтықтың өркендеуіне жол беру — қоғамды моральдық мүгедектікке итермелеумен тең. Шын қайғы мен кәсіби масылдықтың аражігін ажырата білу — бүгінгі азаматтық қоғамның басты емтиханы.
Сенім өлген жерде, мейірімнің бұлағы да суалмақ.
Авторы: Жанат Ардақ
Дереккөз: inbusiness.kz
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!











