ЕҰУ жанындағы Конфуций институты қандай мүмкіндіктер береді?
Бір қате тон – мүлдем басқа мағына: Қытай тілін үйренудегі ең үлкен қателіктер және оны ЕҰУ жанындағы институтта қалай оңай меңгеруге болады?

Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік пен сауда-экономикалық байланыс тереңдеген сайын, көрші елдің тілі мен ділін түсінетін мамандарға сұраныс еселеп артып келеді. Осы орайда Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған көшпелі сұхбат аясында еліміздегі алғашқы Конфуций институтының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Еуразия ұлттық университеті жанындағы бұл орталық тек тіл үйретіп қана қоймай, екі ел арасындағы нағыз мәдени алтын көпірге айналып үлгерген.
Екі мың алтыншы жылы ЕҰУ мен Сиань шет тілдері университетінің бірлесуімен құрылған бұл білім ордасының есігі он екі жастан асқан кез келген адамға ашық. Мұнда оқушыларды жасына немесе мамандығына қарап бөлмейді, мектеп оқушылары, студенттер, тіпті зейнеткерлер де бір партада отырып білім ала береді. Жақында ғана орталыққа жетпіс жастағы зейнеткердің келіп, қытай тілін үйренуге ден қоюы көпке үлгі болған. Денсаулығына байланысты оқуды соңына дейін жалғастыра алмаса да, бұл қадам тіл меңгеруде жас шектеуі жоқ екенін айқын көрсетті. Оқу жүйесі де барынша икемді етіп жасалған. Он бес аптаға созылатын бір семестрдің құны жүз мың теңгені құрайды. Сабақ аптасына үш рет, тоқсан минуттан немесе екі академиялық сағаттан өтеді. Жаңадан келгендер алғашқы аптада сабаққа тегін қатысып, бағдарламамен таныса алады. Оқуды жалғастыру туралы нақты шешім қабылдаған соң ғана, екінші аптада төлем жасайды.
Конфуций институты тек тіл курсы емес, бұл Қытайдың таңдаулы жоғары оқу орындарына жол ашатын үлкен мүмкіндік. Орталықта халықаралық HSK емтиханы өткізіледі, ал үздік түлектерге Қытай университеттері мен стипендиялық бағдарламаларға түсуге тікелей бағыт-бағдар беріледі. Мәселен, биылғы көктемгі семестрдің өзінде төрт оқушы Қытайға оқуға аттанған. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында екі елдің нарығында тілдік және мәдени ортада еркін жүзетін мамандар тапшы. Институт шәкірттері бұл сұранысты өтеп қана қоймай, халықаралық аренада топ жарып жүр. Өткен жылы «Қытай тілі – көпір» байқауының іріктеуінде орталық шәкірттері тегіс жүлдемен оралса, Әмірхан есімді оқушы екі мың жиырма төртінші жылы Қытай төрағасының Қазақстанға сапары кезінде екі ел басшыларының алдында құттықтау сөз сөйледі.
Институтта каллиграфия, шай рәсімі, қытай киносы мен музыкасы арқылы тұтас бір ұлттың мәдениеті оқытылады. Бірақ бұл біржақты процесс емес, қазақстандық жастар қытай тілін меңгере отырып, өз елінің тарихын, салт-дәстүрі мен әдебиетін шетелдіктерге сол тілде таныстыруға мүмкіндік алады. Институттың елу төрт жастағы тыңдаушысы, бұған дейін түрік және ағылшын тілдерін меңгерген Гүлшехра Бажирова көршіні танудың стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, осыдан жарты ғасыр бұрын біз үшін орыс тілі қандай маңызды болса, қазір қытай тілі де дәл сондай қажеттілікке айналды. Бұрын Қытай десе тек «Қорғасқа» барып киім-кешек әкелуді ғана елестететін жұрт, қазір тіл білген соң Бейжің мен Шанхайдың тарихына, терең мәдениетіне үңілетін болды. Ол жақтағы менталитет пен сөйлеу мәнері мүлдем бөлек болғандықтан, осының бәрін болашақта жас ұрпақтың білуі маңызды.
Дегенмен, қытай тілін оқуға кіріскендер бетпе-бет келетін басты қиындық – төрт тон және иероглифтер. Баян Жұмабекұлының айтуынша, бір сөздің тонын сәл қате айтса, оның бүкіл мағынасы өзгереді. Алайда, грамматикалық тұрғыдан бұл тіл өте қарапайым, қазақ тіліндегідей шұбырған жалғаулар мен жұрнақтар жоқ. Мұндағы ең бастысы – иероглифтерді жаттауға төзім мен жүйелі уақыт бөлу. Бүгінде Қытай университеттерінде де қазақ тілін оқытатын арнайы мамандықтар ашылып жатыр, бұл өзара қызығушылықтың екіжақты екенін көрсетеді. Жаһандық даму жолында халықтың тұрмысын жақсартып, ортақ игілікке жету үшін тіл мен мәдениет алмасу ең сенімді құрал болып қала бермек.



Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










