Лондоннан Астанаға: Қазақстандық ғалым Альцгеймерді ерте анықтаудың жаңа технологияларын әкеледі
2050 жылға қарай 139 миллион адамды қамтитын қауіп! Қазақстандықтарды Альцгеймерден қорғайтын жаңа әрі арзан диагностика қалай жұмыс істейді?

Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) ғылыми менеджмент бөлімінің бас маманы Марита Джаканова әлемнің ең таңдаулы оқу орындарының бірі саналатын King's College London (KCL) университетінде ғылыми тағылымдамасын сәтті аяқтады. Фармакология, радиофармацевтика және ядролық медицина саласының білікті маманы бұл мүмкіндікке «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында ие болып, «Фармакология және фармацевтика» бағытында білімін шыңдады.
King's College London – медицина, биомедицина, фармакология және нейроғылым салаларындағы үздік зерттеулерімен танымал халықаралық деңгейдегі орталық. Қазақстандық ғалымның тағылымдамасы дәрілік заттарды әзірлеу, инновациялық диагностикалық технологиялар мен трансляциялық медицинадағы соңғы жетістіктерді тереңінен зерделеуге бағытталды.
Оқу барысында Марита Джаканова нейровизуализация және ядролық медицина бағытындағы жетекші сарапшылармен кездесіп, халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысты. Әсіресе, Альцгеймер ауруын ерте бастан диагностикалау, тау және бета-амилоид биомаркерлерін қолдану, сондай-ақ жаңа радиофармацевтикалық препараттарды жасап шығару мәселелеріне баса назар аударылды.
Ғалымның жеке ғылыми жобасы да осы өзекті тақырыпқа, яғни нейродегенеративті ауруларды молекулалық деңгейде ерте анықтайтын инновациялық препараттар әзірлеуге арналған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бүгінде әлемде 55 миллионнан астам адам деменция дертіне шалдыққан. Оның 60–70%-ы дәл осы Альцгеймер ауруына тиесілі. Сарапшылар 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 139 миллионға жетеді деп дабыл қағуда. Қазақстанда да қоғамның қартаю үрдісіне байланысты когнитивті бұзылыстарға ұшырағандар саны жыл санап артып барады.
Альцгеймер дерті мида бета-амилоид пен тау-ақуызының жиналуынан пайда болып, жүйке жасушаларында түрлі «түйіншектер» мен «шиыршықтар» түзеді. Ең қауіптісі – нейрондарды бұзатын бұл процесс аурудың алғашқы белгілері білінгенге дейін 10–20 жыл бұрын басталып кетуі мүмкін.
Қазіргі таңда дертті ерте анықтаудың ең сенімді жолы – жұлын сұйықтығындағы (ЖС) биомаркерлерді тексеру және ПЭТ/КТ зерттеулерін жүргізу. Алайда бұл әдістердің құны өте жоғары болғандықтан, Қазақстанды қоса алғанда көптеген елдерде оған халықтың қолы жете бермейді.
Сондықтан, ауруды клиникалық белгілері шықпай тұрып танитын, өте сезімтал жаңа радиофармацевтикалық препараттарды жасап шығарудың маңызы зор. Бұл зерттеулер еліміздегі ядролық медицина мен радиофармацевтиканы жаңа деңгейге көтеріп, дербестендірілген емдеу тәсілдерін енгізуге үлкен үлес қоспақ.
«King's College London-дағы тағылымдама озық зерттеу әдіснамаларымен және халықаралық стандарттармен танысуға бірегей мүмкіндік берді. Жинақтаған тәжірибеміз Қазақстандағы ғылыми жобаларды дамытып, денсаулық сақтау саласына инновациялық технологияларды енгізуге қызмет етеді», – деп атап өтті Марита Джаканова.
Тағылымдама барысында игерілген заманауи білім мен тәжірибе енді ҰҒОО базасындағы ғылыми зерттеулерді жандандыруға, жоғары білікті мамандар даярлауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге жұмсалатын болады. Жалпы алғанда, қазақстандық ғалымдардың мұндай халықаралық бағдарламаларға қатысуы отандық ғылымның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуына тікелей жол ашады.
Анықтама үшін: King's College London – Ұлыбританияның ең көне әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі. Медицина, фармакология, психиатрия және биомедицина салаларындағы орасан зор ғылыми жетістіктерімен әлемге танымал жетекші ғылыми-білім беру орталығы.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










