Диккенс және Z ұрпағы: «Асқақ үміттің» азабын тартқандар
«Мен Z ұрпағына жаным ашиды, – дейді сарапшы Карлссон-Шлезак Fortune басылымына берген сұхбатында. – Олар смартфон революциясының алғашқы құрбандары болды. Ата-аналары мен мұғалімдері жастарға TikTok пен шынайы өмірдің аражігін ажырататын тиімді фильтр орнатуға көмектесе алмады».

«Қазір баспаналы болу үшін қыруар байлық керек, ал кез келген жиһаздың бағасы осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда үш есе қымбаттап кетті».
Мұндай пікір TikTok-тағы кезекті трендтен немесе танымал блогердің жазбасынан алынбаған. Сөз болып отырған үзінді «Z ұрпағы» (Gen Z) ұғымы өмірге келмес бұрын, яғни 1866 жылы Hall’s Journal of Health журналында жарық көрген «Ерлер неге сөз салмайды?» мақаласынан алынған.
Fortune басылымының бизнес-редакторы Ник Лихтенберг жаңа мақаласында бүгінгі жастардың уайымын дәл сол тарихи дәйексөзбен байланыстырады. Ол BCG Макроэкономика орталығы жариялаған «Жастардың жағдайы жақсы: Жаңа буынның ақшаға қатысты бітпейтін уайымы» баяндамасын негізге ала отырып, қоғамдағы жаңсақ пікірлерді талдайды. Экономистер Филипп Карлссон-Шлезак, Пол Шварц және Генри Рубин дайындаған зерттеуде «қазіргі ұрпақ құрдымға кетіп барады» іспетті таптаурын түсініктің сандармен бетпе-бет келгенде тас-талқан болатыны дәлелденген. Ник Лихтенбергтің атап өтуінше, сарапшылардың есебі Z ұрпағының дәл қазіргі жасындағы Миллениалдарға, X ұрпағына немесе Бумерлерге қарағанда әлдеқайда дәулетті екенін көрсетіп отыр.
Бірақ парадокс мынада: Z ұрпағы өздерінің қаржылық жағдайына келгенде тарихтағы ең пессимист буын саналады. Барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша өркендеп тұрған, алайда өзін шексіз бақытсыз сезінетін ұрпақ — мақала авторының пікірінше, дәл Чарльз Диккенс шығармаларына арқау еткен қарама-қайшылықтың нағыз өзі.
Диккенстің «Екі қаланың хикаясы» романындағы әйгілі бастама бәрімізге таныс: «Ең жақсы уақыт еді, ең нашар уақыт еді... жарық маусымы еді, түнек маусымы еді, үміт көктемі еді, үмітсіздік қысы еді».
Бизнес-редактор Ник Лихтенберг BCG ұсынған деректердің жалпы бейнесі дәл сол сөздерді еске салатынын жазады. Орталықтың бас экономисі Карлссон-Шлезактың қызметіндегі басты міндеттердің бірі — экономикалық фактілерге қатысты мифтермен күресу.
«Мен Z ұрпағына жаным ашиды, – дейді сарапшы Карлссон-Шлезак Fortune басылымына берген сұхбатында. – Олар смартфон революциясының алғашқы құрбандары болды. Ата-аналары мен мұғалімдері оларға TikTok пен шынайы өмірдің аражігін ажырататын тиімді фильтр орнатуға көмектесе алмады».
Дегенмен, Ник Лихтенберг мақаласында сандардың алдамайтынын алға тартады.
Кіріс бойынша Z ұрпағы Бумерлерден бергі ең үлкен алшақтықты көрсетіп, алға озып кетті: қазіргі 28 жастағы Z буынының өкілдері тұрақты доллар бағамымен орташа есеппен $42 000 табады. Көрсеткіш дәл сол жастағы Миллениалдардың табысынан 25%-ға, ал Бумерлердікінен 50%-ға жоғары.
Дәулет (капитал) мәселесіне келгенде, жас буынды жеке-дара бағалауға әлі ерте. Алайда, Ник Лихтенберг зерттеуге сүйене отырып, Миллениалдар мен Z ұрпағын қосып есептегенде бүгінгі жастардың алдыңғы буындардан әлдеқайда қара үзіп кеткенін көрсетеді. Мәселен, 34 жастағы Миллениалдардың орташа таза капиталы $331 000 құраса, дәл сол жаста X ұрпағында $251 000, ал Бумерлерде небәрі $229 000 тіркелген.
Бірақ жастардың көңіл-күйі мен экономикалық болжамдары мүлдем басқаша. Соңғы 40 жыл бойы егде жастағы адамдар экономикаға қатысты жастарға қарағанда пессимист болып келсе, 2025 жылы тенденция күрт өзгерді. Тарихта алғаш рет жастар аға буынға қарағанда үмітсіз күйге түсті. SoFi/YouGov жүргізген сауалнама көрсеткендей, жастар бүгінде табыстың тек қаржылық жағына емес, ақшаның қаншалықты «эмоционалдық қайтарым» әкелетініне көбірек бас қатырады.
Мақала авторы сарапшылардың мінсіз әлем суреттеп отырмағанын нақтылайды. Студенттік несиелер — шынайы проблема; ірі қалалардағы баспана расымен де қымбаттады. Бірақ жалпылама алғанда, жастардың қаржылық әлеуеті өсіп келеді.
Ник Лихтенберг өз материалында «К-тәрізді экономика» (байлар байиды, кедейлер құлдырайды) теориясын жоққа шығарады. 2020 жылдан бері табысы ең төменгі топтағылардың жалақысының өсу қарқыны ең жоғарғы топтағылардан асып түскен. Сондай-ақ, Z ұрпағы тәуекелге өте бейім: олардың 77%-ы өз бизнесін аша алатынына сенеді, ал криптовалютаға инвестиция салу жағынан олар Бумерлерден төрт есе алда.
Сауалнамаларға сәйкес, Z ұрпағы өзін «қаржылық тұрғыда табыстымын» деп сезіну үшін жылына $600 000 (АҚШ-тағы ең бай 1% адамның табысы) табу керек деп санайды. Бумерлер үшін аталған көрсеткіш $100 000 деңгейінде бекіген еді.
Автор алшақтықты «қаржылық дисморфиямен» түсіндіреді. Оның басты себебі — әлеуметтік желілердегі шынайы өмірге қатысы жоқ, жасанды байлықты көру. Лихтенберг жаңа буынға интернеттегі «виртуалды жалтырақтардан» арылып, нақты шынайылыққа көз жеткізетін фильтр қажет екенін баса айтады.
«Жастардың жағдайы жақсы» тезисінің сүрінетін жері — баспана мәселесі екеніне автор да келіседі. Қазір орташа статистикалық үйді сатып алу үшін 6 жылдық толық табыс қажет (1975 жылы көрсеткіш 3,5 жылды құрады). Алайда, қазіргі жаңа үйлердің аумағы бұрынғыдан 50%-ға үлкен. Демек, шаршы метрге шаққандағы қолжетімділік аса қатты өзгермеген. Басты проблема — жастардың 90%-ы инфрақұрылымы дамыған ірі қалаларда тұрғысы келеді. Дегенмен, 40 жасқа таяғанда олардың көбі қала шетіне көшіп, үй алу көрсеткіші бойынша алдыңғы ұрпақты қуып жетеді.
Мақаланың соңында Ник Лихтенберг қазіргі жастардың психологиясын Чарльз Диккенс шығармаларымен шебер байланыстырады. «Асқақ үміттер» (Great Expectations) романындағы Пип кенеттен үлкен байлыққа кенеліп, соқыр иллюзияның жетегінде кетсе, Диккенстің сүйікті кейіпкері Дэвид Копперфилд — кедейліктен қажырлы еңбек пен сабырдың арқасында көтерілген бейне. Сәйкесінше, аспаннан түскен байлық пен маңдай термен құрылған өмірдің айырмасы көрінеді.
Ник Лихтенберг экономист Карлссон-Шлезактың сөзімен мақаласын былай қорытындылайды: «Диккенс бүгінгі Z ұрпағына қарап: «Олар Дэвид болуға ұмтылуы керек еді, бірақ өз еріктерімен Пиптің жолын таңдап жатыр», – дер еді». Демек, жастардың басты мәселесі экономикада емес, виртуалды әлем тудырған бұрмаланған үміттерде жатыр.

Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










