ДНҚ-сы түзетілген сақшылар: 1,2 миллиард долларға бағаланған стартап қызметтік иттер тапшылығын қалай шешпек?
АҚШ барлау қызметі мен миллиардерлер құпия түрде «супер-иттер» жасап жатыр: Бомбаны алыстан сезетін, ауырмайтын гендік мутанттар соғыс даласына қашан шығады?

Ғылыми фантастика кино экрандарынан шынайы өмірге біртіндеп көшіп келеді. Кеше ғана жойылып кеткен мамонт пен додо құсын тірілтуді мақсат еткен биотехнологиялық алпауыт пен Пентагонның ең сүйікті қорғаныс мердігері күш біріктірді. Олардың ортақ туындысы робот та емес, дрон да емес — гендік деңгейде жетілдірілген нағыз тірі иттер.
Жуырда көлеңкеден шығып, ресми түрде таныстырылған Warhound стартапы әскерилерге, полиция мен құтқарушыларға арналған жаңа буын иттерін шығармақ. Жобаның артында кімдер тұрғанына қарап-ақ, мәселенің қаншалықты байыпты екенін аңғару қиын емес. Бір жағында — Colossal Biosciences компаниясының басшысы Бен Ламм, екінші жағында — заманауи әскери дрондар мен автономды жүйелер жасайтын Anduril негізін қалаушы Палмер Лаки.
Стартап ә дегеннен 200 миллион доллар инвестиция тартып, компания құны бірден 1,2 миллиард долларға бағаланды. Қаржы құйғандардың қатарында Sequoia, 8VC, Corner Ventures секілді алпауыт қорлармен қатар, АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) венчурлық қоры — In-Q-Tel де бар. Яғни, арнайы қызмет бұл жобадан үлкен потенциал көріп отыр.
Қазіргі соғыс пен қауіпсіздік саласы роботтарға қанша иек артса да, иттің иіс сезу қабілеті мен ептілігіне жететін техника әлі шыққан жоқ. Жарылғыш заттарды табу, үйінді астынан адам іздеу немесе тар жерлердегі арнайы операцияларда төртаяқты сақшылардың орны бөлек. Алайда АҚШ армиясы үлкен тығырыққа тірелген. Бүгінде америкалық әскери иттердің 80 пайыздан астамы Еуропадан сатып алынады. Ең сорақысы — сол шетелден келген күшіктердің тең жартысы қатаң әскери дайындықтан өте алмай, жарамсыз болып қалады. Бірінің көзі нашар көреді, енді бірінде тұқым қуалайтын қатерлі ісік, буын аурулары немесе бұлшықет әлсіздігі шығады. Нәтижесінде, уақыт та, қаржы да желге ұшады.
Бір жыл бұрын конференцияда кездесіп қалған Ламм мен Лаки осы мәселені талқылай келе, табиғаттың қателігін зертханада түзету туралы тоқтамға келген. Warhound-тың жоспары қарапайым әрі батыл: Colossal Biosciences мамандары әскери қызметте ең үздік саналатын екі тұқымды — бельгиялық малинуа мен неміс овчаркасын негізге алды. Ғалымдар ең мықты деген иттердің тірі жасушаларын алып, арнайы биобанкке жинақтаған.
Ендігі кезек — гендік редакциялауда. Ғалымдар иттің ДНҚ тізбегінен тұқым қуалайтын ауруларға жауап беретін әлсіз гендерді қиып тастап, орнына төзімділікті, жылдамдықты, ептілікті және ең бастысы — иіс сезу рецепторларын күшейтетін гендерді қоспақ. Осылайша, ауырмайтын, ұзақ жасайтын және бомбаны бұрынғыдан да тез табатын «жаңа типтегі ит» дүниеге келмек. Бұл іске Colossal-дың еншілес компаниясы — жануарларды клондаумен айналысатын Viagen тартылған. Бен Ламмның айтуынша, алғашқы клондалған күшіктер келесі жылдың басында туылады, ал екі жылдан кейін олар сапқа тұрып, қызметке кірісуі тиіс.
Жоба тек генетикамен шектелмейді, мұнда Палмер Лакидің Anduril компаниясы да өз үлесін қосады. Олар иттің миына чип салмайды — барлық жабдық сырттай кигізіледі. Әңгіме арнайы қорғаныс көзілдіріктері мен ақылды бронежилеттер туралы болып отыр. Оқ өткізбейтін кеудешеге орнатылған сенсорлар иттің айналасында не болып жатқанын, оның жүрек соғысын, бағытын нақты уақыт режимінде кинолог-сарбазға жіберіп отырады. Бұл — иттің өзін ғана емес, оның соңынан ерген адамдардың да өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін тактикалық жүйе. Қызық дерек: Палмер Лаки жобаның идеялық серіктесі болғанымен, компанияда жеке үлесі жоқ. Ал Colossal өз технологиясын лицензия ретінде беріп, Warhound-тың акционері атанған.
Әрине, «гендік модификацияланған әскери ит» деген тіркес кез келген адамды секемдендіреді. Қызметі аяқталған соң бұл иттер қайда барады және олар қарапайым адамдарға шабуыл жасамай ма деген сұрақ туады. Бен Ламм бұл жағынан алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Олар да кәдімгі қызметтік иттер сияқты стандартты жаттығудан өтеді және оларды сатып алған ведомстволардың — Пентагон, полиция мен құтқару қызметтерінің толық бақылауында болады. Бағасы әзірге белгісіз, бірақ үкіметтік құрылымдармен алдын ала келіссөздер басталып кеткен.
Сонымен қатар, қоғам тарапынан туатын сынның алдын алу үшін Warhound бастапқы кезеңнен-ақ Америкалық гуманистік қоғаммен (American Humane Society) тізе қосып жұмыс істеуде. Бұл ұйым иттерді жаттықтыру процесінің этикалық нормаларға сай болуын қадағалайды. Ал иттер «зейнетке» шыққанда, арнайы бағдарлама арқылы бейбіт өмірге бейімделіп, жаңа иелеріне табысталмақ.
Қалай десек те, биоинженерия енді тек медицина мен ауыл шаруашылығының құралы емес. Warhound жобасы сәтті іске асса, алдағы бірнеше жылда қорғаныс саласында тірі организмдерді тапсырыспен жобалау қалыпты құбылысқа айналуы әбден мүмкін.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










