«38. Соңғы нүкте»: 14 орманшының өмірін жалмаған өрт экранда

3 қыркүйектен бастап қазақстандық көрерменге «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі ұсынылады. Астанада картинаның жабық көрсетілімі өтіп, туындыны алғашқылардың бірі болып кино саласының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, актерлер, түсірілім тобы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тамашалады.

Дана Талғатбек||4 мин оқу
«38. Соңғы нүкте»: 14 орманшының өмірін жалмаған өрт экранда

Қарағайлы орманның арасымен соққан жел бір сәтте алапат өртке айналуы мүмкін. Бірнеше сағаттың ішінде ондаған мың гектар жерді шарпыған жалын табиғатты ғана емес, адам тағдырын да өзгертеді. «38. Соңғы нүкте» фильмі дәл осындай сын сағатта кәсіби борышы мен адам өмірінің арасында таңдау жасауға мәжбүр болған орманшылардың оқиғасын баяндайды.

Фильмнің негізінде 2023 жылғы маусымда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында болған алапат өрт оқиғасы жатыр. Өрт шамамен 60 мың гектар аумақты шарпып, орман шаруашылығының 14 қызметкерінің өмірін қиды. Кейіпкерлердің тағдырлары фильм авторларының көркемдік шешімімен жасалғанымен, олардың басынан өткеретін оқиғалары сол қасіретті күндердің шындығымен астасып жатыр.

 Орман – жай ғана ағаш емес

 «38. Соңғы нүкте» фильмін көрген көрермен үшін таспалы қарағайлы орманның құндылығы да бұрынғыдан өзгеше сезілуі мүмкін.

 Жүздеген шақырымға созылған таспалы қарағайлы орман – Қазақстан табиғатының бірегей ландшафтарының бірі. Оның еліміздегі бөлігін қорғайтын «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты 2003 жылы құрылған. Аумағы 657 мың гектардан асады.

Бұл орманның маңызы оның табиғи сұлулығымен ғана шектелмейді. Қарағай тамырлары құмды топырақты бекітіп, жел мен шаңды дауылдардың әсерін азайтады, қарды ұстап, топырақтағы ылғалдың сақталуына ықпал етеді. Орман сонымен қатар көптеген жануарлар мен құстар үшін тіршілік ортасы саналады.

Резерват аумағында құстардың 153 түрі тіркелген. Олардың ішінде қара дегелек, бүркіт, аққұйрықты субүркіт, ителгі және безгелдек сияқты Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек түрлер бар. Орман мен оған іргелес далада бұлан, елік, қабан, қасқыр, түлкі, қарсақ пен борсық мекендейді.

Сондықтан орман өрті – жай ғана ағаштардың жануы емес. Бұл – тұтас экожүйенің жоғалуы.

«Бейбіт күннің батырлары» туралы фильм

Картинаның режиссері Төребек Бейсебаевтың айтуынша, фильмді дайындауға шамамен бір жарым жыл уақыт кеткен. Оның ішінде алты ай дайындыққа, бір ай түсірілімге, ал жеті-сегіз ай постөндіріске жұмсалған. Басты рөлдерге актерлерді іріктеу де мұқият жүргізілген. Шамамен бір жарым айға созылған кастинг нәтижесінде кейіпкерлердің мінезі мен ішкі әлемін жеткізе алатын актерлер таңдалған.

«Бұл фильм Орта Азиядағы ең үлкен өрт жайлы. Көп адам бұл оқиғаны біле бермейді», - дейді режиссер.

Түсірілім кезінде табиғатқа зиян келтірмеу мәселесіне де ерекше мән берілген. Фильмде өрт пен апат көріністерін жасау үшін арнайы пиротехникалық шешімдер қолданылғанымен, түсірілім барысында бірде-бір ағашқа зақым келмеген.

«Орманда тек ағаштар емес, жан-жануарлар да бар. Сондықтан табиғатқа зиян келтірмеу біз үшін маңызды болды», - дейді режиссер.

Трагедияны экран арқылы сезіну

Фильмдегі басты рөлдердің бірін сомдаған Асан Мәжит үшін ең күрделі көріністердің бірі – кейіпкерінің әріптестерінен айырылғаннан кейінгі ішкі күйін жеткізу болған.

Актердің айтуынша, ол 2023 жылғы Семей орманындағы өрт туралы естігенімен, оқиғаның шынайы ауқымын толық білмеген. 60 мың гектарға жуық орманның өртенуі және 14 орманшының қаза болуы актер үшін фильмге дайындық барысында ғана тереңірек ашылған.

«Бұл оқиғаны эмоциялық тұрғыдан дұрыс жеткізу оңай болған жоқ. Кейіпкерім – фильм авторларының ойынан туған образ. Сол кейіпкер арқылы қаза болған қызметкерлердің жан дүниесін, оқиғаның ауыртпалығын жеткізуге тырыстым», - дейді Асан Мәжит.

Оның сөзінше, фильм арқылы орманшы мамандығының сырт көзге көріне бермейтін қиындығын да түсінуге болады. Олар табиғи апатпен бетпе-бет келгенде өз өмірін қатерге тігіп, орманды қорғауға тырысады.

Өрттен кейінгі өмір

«38. Соңғы нүкте» – тек орман өрті туралы фильм емес. Картина адам өмірінің құндылығы, достық, отбасы, жауапкершілік, кәсіби борыш пен жеке таңдау мәселелерін көтереді. Ең бастысы – фильм көрерменге табиғатқа деген көзқарасы туралы ой салуды көздейді.

Фильмнің продюсері әрі сценаристі Нұржігіт Хайдардың айтуынша, туынды арқылы авторлар өрттің зардабын ғана көрсетуді мақсат етпеген.

«Біз табиғатты аялауымыз қажет. Қазақстанда орман алқаптары азайып бара жатыр. Бұл фильм арқылы әрбір көрерменге орманды сақтау қажеттігін, онда қызмет етіп жүрген бейбіт күннің батырлары туралы жеткізгіміз келді», - дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, «38. Соңғы нүкте» фильмінің атауы да символдық мәнге ие. Ол белгілі бір оқиғаның аяқталуын ғана емес, адамды таңдау жасауға мәжбүр ететін шекті – қайтып оралу мүмкін емес соңғы межені білдіреді.

Астана қаласында өткен жабық көрсетілім фильмнің кең прокат алдындағы алғашқы таныстырылымдарының бірі болды. Ал 3 қыркүйектен бастап «38. Соңғы нүкте» Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шығады.

Фильм режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері әрі сценарисі – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сақатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сәбитов сомдады.

Кинокартина ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

 «38. Соңғы нүкте» – табиғатқа төнген қатердің салмағын және орманды қорғап, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін еске салатын фильм.

Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 8 қыркүйек 2026, 00:05

Ұқсас мақалалар

456 ядролық жарылыс, 1,5 миллион тағдыр: Семей полигонының жазылмаған жарасы

456 ядролық жарылыс, 1,5 миллион тағдыр: Семей полигонының жазылмаған жарасы

2026 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толды. Қырық жыл бойы жүргізілген 456 ядролық сынақ қазақ даласына ғана емес, миллиондаған адамның өміріне өшпес із қалдырды. Архивтік құжаттар мен кинохроника сол қасіретті кезеңнің адам тағдырына қалай әсер еткенін бүгінгі ұрпаққа үнсіз жеткізіп тұр.

|Табиғат
Балқаштың жаңа қожайыны: Үміт жолбарыстың жабайы табиғаттағы алғашқы 10 күні қалай өтті?

Балқаштың жаңа қожайыны: Үміт жолбарыстың жабайы табиғаттағы алғашқы 10 күні қалай өтті?

Мойынбауындағы GPS құрылғысы мен фототұзақтар таңғажайып құбылысты тіркеді: Қазақстан табиғатына оралған Үміт жолбарыстың жаңа ортадағы алғашқы күндері ғалымдар күткеннен де асып түсіп, желі қолданушыларының басты назарын неліктен аударып отыр?

|Табиғат
TikTok-тағы кездейсоқ видео ғалымдарға жер астында тіршілік ететін сирек жыланбалықты табуға көмектесті

TikTok-тағы кездейсоқ видео ғалымдарға жер астында тіршілік ететін сирек жыланбалықты табуға көмектесті

Үндістанның Бихар штатында ғалымдар Үнді-Ганг жазығының жер асты суларында тіршілік ететін Gangaichthys indonepalicus атты жаңа балық түрі мен жаңа туысын анықтады. Бұл — Ганг алабынан тіркелген алғашқы жерасты балығы.

|Табиғат
OnlyFans-тағы OnlyMarms: Грантсыз қалған зерттеушілердің тосын қадамы

OnlyFans-тағы OnlyMarms: Грантсыз қалған зерттеушілердің тосын қадамы

OnlyFans-та тек 18+ контент жарияланады деп ойласаңыз, қателесесіз! Ақшасы таусылып, далада қалған ғалымдар бұл желіге кімді шығарып жатыр?

|Табиғат
Адам күлкісінің құпиясы ашылды: Біздің күлкіміз маймылдардан қалған ба?

Адам күлкісінің құпиясы ашылды: Біздің күлкіміз маймылдардан қалған ба?

Біз неге қарқылдап күлеміз? Жауабы 15 миллион жыл бұрынғы маймылдарда жатыр.

|Табиғат
«Миллион көп ақша емес»: тундра баласының бір сөзі бүтін дәуірдің шындығын ашты

«Миллион көп ақша емес»: тундра баласының бір сөзі бүтін дәуірдің шындығын ашты

Тундраға сырттай қараған адам ең алдымен суықты көреді. Қырық градус аяз, қардан алынған су, ағаш сырық пен бұғы терісінен тігілген чум, байланысы әлсіз, жолы алыс, өмірі ауыр кеңістік. Қала адамы үшін бұл — өркениеттен шет қалған мекен сияқты көрінуі мүмкін.

|Табиғат
LiveInternetZERO.kz