Жайрадан бастап жолбарысқа дейін: Қазақ даласының біз білмейтін тағы әлемі

Тоғайды қалпына келтіруге 10 жыл уақыт пен 415 мың гектар жер не үшін қажет болды? Әлем тарихында бұрын-соңды болмаған тәжірибе: Қазақстан бір кездері өз қолымен жойып алған алып жыртқыштың алдындағы тарихи қарызын қалай өтеді?

Алаш баласы||5 мин оқу
Жайрадан бастап жолбарысқа дейін: Қазақ даласының біз білмейтін тағы әлемі
Сурет: ЖИ

Тұла бойына мыңдаған найза шаншылғандай сұсты, кірпі десең кірпіге ұқсамайтын тірі мақұлықты көргеніңіз бар ма? Әлде өзінен әлдеқайда ірі аю мен қасқырдан сескенбей, тік шабатын жүрекжұтқан жыртқышты ше? Тіпті ертегідегі айдаһарды көз алдыңызға әкелетін алып кесірткені естіп пе едіңіз? Жоқ, бұл алыстағы Африка саваннасы не Амазонка жынысы жайлы шытырман фильмнің желісі емес. Мұның бәрі – өзіміздің ұлан-ғайыр қазақ даласының төл мекендеушілері. Біз көбіне сайын даланы тек киік пен қасқырдың, түлкі мен қоянның өрісі деп қана ойлаймыз. Шынтуайтында, қазақ жерінің табиғаты таңғажайып әрі сирек кездесетін тіршілік иелеріне тұнып тұр.

Әңгіменің әлқиссасын басты кейіпкерімізден бұрын, өлкеміздің әр қиырында елеусіз тіршілік кешіп жатқан осынау ерекше аңдардан бастайықшы. Мәселен, оңтүстіктің тау-тасы мен Маңғыстау үстіртінде жайра деген аң бар. Оның жонындағы ұзындығы отыз-қырық сантиметрге жететін мыңдаған өткір тікені – нағыз қорғаныс сауыты. Қатер төнген сәтте жайра тікенін тікірейтіп, сауыт-сайманын сатырлатқан жауынгердей сес көрсетеді. Оған азу салмақ болған кез келген жыртқыштың тұмсығына біздей тікен қадалып, тауы шағылып қайтады.

Ал Үстірт пен Маңғыстаудың шөлейтті атырабында итаю деген шағын ғана жыртқыш жортады. Тұрқы шағын болғанымен, бойында үрей деген атымен жоқ. Қалың терісінен улы жыланның тісі де, ірі жыртқыштың азуы да өтпейді, сондықтан ол өзінен әлдеқайда алып аңдарға тайсалмай қарсы шабады. Дәл осындай қайсар мінезді тағы бір тағы Алтайдың қарлы нуында мекендейді. Ол – құну. Құнудың болаттай берік жағы сіресіп қатқан сүйектің өзін күтірлете шайнап тастайды, ал алмастай өткір тырнағы мен долы мінезінен тіпті орман иесі аю мен көкжал қасқырдың өзі қаймығып, айналып өтуді жөн көреді.

Оңтүстіктегі Қызылқұмның аптап құмына жолыңыз түссе, ұзындығы бір жарым метрге, салмағы үш-төрт келіге тартатын алып кесіртке – келесті ұшыратасыз. Құм бетінде ирелеңдей жорғалағанда, бағзы заманнан сақталып қалған тірі динозаврды көргендей күй кешесіз. Сол секілді даламызда сабаншы деген де тағы бар. Сырттай қарасаң, үйдегі қоңыр мысықтан аумайды: жүні үлпілдеген, денесі шымыр. Алайда оның ызғар шашқан сұсты жанары-ақ бұл мақұлықтың қолға үйренбейтін тәкаппар жыртқыш екенін бірден аңғартады.

Сан алуан аң-құсқа пана болған осынау дархан далада соңғы жетпіс жылдан астам уақыт бойы бір алып жыртқыштың орны үңірейіп бос тұрды. Ол – ну қамыс пен қалың тоғайдың нағыз әміршісі саналған жолбарыс еді. Кезінде Сырдария мен Арал жағалауында, Шу, Талас, Іле өзендерінің бойында және Балқаш көлінің ну қамысында Тұран жолбарысы емін-еркін жортқан. Тіпті он тоғызыншы ғасырда бұл тарландар Қаратау сілемдері мен Тарбағатайға, Зайсан мен Ертіс жағасына дейін өріс жайғаны туралы тарихи деректер сақталған. Қазақ халқы бұл аңды айрықша қастерлеп, жаужүрек батырларын «жолбарыс жүректі» деп дәріптеген.

Дегенмен жиырмасыншы ғасырдың бел ортасында адам баласының табиғатқа жасаған озбырлығы түбіне жетті. Өзен бойындағы жыныс тоғайлар оталып, қалың қамыс өртелді, жыртқыштың негізгі қорегі – жабайы қабан мен бұғылар есепсіз қырылды. Соның кесірінен 1948 жылы Іле бойында қазақ жеріндегі ең соңғы Тұран жолбарысы көзге шалынып, содан кейін бұл аң біздің өлкеден біржола құрып кетті. Сексен жылға жуық уақыт бойы Іле мен Балқаштың ну қамысы өз иесін жоқтағандай жетімсіреп, желмен ғана шулап тұрды.

Құрып кеткен Тұран жолбарысын қайта тірілту ақылға сыймайтын қиялдай көрінген. Алайда қазіргі генетика ғылымы таңғаларлық жаңалық ашты: ғалымдар мұражайларда сақталған Тұран жолбарысының тегін зерттей келе, оның бүгінгі Амур жолбарысымен қандас, яғни егіздің сыңарындай ұқсас екенін дәлелдеп шықты. Түптеп келгенде, екеуі бір тектің тармағы болып шықты. Осы ғылыми тұжырымнан кейін Қазақстан Үкіметі халықаралық табиғат қорғау ұйымдарымен тізе қосып, әлемдік деңгейдегі теңдессіз істі қолға алды. 2018 жылы Алматы облысында аумағы 415 мың гектарды алып жатқан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты ашылды. Жолбарысты әкелмес бұрын мамандар он жылдан астам уақыт бойы өлкенің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге тер төкті. Тоғайлы орман егіліп, жыртқышқа азық болар жабайы қабан, тоғай бұғысы, құлан мен қарақұйрықтың басы мыңдап өсірілді.

Көпжылдық әзірлік өз жемісін беріп, көптен күткен тарихи күндер де туды. Әуелі 2024 жылдың күзінде Нидерланды елінен Богдана мен Кума есімді қос жолбарыс арнайы қоршауға әкелінді. Мамандар олардан өрбитін абдандарды (жолбарыс күшіктерін) келешекте еркіндікке жіберуді көздеп отыр. Ал 2026 жылдың мамырында Ресейдің Хабаровск өлкесінің табиғатынан ауланған төрт Амур жолбарысы – екі ересек жыртқыш пен екі абдан Қазақстанға жеткізіліп, резерваттағы тарландардың саны алтыға толды.

Нағыз тарихи бетбұрыс биыл жүзеге асты. Осы жылдың 31 шілдесінде жетпіс жылдан астам үзілістен соң қазақ даласына алғаш рет Үміт есімді аналық жолбарыс еркіндікке жіберілді. Ал араға тура үш ай салып, 31 қазанда оның ізін ала Амур есімді айбынды аталық жолбарыс та «Іле-Балқаш» резерватының табиғи қойнауына жол тартты.

Жыртқыштарды еркіндікке жіберу – ұлы істің бастауы ғана. Қазір «Іле-Балқаш» резерватының мамандары қос тарланның әр басқан ізін мойындарына тағылған спутниктік қарғыбау арқылы күні-түні жіті бақылауда ұстап отыр. Жаз ортасында бостандыққа шыққан Үміт жаңа қонысына әбден жерсініп алды. Қазір ол ешкімнің көмегіне сүйенбей-ақ өз бетінше аң аулап, ну қамыс пен тоғайды емін-еркін кезіп жүр. Таяуда ғана қатарға қосылған Амур да жаңа өрісті жатырқамай, өз иелігін белгілеп, табиғи ортаға сәтті бейімделуде. Олардың негізгі қорегі – Іле бойындағы жабайы қабандар мен бұғылар. Ең бастысы, қорық аумағы елді мекендер мен мал өрісінен жырақта жатыр, сондықтан жергілікті жұртқа да, жыртқыштардың өзіне де ешқандай қауіп-қатер жоқ. Ал арнайы қоршауда жетіліп жатқан екі абдан буыны бекіп, аң аулау машығын толық меңгерген соң, олар да табиғат аясына жіберілмек.

Бастаманың түпкі мұраты – екі не алты жолбарысты әкеліп, далаға қоя берумен шектелмейді. Ең үлкен мақсат – бір кездері қазақ жерінде дәурен сүрген Тұран жолбарысының тұқымын қайта жаңғыртып, Үміт пен Амурдың табиғи ортада жұп түзіп, ұрпақ өрбітуіне жол ашу және Оңтүстік Балқаш атырабында жолбарыстардың тұрақты мекенін қайта қалыптастыру. Осынау игілікті іс толықтай баянды болса, Қазақстан өз жерінде жойылып кеткен жыртқышты тарихи отанына қайтарған әлемдегі тұңғыш ел атанып, адамзат пен табиғат тарихындағы ең ұлы бетбұрыстардың бірін жасамақ. Жетпіс жылдық үнсіздіктен кейін Іле бойында жолбарыстың айбарлы гүрілі қайта естілді – бұл қазақ даласының табиғаты түлеп, ежелгі рухымен қайта қауышқанының айқын белгісі.

Аударма
Мақаланы басқа тілде оқыңыз
Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 8 қараша 2026, 09:51

Ұқсас мақалалар

Ибн Сина және эволюция: XI ғасыр философиясы қазіргі биологиямен қалай тоғысады?

Ибн Сина және эволюция: XI ғасыр философиясы қазіргі биологиямен қалай тоғысады?

Ибн Сина эволюция теориясын ашқан жоқ. Бірақ оның мың жылдық метафизикасы бүгінгі биология философиясының ең қиын сұрақтарының біріне жауап іздеуге көмектесе алады — американдық ғалым Джон МакГиннистің 2025 жылғы зерттеуі дәл осыны көрсетеді.

|Табиғат
«38. Соңғы нүкте»: 14 орманшының өмірін жалмаған өрт экранда

«38. Соңғы нүкте»: 14 орманшының өмірін жалмаған өрт экранда

3 қыркүйектен бастап қазақстандық көрерменге «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі ұсынылады. Астанада картинаның жабық көрсетілімі өтіп, туындыны алғашқылардың бірі болып кино саласының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, актерлер, түсірілім тобы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тамашалады.

|Табиғат
456 ядролық жарылыс, 1,5 миллион тағдыр: Семей полигонының жазылмаған жарасы

456 ядролық жарылыс, 1,5 миллион тағдыр: Семей полигонының жазылмаған жарасы

2026 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толды. Қырық жыл бойы жүргізілген 456 ядролық сынақ қазақ даласына ғана емес, миллиондаған адамның өміріне өшпес із қалдырды. Архивтік құжаттар мен кинохроника сол қасіретті кезеңнің адам тағдырына қалай әсер еткенін бүгінгі ұрпаққа үнсіз жеткізіп тұр.

|Табиғат
Балқаштың жаңа қожайыны: Үміт жолбарыстың жабайы табиғаттағы алғашқы 10 күні қалай өтті?

Балқаштың жаңа қожайыны: Үміт жолбарыстың жабайы табиғаттағы алғашқы 10 күні қалай өтті?

Мойынбауындағы GPS құрылғысы мен фототұзақтар таңғажайып құбылысты тіркеді: Қазақстан табиғатына оралған Үміт жолбарыстың жаңа ортадағы алғашқы күндері ғалымдар күткеннен де асып түсіп, желі қолданушыларының басты назарын неліктен аударып отыр?

|Табиғат
TikTok-тағы кездейсоқ видео ғалымдарға жер астында тіршілік ететін сирек жыланбалықты табуға көмектесті

TikTok-тағы кездейсоқ видео ғалымдарға жер астында тіршілік ететін сирек жыланбалықты табуға көмектесті

Үндістанның Бихар штатында ғалымдар Үнді-Ганг жазығының жер асты суларында тіршілік ететін Gangaichthys indonepalicus атты жаңа балық түрі мен жаңа туысын анықтады. Бұл — Ганг алабынан тіркелген алғашқы жерасты балығы.

|Табиғат
OnlyFans-тағы OnlyMarms: Грантсыз қалған зерттеушілердің тосын қадамы

OnlyFans-тағы OnlyMarms: Грантсыз қалған зерттеушілердің тосын қадамы

OnlyFans-та тек 18+ контент жарияланады деп ойласаңыз, қателесесіз! Ақшасы таусылып, далада қалған ғалымдар бұл желіге кімді шығарып жатыр?

|Табиғат
LiveInternetZERO.kz