Тирана мэрі абақтыдан жасанды интеллект арқылы үндеу тастады
Өзі тас қапаста отырса да, цифрлық бейнесі бостандықта жүр: Қуғынға ұшыраған шенеунік жасанды интеллект арқылы қарсыластарына осылай жауап берді

Албания астанасы — Тирана қаласының мэрі Эрион Велиай өзінің қамауда отырғанына қарамастан, қоғаммен байланысын үзген жоқ. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жасанды интеллектің көмегімен жасалған ерекше бейнеүндеу жариялап, өзі басқарған кезеңдегі атқарылған істерді қорытындылады.
Шаһар басшысы өз басынан өтіп жатқан соңғы 20 айлық қамауды саяси «кепілге алу» деп бағалайды. Өз үнін халыққа тікелей жеткізу мүмкіндігі шектелгендіктен, ол заманауи технологияға жүгініп, сайлаушыларымен жасанды интеллект арқылы тілдесуді жөн көрген.
Бейнежазбада Велиай қала инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы негізгі жетістіктерін тізіп өтеді. Атап айтқанда, жойқын жер сілкінісінен кейінгі қалпына келтіру жұмыстары мен Тиранада жаңадан бой көтерген 170 мектеп, балабақша және бөбекжай құрылысын ерекше мақтанышпен тілге тиек етеді. Дегенмен үндеудің ең басты жаңалығы — оның мектеп оқушыларына қатысты берген жаңа уәдесі болды.
«Менің есімнен бір сәтке де шықпайтын тағы бір үлкен міндеттемем бар — ол мектептердегі тамақтану мәселесі. Иә, мені торуылдап жүріп, төрт қабырғаға қамап тастағаны рас. Бірақ мен бұл уәдемді осы тас қапаста отырып-ақ орындаймын!», — дейді қала басшысы өз үндеуінде.
Бейнероликтің сипаттамасында ол: «Тирана үшін 170 жаңа мектеп, балабақша мен бөбекжай салынды! Ендігі кезек — әр оқушыға берілетін тегін түскі ас. Ешқандай кепілге алу бізді тоқтата алмайды! Біргеміз!» — деп, алған бетінен қайтпайтынын аңғартты.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










