OnlyFans-тағы OnlyMarms: Грантсыз қалған зерттеушілердің тосын қадамы
OnlyFans-та тек 18+ контент жарияланады деп ойласаңыз, қателесесіз! Ақшасы таусылып, далада қалған ғалымдар бұл желіге кімді шығарып жатыр?

OnlyFans желісі десе, көпшіліктің ойына бірден ашық-шашық суреттер мен 18+ форматындағы контент келеді. Алайда, америкалық ғалымдар бұл платформаны мүлдем басқа, тіпті ешкім күтпеген мақсатта пайдалануды ұйғарыпты. Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің (UCLA) зерттеушілері OnlyMarms (ағылш. marmot – суыр) деген атпен арнайы парақша ашып, оның басты жұлдыздары етіп... кәдімгі суырларды сайлаған. Мұнда оқырмандарды пикантты фотолар емес, пушистый кеміргіштердің қызыққа толы күнделікті өмірі күтіп тұр.
Ғалымдарды мұндай тосын экспериментке баруға өмірдің өзі мәжбүр еткен. АҚШ-та ғылымды мемлекеттік қаржыландыру күрт азайып кеткендіктен, зерттеушілер жұмыстарын тоқтатпас үшін ақша табудың балама жолдарын іздеуге көшкен. Сөйтіп, команда OnlyFans арқылы қайырымдылық жинаудың ерекше форматын байқап көруді ұйғарады.
Бұл жайында LiveScience басылымы жарыса жазуда. Жоба жетекшісі, UCLA экология профессоры Дэниел Блюмштайнның айтуынша, бұл идея кезекті далалық зерттеу кезінде кенеттен туындаған. Аспиранттардың бірі бұл ойды бірден қолдап әкетіпті. Грант мәселесі дағдарысқа тірелген соң, ғалымдар амалдың жоқтығынан осы қадамға барғандарын жасырмайды.
Айта кетерлігі, бұл жай ғана ермек емес. Колорадодағы Rocky Mountain Biological Laboratory базасында сары бауыр суырларды бақылау жұмыстары сонау 1962 жылдан бері үзіліссіз жүргізіліп келеді. Бұл – әлемдегі сүтқоректілерді жекелей танып, зерттейтін ең ұзаққа созылған екінші ірі жоба. Алты онжылдық ішінде ғалымдар суырлардың саны, әлеуметтік мінез-құлқы, жыртқыштардан қорғану механизмдері және климаттың өзгеруіне қалай бейімделетіні туралы орасан зор мәлімет жинаған.
Әрине, OnlyMarms парақшасында ешқандай «ұятты» контент жоқ. Видеоларда суырлар бір-бірімен ойнайды, ін қазады және шөп-шалам тасиды. Ғалымдардың әзілдеп айтуынша, парақшадағы ең «ыстық» кадрлар – суырлар арасындағы сирек кездесетін төбелестер ғана. Оның өзі ата-ананың қадағалауымен балаларға көруге рұқсат етілген PG рейтингіне жатады.
Әзірге желіден түсіп жатқан табыс көлемі қарапайым болғанымен, команда бұл жобаны ғылымды дәріптеу тұрғысынан өте сәтті шықты деп есептейді. Ғалымдардың сөзінше, жарияланған кадрларды қайта қарау арқылы олардың өздері де жануарлардың мінез-құлқынан жаңа дүниелерді байқап жатыр екен. Ал жиналған барлық қаражат суырлардың ауа райының күрт өзгеруіне қалай бейімделетінін зерттеуді әрі қарай жалғастыруға жұмсалмақ.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










