Жасанды интеллектінің тісі батпайтын 1000 есеп: ғалым жаңа жинақ шығарды
Бүкіл әлем жасанды интеллектінің мүмкіндігіне таңғалып жатқанда, қытайлық ғалым оны тығырыққа тірейтін 1000 есеп дайындап қойды

Жасанды интеллект күрделі математикалық есептерді бірінен соң бірін шешіп жатқан заманда, қытайлық математик Сунь Чживэй адамның білуге деген құштарлығы мен дұрыс сұрақ қоя білу қабілеті бұрынғыдан да маңызды деп есептейді.
Нанкин университетінің 61 жастағы профессоры талай жылдан бері сандар теориясының ең күрделі бағытын зерттеп келеді. Осы уақыт ішінде ғалым әлемдік математика қауымдастығының алдына мыңнан астам жаңа есеп тастады.
Дәстүрлі білім беру жүйесі дайын формулаларды жаттатуға, белгілі теоремаларды дәлелдеуге сүйенеді. Ал Сунь нағыз прогресс интуицияға сеніп тың сұрақ табудан, содан кейін оны логикаға салып шешуден басталады дейді.
«Қандай да бір ғылым саласында жаңа гипотеза айтылмаса, ғалымдар не істерін білмей дағдарады, сөйтіп ол сала тоқырауға ұшырайды. Жасанды интеллект математикадағы барлық есепті шеше алмайды. Сондықтан математиктердің үрейленуіне негіз жоқ. Керісінше, нейрожелі ғалымдардың уақытын үнемдеп, жасанды интеллектінің шамасы жетпейтін істерге — жаңа әдістер мен тың теориялар жасауға жол ашады», — дейді профессор China Science Daily басылымына берген сұхбатында.
Ғалым жасанды интеллектіні білімді, еңбекқор әрі алғыр аспирантындай көреді. Қиын есепті тапсырған кезде оған бағыт-бағдар беріп, қажет болса, шешу стратегиясын өзгертіп отырады. Тіпті қулыққа да барады: нейрожелі берілген есептің әлемде әлі шешілмегенін біліп қойып, бас тартпауы үшін оның интернетке кіру мүмкіндігін бұғаттап тастайды.
Еңбек жолын қатардағы «есеп шығарушы» болып бастаған Сунь 1900 жылы тұжырымдалған Гильберттің оныншы проблемасын зерттеуде елеулі нәтижеге қол жеткізген. Оның ғылымдағы көзқарасын 2005 жылы Калифорния университетіндегі (Ирвайн) іссапары түбегейлі өзгертті. Онда Сунь заңдылықтарды табу үшін компьютерлік бағдарламаларды шебер қолданатын америкалық әріптесімен танысып, мүлде жаңа тәсілді көреді.
Содан 2009 жылы Mathematica есептеу жүйесін өз бетінше меңгеріп алады. Бұрын қолмен есептеуге қыруар уақыт кететін, тіпті тексеру мүмкін емес мыңдаған нұсқаны компьютердің көмегімен лезде сараптай бастайды.
Биыл профессор шешімі табылмаған 1000 гипотезасын топтастырып, 400 беттен асатын жинақ құрастырды (кітап әзірге жалпы оқырманға қолжетімді емес, бірақ 100 гипотезасы енген Open Conjectures on Congruences атты еңбегі желіде бар). Сонымен қатар ғалым ресми парақшасында арнайы тізім жариялап, ондағы гипотезаларды дәлелдеген адамға өз жалақысынан қаржылай сыйақы тағайындаған.
Профессордың пікірінше, жасанды интеллектінің ғылыми зерттеулерді өзгертіп, ақиқатты табуға септігін тигізіп жатқанын тек қолдау қажет.
«Егер математикаға тек атақ пен ақша үшін келсеңіз, жасанды интеллект жұмыссыз қалдырады деп қорқуыңыз заңды. Ал мақсатыңыз ақиқатты іздеу болса, онда жасанды интеллектінің ғылымды қалай дамытып жатқанына қуануыңыз керек», — деп түйіндейді ғалым.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










