Қазаннан бастап «төлем банктері» келеді: Kaspi-ге кім бәсекелес?

Бір жылдан кейін шотыңызды банк емес, такси немесе курьер қосымшасы ашуы әбден мүмкін. Қазаннан бастап Қазақстанда шот ашып, ақша аудара алатын, бірақ депозит алмайтын және несие бермейтін «төлем банктері» пайда болады. Ұлттық банктің мәліметінше, лицензияға 10-нан астам ұйым құжат дайындап жатыр. Yandex Qazaqstan басшысы лицензияға «тәбетінің» бұрынғыдан әлдеқайда артқанын жасырмады. Бірақ әлем тәжірибесі бір нәрсені ескертеді: нарықты ашу оңай, ал оны ашық ұстап тұру қиын.

Ераман Талапқанұлы||10 мин оқу
Қазаннан бастап «төлем банктері» келеді: Kaspi-ге кім бәсекелес?

11 қыркүйекте Алматыдағы «Целинный» орталығында Central Asia Fintech Summit өтті. Саммитке 4 мыңнан астам адам қатысты, биылғы тақырыбы — «Сенім дәуірі: келесі онжылдықта қаржы нарығы қандай болмақ».

Бас сессияда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мадина Әбілқасымова және «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Ренат Бектұров сөз алды. Олармен бірге сахнаға Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов, Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов және Mastercard компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов шықты. Сессияны Digital Business негізін қалаушы Виталий Волянюк жүргізді.

Бір сағат ішінде спикерлер жаңа нарықтың бейнесін сызып берді. Онда банктер төлемдегі монополиясынан айырылып жатыр, инфрақұрылымды реттеушінің өзі салып жатыр, ал токенге астықтан бастап әнге дейін бәрін айналдыру ұсынылып отыр. Бұл сюжеттердің әрқайсысы басқа елдерде бұрын да болған және бәрі бірдей сәтті аяқталмаған.

«Үздік жоқ»

Реттеушінің бағасынша, бастапқы жағдай жақсы.

«Жүйе мықты, капиталы жоғары, цифрландырылған», — деді Тимур Сүлейменов. Ол қазақстандық қаржы жүйесін Орталық Азиядағы ең үздігі деп атады.

Сырттан расталғаны да бар, ол саммиттен бір апта бұрын жарияланды. 4 қыркүйекте S&P агенттігі Қазақстанның банк секторына берген BICRA бағасының «салалық тәуекел» құрамдасын 7-топтан 6-топқа көтерді. Экономикалық тәуекел бойынша болжамын «позитивті» деп өзгертті. Бір ескерту бар: әдістеменің бір ғана құрамдасы жақсарды, барлық банктің рейтингі бірден көтеріле қалған жоқ.

Мадина Әбілқасымова оптимизмді бірден басты. Агенттік қаржы ұйымдарының цифрлық жетілу деңгейін тексерген. Бес балдық шкала бойынша орташа индекс мынадай шықты:

  • банктер — 3,66;

  • сақтандыру ұйымдары — 3,4;

  • микроқаржы ұйымдары — 3,1;

  • бағалы қағаздар нарығына қатысушылар — 3,05.

Банктердің шамамен 75 пайызы жасанды интеллектіні қолданады.

Модератордың нақтылау сұрағына ол қысқа жауап берді: «Үздік жоқ». Сосын әр IT бөлімінің қабырғасына ілетін сөз айтты: «IT-инфрақұрылымға салынған инвестицияның өзі нәтижеге кепілдік бермейді».

Банк пен сақтандыру арасындағы алшақтық қазақстандық ерекшелік емес, бүкіл әлемде солай. Сақтандыру мен бағалы қағаздар нарығы цифрландыруда банктерден көп жерде қалып келеді. Өзгешелігі — реттеушінің жауабында. Агенттік 1 200 нақты іс-шара белгілеп, 94 ұйымның әрқайсысына жеке даму жоспарын жасады. Цифрландырудың мұндай «жоғарыдан төмен» үлгісі еуропалық емес, азиялық реттеушілерге тән.

Мемлекет рельс төсейді

Қазақстан нарығындағы жылдың басты оқиғасы жазда болды. 19 шілдеден бері телефон нөмірі бойынша аударымдар мен Бірыңғай QR арқылы 20 миллионнан астам транзакция өтті, олардың жалпы сомасы шамамен 400 млрд теңге.

Айдос Жұмағұловтың пікірінше, цифрдан гөрі клиенттің мінез-құлқындағы өзгеріс маңыздырақ. Оның сөзінше, клиент енді «өзі байланған нақты банкке және сатушының QR-ына тәуелділігін біртіндеп азайтып келеді». Негізгі тезисі де осыдан туады: «Инфрақұрылымдық бәсекеден өнімдік бәсекеге көшіп жатырмыз».

Қазақстан бұл жерде әлем сынап көрген жолмен жүр. Орталық банк ортақ төлем рельсін өзі салған ең танымал екі мысал бар — Бразилияның Pix жүйесі мен Үндістанның UPI жүйесі.

  • 2026 жылы Pix-ті бразилиялықтардың 75 пайыздан астамы пайдаланады, оны дебет картасы мен қолма-қол ақшадан да жиі қолданады.

  • UPI 2026 жылғы шілдеде 29,88 трлн рупийге 23,66 млрд төлем өткізді. Бұл күніне шамамен 763 млн операция деген сөз.

Үнді тәжірибесінің сахнада айтылмаған бір сабағы бар. Ашық рельс шоғырлануды жоймады, тек оны қосымшалар деңгейіне көшірді. 2025 жылғы желтоқсанда UPI операцияларының шамамен 45 пайызы PhonePe қосымшасына тиесілі болды, Google Pay 7,5 млрд транзакциямен екінші орында тұрды. Жұртқа ортақ болсын деп салынған нарықты іс жүзінде екі қосымша ұстап отыр.

Қазақстан үшін бұл — тура ескерту. Бәсеке туралы бүкіл пікірталас шын мәнінде нарықтың басты ойыншысына қатысты еді, бірақ ол сахнада болған жоқ. Kaspi Bank банкаралық QR жүйесіне 2026 жылғы 19 шілдеге дейін толық қосылуға тиіс болатын.

Реттеуші келесі майдан қай жерде ашылатынын түсінетін сияқты. Ұлттық банк экономикалық ынталандыру трафикті жүйелі түрде бір арнаға бұру үшін пайдаланылмауын қадағалайтынын ескертті. Жұмағұлов банктер клиентті Бірыңғай QR-ға кешбэк пен бонус арқылы тартады дегенде дәл осы аймақты сипаттап отыр — нарық пен реттеушінің мүддесі қақтығысуы мүмкін жерді.

«Шын мәнінде, бұл — төлем банктері»

Екінші сюжет — жаңа ойыншылар. «Шын мәнінде, бұл — төлем банктері. Меніңше, олар банктерге бәсекелес болады», — деді Сүлейменов бірінші санаттағы төлем ұйымдары туралы. Шекарасын да айқын сызды: «Депозит те, несие де болмайды».

Лицензия 2026 жылғы қазаннан бастап беріледі. Жаңа ойыншылар шот аша алады, бірақ депозит тартуға және несие беруге тыйым салынған. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинур Жәленов 10-нан астам ықтимал өтінім бар екенін айтты.

Сүлейменовтің сөзінше, банктердің басты міндеті өзгермейді — «артық қаражатты жинап, оны жоқ адамдарға қайта бөлу». Ал төлем бизнесі «қатаң бәсекенің» алаңына айналады. Тағы бір маңызды жайт: жаңа ойыншылар цифрлық активтер нарығымен әдейі байланыстырылды. «Біз оларды әдейі "үйлендірдік"», — деді Ұлттық банк басшысы.

Ең көп нәрсені аңғартқан жауапты Тимур Шәлекенов берді. Лицензия туралы тура сұрақтан ол жалтарып кетті («бұл — арандату»), бірақ мына мойындау естілді: «Екі-үш жыл бұрын тәбетіміз әлдеқайда аз болар еді. Қазір бұл тәбет анағұрлым үлкен».

Яндекстің есебі прагматикалық. Жүз мыңдаған серіктес — такси жүргізушілері, курьерлер — ақшаны сапар біткен бойда алғысы келеді. «Ақша лезде қозғалуы керек», — деді Шәлекенов. Ол банктермен бірлесіп жасалған кобренд жобаларға да наразылық білдірді: интеграциядағы «тігістер» тұрғысынан алғанда, «әзірге қаржы институттарымен ортақ тіл табу қиын».

Бұл тұста әлем тәжірибесі екіұшты. Үндістан несие беруге тыйым салынған дәл осындай төлем банктерін 2015 жылы іске қосқан. Рұқсат алғандардың бір бөлігі жұмысты бастамай жатып лицензиядан бас тартты. Ең ірі ойыншы Paytm Payments Bank-тің жұмысын 2024 жылы Үндістанның резервтік банкі заң бұзушылықтар үшін іс жүзінде тоқтатты. Несие маржасы жоқ төлем банкі комиссия мен шоттағы қалдыққа ғана сүйенеді, ал бұл — өте жұқа экономика.

АҚШ басқа жолмен жүрді: платформа лицензия алмайды, банкті жалға алады. 2026 жылғы шілдеде Cross River Bank Илон Масктың X Money қызметіне сақтандырылған шоттар, P2P аударымдар мен Visa дебет карталарын ұсынатынын жариялады. Қазақстан, керісінше, бигтехке өз лицензиясын алуды ұсынып отыр. Бұл тәсіл реттеушіге платформаларды бақылауға көбірек мүмкіндік береді, бірақ нарыққа кіру табалдырығын биіктетеді.

«Бәрін токенге айналдыруға болады»

Ең батыл тезисті Ренат Бектұров айтты: «Біреу үшін белгілі бір құндылығы бар нәрсенің бәрін, негізінен, токенге айналдыруға болады деген түсінікке келіп отырмыз».

Туы — астық. Бірінші құрал — элеватордағы астыққа шығарылған токен, оның көлемі мен сапасын IoT датчиктері бақылайды. Екіншісі — әлі өспеген өнімге арналған форвард құралы, мұнда егістікті спутник бақылайды. Бектұров мұны ашық айтты: «Бұл өнім әлі өндіріске шыққан жоқ, олар тек лицензия алды». Әңгіме AFSA 2026 жылғы маусымда Commodity Chain Ltd. компаниясына «реттеушілік құмсалғышта» жұмыс істеуге берген лицензия туралы болып отыр.

Мадина Әбілқасымова шарт қойды: токенизация арзан әрі тиімді болғанда ғана ақталады. «Технология үшін технология, цифрландыру үшін цифрландыру — бізде мұндай мақсат жоқ».

Әлемдегі жағдай оның сөзін құптайды. RWA.xyz дерегінше, 2026 жылғы тамызда токенге айналдырылған нақты активтердің құны 37,28 млрд долларға жетті. Оның шамамен 80 пайызы — АҚШ қазынашылық облигациялары мен ақша нарығының құралдары. Қарапайым тілмен айтқанда, әлем әзірге онсыз да өтімді әрі сенімді активтерді токенге айналдырып отыр. Астық, ән, ойын скиндері жаһандық нарықтың өзінде экзотика болып тұр.

Болжамдардың арасы жер мен көктей. McKinsey 2030 жылға қарай токенге айналған активтер шамамен 2 трлн доллар болады деп күтеді, BCG — 16 трлн доллар. BlackRock басшысы Ларри Финк 2025 жылы-ақ Бектұровтың тезисімен үндес ой айтқан: кез келген активті токенге айналдыруға болады.

Орталық банктер сақырақ. Халықаралық есеп айырысу банкі 2026 жылғы баяндамасында реформаның іргетасы екі деңгейлі жүйе болып қалуы керек дейді. Оның бағасынша, стейблкоиндер ақшаның басты сынағынан әзірге өтпейді — орталық банк ақшасына номиналмен дәл айырбасталу кепілі жоқ. Банктің ұсынатын үлгісі — орталық банктер мен коммерциялық банктердің токенге айналған ақшасына арналған ортақ тізілім. Оның алғашқы нұсқасы — сегіз орталық банк пен 40-тан астам реттелетін қаржы ұйымы қатысқан Agorá жобасы.

Астық жобасының теориялық негізі де бар. Перулік экономист Эрнандо де Сото құқығы рәсімделмеген, сондықтан кепілге қоюға болмайтын активтерді «өлі капитал» деп атаған. Астықты токенге айналдыру — осы капиталды «тірілту» әрекеті. Бірақ де Сото шешуші рөлді жазу тәсілі емес, меншік құқығы атқаратынын қадап айтқан. Токеннің құны элеватордың адалдығынан және жетіспей қалған астықты өндіріп бере алатын соттың күшінен аспайды.

Жақын арадағы нақты сынақтарды мемлекет өзі ұйымдастырып отыр. Alatau City үшін «Tokenization by Default» тұжырымдамасы дайындалды. 2026 жылдың соңына дейін KASE арқылы құны 50 млн долларға дейінгі Iconic Tower кешенін және 10 млн долларға дейінгі Birlik логистикалық орталығын токенге айналдыру жоспарланған.

Юрисдикция да — актив

Бектұров тың көзқарас ұсынды. Оның айтуынша, ауқатты инвесторлар «юрисдикцияға да барған сайын активке қарағандай қарайды». Яғни оларды да портфельде әртараптандырып ұстайды. Қазақстан мұндай таңдауды бір ел ішінде ұсына алады: жалпыұлттық режим мен ағылшын құқығына негізделген АХҚО.

Ол бір парадоксты да мойындады. Цифрлық активтермен жұмыс істеу құқығы тек АХҚО-да болған кезде, «қанша парадокс болса да, нарық онша дамымады». Өсім екінші деңгейдегі банктер нарыққа жіберілгеннен кейін ғана басталды.

Сүлейменов қос юрисдикцияны бірегей деп атады: «Қайда қарасаң да, айналамызда мұндай ешкімде жоқ». Әбілқасымова екі реттеушінің қарым-қатынасын жаңа сөзбен сипаттады: «Біз енді біріктіру туралы айтпаймыз, бізде жаңа термин бар — жақындасу».

Бірақ бұл бірегейлік ұзаққа созылмайды. 2026 жылғы 13 шілдеде Өзбекстан президенті Ташкент халықаралық қаржы орталығы туралы конституциялық заңға қол қойды. Орталықтың ерекше құқықтық режимі ағылшын құқығына негізделеді, іске қосылуы 2027 жылдың басына жоспарланған.

Ұлттық юрисдикцияның жанында DIFC мен ADGM жұмыс істейтін Дубай үлгісі Орталық Азияға бірнеше нұсқада келіп жатыр. Бектұров айтқан юрисдикциялар бәсекесі енді аймақтық сипат алады.

Ашықтық өскен сайын алаяқтық та өседі

Рельс пен интеграция көбейген сайын шабуыл жасайтын нүкте де көбейеді. Санжар Жамалов тәсілдің өзгергенін атап өтті. Бұрын ереже оқиғадан кейін жазылатын, енді «алаяқтықпен алдын ала күресуіміз керек». Ал көп рельсті әлемде Mastercard-тың рөлі, оның сөзінше, «тек кеңейіп келеді».

Қатердің ауқымы шынайы, бірақ айтылған цифрларға мұқият қараған жөн. Statista киберқылмыстан келетін жалпы шығын 2029 жылға қарай 15,63 трлн долларға жетеді деп болжайды. Алайда бұл — өте кең баға: оған клиенттерден ұрланған ақша ғана емес, жұмыстың тоқтап қалуы мен жүйені қалпына келтіру шығыны да кіреді. Нақтырақ цифр басқа: Global Anti-Scam Alliance бағалауынша, 2024 жылы адамдар онлайн-алаяқтықтан шамамен 442 млрд доллар жоғалтқан.

Қазақстандағы антифрод орталығы нәтиже көрсетіп отыр. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ол 127 млрд теңгенің алаяқтық операцияларын бұғаттауға көмектесті.

Әлемдік күн тәртібі одан әрі жылжыды: енді басты сұрақ — жәбірленушіге ақшаны кім қайтарады. Ұлыбритания 2024 жылғы қазаннан бастап төлем провайдерлерін клиенттің өзі рұқсат берген аударымдар арқылы жасалған алаяқтық шығынын өтеуге міндеттеді. Бразилия ақша қайтару тетігін Pix-тің өзіне енгізді: кеңейтілген MED 2.0 тетігі 2026 жылғы 2 ақпаннан бастап барлық қатысушыға міндетті болды.

Алматы сахнасында алаяқтық үшін жауапкершілікті бөлу мәселесі мүлде көтерілген жоқ. Сірә, бұл Қазақстанның реттеу саласындағы келесі тақырыбы болмақ.

Суперқосымшаны экспорттау

Жұмағұлов қазақстандық финтехтің басты күшін платформа құра білуден көреді: «Біз тек өнімді немесе технологияны экспорттамаймыз. Біз білімімізді, тәжірибемізді, тәсіліміз бен әдісімізді экспорттаймыз».

Freedom бұл сөзін мәмілемен бекітті: Түркия реттеушілері Turkish Bank A.Ş. акцияларының 99,32 пайызын сатып алуды мақұлдады. Батыстың өзі суперқосымша үлгісіне бет бұрып келеді, X Money соның мысалы.

Ал Revolut мысалы оптимистік тезиске қарсы жұмыс істейді. Қазақстанда Revolut жеңілдетілген Revolut Lite қосымшасын жауып, пайдаланушыларға тек криптовалюта айырбастау мүмкіндігін қалдырды. Цифрлық банкингті экспорттау технологияға ғана емес, лицензия мен жергілікті бәсекеге де тіреледі.

Суперқосымша құрушылар Қытай сабағын да ұмытпағаны жөн. 2020 жылы Қытай реттеушілері Ant Group-тың IPO-сын тоқтатып, Alipay экожүйесін қайта құруға мәжбүрледі. Суперқосымша реттеуші рұқсат еткен шамада ғана өседі.

Технооптимизм — ұстаным

Жұмағұлов өз сөзін тілекпен аяқтады: «Бүкіл нарыққа технооптимист болып қала беруді тілеймін, өйткені технология бізге алға батыл қадам басуға мүмкіндік береді». Модератор залда технопессимистер бар ма деп сұрағанда, ешкім қол көтерген жоқ.

Әлемде бұл дау әлі бітпеген. Марк Андриссен «Технооптимист манифесінде» (2023) технологияның өзі гүлденуге жетелейді дейді. Нобель сыйлығының лауреаты Дарон Аджемоглу мен Саймон Джонсон «Power and Progress» кітабында басқаша жауап береді: технологияның игілігі институттар қай арнаға бұрса, сол жаққа бөлінеді.

Қаржы нарығы үшін бұдан да нақты өлшем бар. Экономист Томас Филиппон АҚШ-та қаржылық делдалдықтың құны жүз жылға жуық уақыт бойы шамамен 2 пайыз деңгейінде тұрғанын көрсетті. Технологиялық толқындардың бәріне қарамастан, ол іс жүзінде төмендеген жоқ. Сүлейменовтің қорытынды формуласын дәл осы өлшеммен бағалаған жөн: «Бар бәлішті қайта турамау, тілімдеп бөлмеу керек, керісінше, бәлішті үлкейту керек».

Бұл тезистің орындалған-орындалмағанын бір-екі жылдан кейін бірнеше көрсеткіш арқылы тексеруге болады:

  • бірінші санаттағы төлем ұйымдарының қаншасы лицензия алып, төлем нарығының қандай үлесін иеленеді;

  • Бірыңғай QR үнді сценарийін — шоғырланудың қосымшалар деңгейіне көшуін — қайталамай ма;

  • астық токендерімен нақты мәмілелер жасала ма;

  • қаржы қызметі қазақстандықтар үшін арзандай ма.

Реттеушілер, өз сөздеріне қарағанда, өз үлестерін атқарып қойды. «Енді бизнес ілесуі керек», — деді Тимур Сүлейменов. Мәселе мынада: көршілер өз қаржы орталықтарын, әлемдік платформалар өз суперқосымшаларын салып жатқанда бизнес үлгере ме?

Аударма
Мақаланы басқа тілде оқыңыз
Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 20 қыркүйек 2026, 17:54

Ұқсас мақалалар

Зейнетақыдан шешкен миллиондарыңыз күйіп кетуі мүмкін

Зейнетақыдан шешкен миллиондарыңыз күйіп кетуі мүмкін

Үкіметтің 6 жылдық қатал ережесі өз мәресіне жетуге таяу: Отбасы банкіндегі зейнетақы жинағыңыз күйіп кетпес бұрын шұғыл түрде жасалуы тиіс жалғыз әрі ең басты әрекет

|Цифрлық қоржын
«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау 31 тамызда басталады

«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау 31 тамызда басталады

Қазақстандық әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 31 тамыздан басталады. Бағдарлама арқылы бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға болады. Бұл жолы бағдарлама талаптары жаңартылып, несие сомасы 50 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

|Цифрлық қоржын
Мемлекеттік қарыз өссе де, сыртқы борыш азайып келеді

Мемлекеттік қарыз өссе де, сыртқы борыш азайып келеді

Қазақстанның мемлекеттік қарызы өскенімен, оның құрылымында маңызды өзгеріс байқалды. DALA INSIDE Telegram арнасының мәліметінше, Үкімет сыртқы қарызды біртіндеп азайтып, қаржыландырудың басым бөлігін ішкі нарыққа бағыттай бастаған. Сарапшылар мұны қаржылық тұрақтылықты күшейтетін оң үрдіс деп бағалайды.

|Цифрлық қоржын
Қазақстан шетелдік мұнай алпауыттарынан неге 160 млрд доллар талап етіп отыр?

Қазақстан шетелдік мұнай алпауыттарынан неге 160 млрд доллар талап етіп отыр?

Қазақстан мұнайынан түскен табыстың 98 пайызы шетелдіктердің қалтасына кеткенін білдіңіз бе? Ширек ғасыр бойы халықтан тарс жасырылып келген құпия келісімшарттардың шындығы әшкереленіп, жүз мың теңгенің затын он миллионға рәсімдеп, шығынды қолдан өсірген батыс алпауыттарынан Астана енді халықаралық төрелік сот арқылы 160 миллиард долларды өндіріп алмақ.

|Цифрлық қоржын
Тегін ақшаның сұрауы қатал: Мемлекеттік грантқа өтінім берудің жаңа талабы

Тегін ақшаның сұрауы қатал: Мемлекеттік грантқа өтінім берудің жаңа талабы

Мемлекет берген әрбір тиынының сұрауын қатайтып, бюрократиялық сүзгіні күшейтіп отыр.

|Цифрлық қоржын
Қазақтардың шын ата-бабасы кім және Ресей бұдан неге өлідей қорқады?

Қазақтардың шын ата-бабасы кім және Ресей бұдан неге өлідей қорқады?

80 жыл бойы қазақтан жасырылған ұлы шындық ашылды! Қазақстанның өзін ресми түрде Алтын Орданың тікелей мұрагері деп жариялауы Кеңестік жалған тарихтың күл-талқанын шығарып, Мәскеудің зәресін алуда. Белгілі тарихшы Жақсылық Сәбитов «Exclusive» журналына берген сұхбатында ұлттық санадағы бұл батыл қадамның астарында қандай үлкен саясат жатқанын және көршілердің біздің шынайы тамырымызбен қауышқанымыздан неге өлідей қорқатынын ашып айтты.

|Тарих
LiveInternetZERO.kz