Лайк пен Дауыс: 2026 жылғы сайлаудың басты парадоксы не?

Құрылтай сайлауының тағдырын кім шешеді деп ойлайсыз? «Әділет» пе, «Ақжол ма» әлде жаңашыл «Respublica» ма? Қателестіңіз! Биылғы сайлаудың басты интригасы — әлі күнге дейін «кімге дауыс берерімді білмеймін» деп отырған 22% халықта жатыр.

Алаш баласы||4 мин оқу
Лайк пен Дауыс: 2026 жылғы сайлаудың басты парадоксы не?
Сурет: ЖИ

2026 жылдың 23 тамызында еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиға – бір палаталы Парламент қызметін атқаратын Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Халық арасында қызу талқы басталып та кетті. Біреулер үміткерлердің бағдарламасына үңілсе, енді біреулер олардың Инстаграмдағы парақшаларын парақтап әлек. Осы орайда, inbusiness.kz пен sputnik.kz басылымдарының сараптамаларына және DATAmetrics зерттеуіне сүйене отырып, алдағы саяси доданың беталысын бағамдап көрсек.

Ең басты қуантарлық жаңалық – елдегі саяси бағдарды халықтың басым бөлігі толық қолдап отыр. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, азаматтардың 87,8%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді. Қазақ «Көш жүре түзеледі» демекші, көшіміздің бағыты түзу, мақсатымыз айқын екені көңілге жылылық ұялатады.

inbusiness.kz сайтының сараптамасына көз жүгіртсек, биылғы сайлаудың басты ерекшелігі – бәсекелестіктің тек сайлау учаскелерінде емес, әлеуметтік желілерде де қызып тұрғаны. Партиялар саяси бағдарламаларымен ғана емес, TikTok пен Instagram-дағы трендтермен де жарысуға көшкен.

Егер тек Инстаграм оқырмандарының санына қарайтын болсақ, көш басында 267 мың жазылушысы бар экологиялық «Байтақ» партиясы тұр. Одан кейін «Ақ жол» (92 мың) бар. Жаңашыл деген «Respublica» партиясының оқырман саны «Ақ жолдан» екі есе аз екен (44 мың). Ал жекелей үміткерлерге келсек, ҚХП атынан түсіп жатқан өнер адамдары Аша Матай мен Тамара Асардың миллиондаған оқырманы бар.

Бірақ, шындыққа тура қарайық. Қазақ «Желідегі батырлық – өмірдегі шындық емес» дейді. Миллиондаған лайк пен қаралым автоматты түрде сайлаудағы дауысқа айнала салмайды. Егер сайлауды лайкпен жеңуге болатын болса, қазір Құрылтайдың төрінде саясаткерлер емес, пранк түсіретін вайнерлер мен блогерлер отырар еді ғой! Сондықтан, медийность жақсы, бірақ саяси сенімнің орны бөлек.

Партиялардың өткені мен бүгіні

sputnik.kz сайты ұсынған тарихи деректерге үңілсек, сайлауға түсетін жеті партияның әрқайсысының өз шежіресі, өз электораты бар:

  • «Әділет» партиясы: Бұл жолғы сайлаудың бас фавориті. Оның басты себебі – жуырда ғана өз құрамына «AMANAT» партиясын қосып алуы. Жаңа Конституцияны әзірлеген мықты заңгерлер мен тәжірибелі саясаткерлер шоғырланған бұл күш биылғы додада басты рөлді сомдамақ.

  • «Ауыл» партиясы: 26 жылдық тарихы бар бұл ұйым 2023 жылғы соңғы Парламент сайлауында 10,9% дауыс жинап, айқын екінші орынға шыққан болатын. Ауыл шаруашылығы мен дәстүрлі құндылықтарды ту еткен олар биыл да сол биігінен түспеуге бекініп отыр.

  • «Ақ жол» мен «Respublica»: «Ақ жол» – ең жоғары көрсеткішіне 2021 жылы (10,95%) жеткен саясаттың ескі көздері болса, «Respublica» – 2023 жылы құрыла сала 8,59% дауыспен бірден Парламентке серпіле кірген жас әрі креативті күш. Екеуінің арасындағы бәсеке – тәжірибе мен жаңашылдықтың тартысы болмақ.

DATAmetrics не дейді?

8000 адам қатысқан ауқымды сауалнаманың нәтижесі қазіргі шынайы көріністі анық көрсетіп берді. Халықтың 75,6%-ы сайлауға баруға дайын. Бұл азаматтарымыздың саяси сауаттылығы мен ел болашағына деген жанашырлығының өскенін білдіреді.

«Әділет» 54,2%

«Ауыл» 7,3%

«Ақ жол» 4,6%

«Respublica» 3,4%

ЖСДП 2,4%

ҚХП 2,1%

«Байтақ» 1,1%

Ескерту: Сауалнамаға қатысқандардың 2,3%-ы барлығына қарсы болса, 22,6%-ы әлі кімге дауыс берерін шешпеген.

Ең үлкен интрига – әлі бір тоқтамға келмеген 22,6% сайлаушыда жатыр. Бұл қауым дәл бір «тойға барсам ба, бармасам ба, конвертке қанша салсам екен» деп соңғы сәтке дейін ойланып отыратын нағашылар сияқты. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде партиялар дәл осы «құдалардың» көңілін табуға тырысары сөзсіз.

Қойдың құмалағы былай дейді:

«Әділет» партиясы «AMANAT»-тың бұрынғы ресурстары мен жаңа реформаторлық рухын біріктіре отырып, Құрылтайдағы басым көпшілік мандатты еш қиындықсыз қанжығасына байлайды.

Екінші орынды «Ауыл» партиясы еншілейді - деп сауалнамаға қанша көз жүгіртсек те нақты шешім шығаруға әлі ерте. «Ақ жол» партиясы екінші орынға таласуы мүмкін. Өйткені парламент қабырғасында кәсіпкерлер мәселелсін бұрыннан көтеріп, елдегі «Алаш» тақырыбын біраз жерде айтып жүргеніне қарап жоғарыда жазып өткен 22 пайыздың бір бөлігінің бүйрегі «Ақ жолға» бұрып кетуі ғажап емес. Тұздық ретінде айтпағымыз, Қазақстандағы феминизм тақырыбы да сайлау нәтижесіне әсер етері анық. «Ақ жолдың» төрағалығына әйел адам яғни Дания Еспаева келгені мәлім. Қыз-келіншектің құқығын қорғап жүргендер жалауын желбіретіп әйел төрағаны қолдап кетсе таң қалмаңыз.

Ал енді үшінші және төртінші орындар үшін нағыз «шайқас» «Ауыл» мен «Respublica» арасында өтеді деп топшылаймыз. Халықтың жартысына жуығы ауылда тұратынын ескерсек ауылдағы ағайын «Ауылды» қолдап, жаңашылдықты жаны жақындар «Respublica»-ға дауысын санап беруі мүмкін.

Қуырдақтың көкесін 23 тамыздан кейін көреміз.

Аударма
Мақаланы басқа тілде оқыңыз
Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 2 қазан 2026, 17:56

Ұқсас мақалалар

Алматының асыл қазынасы Швейцария банктеріне қалай ақты?

Алматының асыл қазынасы Швейцария банктеріне қалай ақты?

"Олар бәрін өте қарапайым жасады. Лейла Храпунова ақшаны қызының есепшотына материалдық көмек ретінде банктік аударымдармен жіберіп отырған. Көмектің көлемі... 3 млн доллар мен 6 млн доллар..." Балабақша, сәулет ескерткіші және Медеудегі резиденция. Экс-әкім Алматының ең қымбат жерлерін қалай отбасылық бизнеске айналдырды?

|Саясат
71 миллиард теңгелік салықтан жалтару схемасы қалай қирады?

71 миллиард теңгелік салықтан жалтару схемасы қалай қирады?

1,4 триллион теңгенің көлігін салықсыз кіргізіп байығандар кімдер? 1 қыркүйектен бастап шетелден темір тұлпар әкелудің ережесі күрт қатайды! Екі ай бұрын ескерту алса да, клиенттердің ақшасын жинап алған делдалдар енді неге жаппай байбайлам салып, Үкіметтен рақымшылық сұрап жатыр?

|Саясат
Қазақстандықтардың жүргізуші куәлігі Қытайда да жарамды болады

Қазақстандықтардың жүргізуші куәлігі Қытайда да жарамды болады

Қазақстан мен ҚХР жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісімге келді

|Саясат
Әлемге әйгілі шетелдік төрт академиктің Қазақстанға келуі нені аңғартады?

Әлемге әйгілі шетелдік төрт академиктің Қазақстанға келуі нені аңғартады?

Тоқаевқа бағыт беретін Кай-Фу Ли бастаған шетелдік төрттік Ұлттық академияның есігінен кіріп, еліміздің стратегиялық салаларын қалай бақылауға алады?

|Саясат
Трамп пен Покемон: Жапония үкіметі АҚШ-тың саяси контентіне қарсылық білдірді

Трамп пен Покемон: Жапония үкіметі АҚШ-тың саяси контентіне қарсылық білдірді

Миға қонымсыз мемдер мен зымыран соққылары: Трамптың тролльдер армиясы Покемон мен Нарутоның беделін қалай түсіріп жатыр?

|Саясат
Аустралия Дуровқа соғыс жариялады: Енді Telegram жаппай бұғаттала ма?

Аустралия Дуровқа соғыс жариялады: Енді Telegram жаппай бұғаттала ма?

Бір жылға созылған тергеудің нәтижесі жаға ұстатады! Желі қолданушылары лаңкестердің адам өлтірген сәттері туралы талай рет дабыл қаққанына қарамастан, Telegram бұл бейнелерді апталап өшірмеген. Тіпті бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Крайстчерч пен Буффалодағы қанды қырғын кадрлары жұрттың көз алдында үш ай бойы тайраңдап тұрған! Бұл ғана емес, мессенджердің ішкі ережелерінде мұндай сұмдыққа нақты тыйым салынбағаны әшкере болды.

|Саясат
LiveInternetZERO.kz