Викингтер жазуды Ұлы Даладан ұрлаған ба?
Скандинав руналары мен көне түркі бітігі - бір әліпбидің екі нұсқасы деген пікір интернетте мыңдаған рет қайталанды. Ғылым бұл болжамды бес тармақ бойынша тексерді. Нәтиже екі жақтың да көңілінен шықпайды.

Екі әліпбиді қатар қойып, астындағы атауын жауып тастаңыз. Дәл сол тік сызықтар. Дәл сол өткір бұрыштар. Жебеге, найзаға, төңкерілген айыртұмсыққа ұқсас таңбалар. Бұрын-соңды екеуін де көрмеген адам алдында бір жазудың екі нұсқасы тұрғанына кәміл сенеді.
Ал шындығында олардың арасы — алты мың шақырымнан астам жер және жеті ғасырға жуық уақыт.
Сондықтан сұрақ заңды: викингтер жазуды даладан алды ма, әлде түркілер германдықтардан көшірді ме? Немесе екеуінің артында бір кездегі ортақ еуразиялық мәдениеттің ізі тұр ма? Бұл сұрақтың жауабы бар — және ол ұқсастықты көзбен өлшеуден әлдеқайда күрделі.

Күлтегін ескерткіші, 732 жыл. Орхон аңғары, Моңғолия.Фото: Vezirtonyukuk / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0
Ұқсастық шын, бірақ оның себебі көңіл көншітпейді
Ең әуелі бір техникалық жайтты ұғу керек. Тік сызық, бұрыш, айқыш, жебе ұшы — бұлар алфавиттік жазудың ең қарапайым геометриялық фигуралары. Мұндай пішіндер адамзат тарихында бір рет қана пайда болатындай ерекше емес.
Оның үстіне екі жазу да бастапқыда қатты бетке ойып жазуға бейімделген. Ағашқа, сүйекке, металға, тасқа. Қаламмен папируске жазылған әріпті доғал етіп жазуға болады, ал пышақпен ағаш талшығын көлденең тіліп ойғанда тік және қиғаш сызық әлдеқайда ыңғайлы. Қиғаш сызық ағаш талшығының үстінде анық көрінеді де.
Дәл осы механизмді швед ғалымы Стаффан Фриделль 2025 жылы «Futhark» халықаралық руналық зерттеулер журналында жариялаған мақаласында егжей-тегжейлі талдады. Ол латын әліпбиінен рунаға көшкенде көлденең сызықтар қиғаш сызыққа, доғалар бұрышқа айналатынын көрсетті — таңбаны тезірек әрі дәлірек ою үшін.
Яғни ұқсастықтың басты себебі — туыстық емес, материал. Екі халық та қолындағы құралға бейімделіп, ұқсас шешімге келді.
Бірақ бұл — жауаптың ең жеңіл бөлігі ғана.
Викинг руналары туралы үш жаңсақ пікір
Біріншіден, интернетте «викинг руналары» деп көрсетілетін 24 таңбалы үлкен футарк (Elder Futhark) — шын мәнінде викинг дәуірінен әлдеқайда бұрынғы жазу. Сенімді мерзімделген алғашқы герман рун жазулары б.з. II ғасырына жатады: қару-жараққа, әшекейге, тарақ сияқты ұсақ заттарға ойылған.
2025 жылдың ақпанында «Antiquity» журналында жарияланған зерттеу бұл шекараны әрі қарай ысырды. Норвегияның Холе жерінде, Свингеруд қорымында табылған құмтас сынықтары бір-біріне сәйкес келіп, бүтін бір рун тасын құрады. Қорымдағы өртелген сүйек пен көмір радиокөміртекті талдаудан өткенде мерзімі б.з.д. 50 — б.з. 275 жылдары аралығына шықты. Бұл — археологиялық тұрғыдан мерзімделген ең көне рун тасы.
Мұнда бір нақтылық маңызды: ғалымдар мерзімдеп отырған нәрсе — таңба ойылған сәт емес, таста табылған археологиялық контекст. Бұл айырма көбіне жаңалық тақырыптарында жоғалып кетеді.

Свингеруд тасы — 31×32 см қызыл-қоңыр құмтас. Қорымның мерзімі: б.з.д. 50 — б.з. 275 жж. Осло Мәдениет тарихы музейі.Фото: Ssu / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0
Екіншіден, викинг дәуірінің негізгі жазуы — 24 таңбалы үлкен футарк емес, 16 таңбалы кіші футарк (Younger Futhark). Ауысу VII–VIII ғасырларда жүріп, шамамен 800 жылға қарай аяқталды.
Бұл жерде қызық парадокс бар: скандинавтардың тіліндегі дыбыс саны азайған жоқ, ал жазу таңбасы 24-тен 16-ға дейін қысқарды. Соның салдарынан бір руна бірнеше жақын дыбысты — мысалы, қатаң және ұяң дауыссызды — бірдей белгілей беретін болды. Мағынасын контекстен табу оқырманның міндетіне айналды.
Үшіншіден, руна — сиқырдың құпия коды емес. Иә, көне герман тіліндегі rūna сөзінің негізгі мағынасы «құпия». Иә, «Үлкен Эддадағы» Один руна білімін алу үшін өзін құрбандыққа шалып, тоғыз түн бойы Иггдрасиль ағашында ілініп тұрады.
Бірақ Дания ұлттық музейінің дерегі бойынша, табылған жазулардың басым бөлігі мүлде күнделікті: иесінің аты, қысқа үндеу, марқұм туралы естелік, сапар туралы мәлімет, ескерткішті тұрғызушының есімі. Швед рун тастары көбіне жол бойына, өткел маңына — көп адам көретін жерге қойылған. Әрі олар міндетті түрде еске алынып отырған адамның моласында тұрмаған.
Викингтер бұл тастарды әшекейлеп бояп та қоятын. Қазір біз оларды сұр түсті деп ойлаймыз, ал VIII–XI ғасырларда олар жарқыраған түсті болған.
Рун жазуы Скандинавиядан тым алыс жерлерден де табылады. Константинопольдегі Айя-София шіркеуінің екінші қабатындағы мәрмәр қоршауда варяг гвардиясының жауынгерлері ойған екі жазу бар: бірінде Хальфдан, екіншісінде Ари деген есім оқылады. Афины Пирей портында тұрған мәрмәр арыстанда да рун жазуы сақталған.

Айя-Софиядағы руна граффити. Тозған жазудан тек «-ftan» — Хальфдан есімі ғана оқылады.Фото: Sourabh.biswas003 / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0
Яғни руна — «құпия код» емес, адам есімін адамның өзінен ұзақ жасату тәсілі.
Бітіг: даланың өз дауысы
Енді шығысқа қарай алты мың шақырым жүріңіз — Моңғолия, Оңтүстік Сібір, Орхон мен Енисей аңғарлары.
Еуропалық зерттеушілер бұл жазуды да «руна» деп атап кетті — тек сыртқы ұқсастығына қарап. Көне түркілер өз жазуын, әрине, футарк демеген. Сондықтан дұрысы — көне түркі жазуы, Орхон-Енисей жазуы немесе бітіг.
Ең әйгілі ескерткіштер Екінші Түрік қағанаты тұсында тұрғызылған:
Тоныкөк бітігі — көпшілік зерттеуші 716–719 жылдар аралығына жатқызады (кейбір нұсқада 720-жылдарға дейін созылады);
Күлтегін ескерткіші — 732 жыл;
Білге қаған ескерткіші — 735 жыл.
Бұлар жай құлпытас емес. Бұл — мемлекеттің өз дауысы. Қағанаттың қалай құрылғаны, жеңістері мен жеңілістері, Қытайға тәуелді болып, қайта тәуелсіздік алғаны және халықты сақтап қалу үшін ұстануға тиіс ережелері жазылған.
Мәтіннің бірі әлемнің жаралуынан басталады: үстіде көк аспан, астыда қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралғаны айтылады. Бірақ бұдан кейін миф бірден саясатқа ауысады. Тасқа қытайлардың алыс халықтарды тәтті сөзбен, асыл сыйлықпен азғыратыны туралы ескерту ойылған. Мемлекеттің орталығы қайда болуға тиіс екені, халықтың неге тәуелсіздігінен айырылғаны айтылады.
Бұл — бір мезгілде ескерткіш те, тарихи шежіре де, саяси бағдарлама да. Билік өз тарихын тасқа қашап жазды — ұмыттырмас үшін және бүлдіртпес үшін.

Тоныкөк бітігі, 716–719 жж. Мәтінді Тоныкөктің өзі бірінші жақтан айтады.Фото: Vezirtonyukuk / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0
Күлтегін мен Білге қаған бітіктерінің мәтінін жазған адамның есімі де сақталған: Йолығ тегін. Есімі белгілі алғашқы түркі авторларының бірі.
Жүйенің өзі де кездейсоқ құрастырылмаған. Таңба саны — шамамен 38–40 (нұсқаларын қалай санауға байланысты). Мәтін әдетте оңнан солға оқылады, сөздер қос нүктеге ұқсас белгімен ажыратылады.
Ең маңыздысы — сингармонизм. Түркі тілдерінде сөз ішіндегі дауыстылар бір-бірімен үндеседі, ал көне бітікші жуан және жіңішке сөздерде бір дауыссыздың әр түрлі таңбасын қолданған. Яғни таңба оқырманға дауыссыз дыбысты ғана емес, қасында қандай дауысты тұратынын да меңзейді. Кейбір дауыстылар мүлде жазылмай, контекстен қалпына келтірілген.
Бұл — қарызға алынған әліпбиді жай көшіру емес. Бұл — тілдің ішкі логикасына қарай қайта құрылған жүйе.
Бітікті қалай оқыды
1889 жылы Николай Ядринцевтің экспедициясы Моңғолиядан Орхон ескерткіштерін тапты. Ескерткіштердің бірінде қытай мәтіні де бар еді, содан зерттеушілер арналған адамдардың есімі мен атағын білді. Бірақ қытай бөлігі жолма-жол аударма емес — екі мәтінді жай салыстыра салу мүмкін болмады.
Дат лингвисі Вильгельм Томсен қайталанатын таңба тіркестерін, олардың сөз ішіндегі орнын талдады. Алғашқы кілттердің бірі — Тәңірі сөзі. Содан кейін Күлтегін есімі, «білге», «қаған» сөздері және «түрік» этнонимі танылды.
Бірақ Томсен бір оғаштыққа тап болды: кейбір дауыссыздар сөз басында үнемі қайталанатын сияқты көрінді, ал түркі тілдері үшін бұл тән емес еді. Шешім оның дауыстылардың бір бөлігі әдейі жазылмайтынын, ал дауыссыз таңбаның өзінде жуан-жіңішке туралы ишарат тұрғанын түсінген сәтінде келді.
1893 жылы 15 желтоқсанда Томсен бітікті оқығанын жариялады. Дәл сол кезде Василий Радлов та ұқсас нәтижеге жетіп келе жатқан еді — ол тіпті мәтіндерді баспадан бірінші шығарды (1894–1895). Бірақ жүйенің кілтін бірінші тапқан Томсен болды.
Мың жылдан астам үнсіз жатқан тастар қайта сөйледі.
Тасқа ғана емес: «Ырық бітіг»
Бітікпен тек мемлекеттік манифест жазылған жоқ. Енисей жазулары әлдеқайда қысқа әрі жеке: көбіне марқұмның туыстарымен, жарық дүниемен қоштасуы.
Ал ең күтпеген ескерткіш — «Ырық бітіг», яғни Бал кітабы. Дуньхуандағы үңгір кітапханасынан табылған, IX–X ғасырға жататын қолжазба. Ішінде 65 ырым бар. Әр ырымның алдында қызыл шеңберлер тұр: төрт қырлы қысқа таяқшаны үш рет тастағанда шыққан нәтиже қай ырымды оқу керегін көрсеткен.
Бұл — көне түркі тіліндегі толық сақталған жалғыз руналық кітап. Әрі ол бір маңызды нәрсені дәлелдейді: бұрышты таңбалар тек тасқа ойылған жоқ — оларды қағазға сиямен де жазған.

«Ырық бітіг» қолжазбасының беті. Дуньхуан, IX–X ғасыр. British Library, Or.8212/161.International Dunhuang Project / Wikimedia Commons, public domain
Материал жазудың пішінін түсіндіреді. Бірақ дәстүр қалыптасқаннан кейін пішін пышақ орнына қылқалам келгенде де сақтала береді.
Ал енді нақты тест
Пішін ұқсастығы — дәлел емес. Лингвистер туыстықты басқаша тексереді. Бес сынақ бар.
1. Таңба саны мен реті. Үлкен футаркта — 24, кішісінде — 16, көне түркі жазуында — шамамен 38–40. Оның үстіне футарктың өз реті белгілі (Швециядағы Кюльвер тасында толық әліпби ойылған), ал көне түркі жазуында әліпби реті сақталған ескерткіш табылған жоқ. Салыстыруға негіз жоқ.

Кюльвер тасы, Готланд, шамамен 400 жыл: үлкен футарктың 24 таңбасы толық ретімен ойылған.Фото: Gunnar Creutz / Wikimedia Commons, CC BY-SA 3.0
2. Дыбыстық сәйкестік. Ұқсас көрінетін таңбалар ұқсас дыбысты бермейді. Екі жүйе арасында заңдылыққа бағынған тұрақты сәйкестік жоқ.
3. Тілдік логика. Герман руналары үндіеуропалық тілге бейімделген. Көне түркі жазуы сингармонизм принципін жүйенің өзіне сіңіріп жіберген. Бұл екеуі мүлде басқа инженерлік шешім.
4. Жазу бағыты. Орхон мәтіндері оңнан солға оқылады. Ерте герман жазулары әр бағытта кете беретін, кейін Скандинавияда солдан оңға қарай жазу басым болды.
5. Хронология мен аралық ескерткіштер. Герман руналары б.з. алғашқы ғасырларында бар болатын, ал әйгілі Орхон ескерткіштері VIII ғасырда ғана пайда болды. Бұл германдықтардың бітіктен көшіргенін бірден жоққа шығарады.
Ал керісінше болуы мүмкін бе? Ол үшін де дәлелдер тізбегі керек: аралық жазулар, таңбалардың бірте-бірте өзгеруі, дыбыстық және реттік сәйкестік. Ондай тізбекті ғылым білмейді.
Байланыс болды ма деген сұраққа келсек — болды. Викинг дәуірінде солтүстіктіктер Днепр мен Еділді бойлап Хазар қағанаты мен Еділ Бұлғариясының әлеміне кірді, Византиямен және ислам Шығысымен сауда жасады. Константинопольде варягтар руна қалдырды, Скандинавияға араб дирхемдері мыңдап жетті.
Бірақ бұл байланыстар — IX–XI ғасырлар. Б.з. басындағы үлкен футарктың шығу тегін түсіндіру үшін тым кеш. Оның үстіне сауда кездесуі — әліпби ауысу деген сөз емес. Адамдар күміс, қару, мата және сөз алмасып, әліпбиін алмай-ақ қоя алады.
Онда екеуі қайдан шыққан?
Бұл жерде екі жақта да нүкте қойылған жоқ.
Герман руналары үшін негізгі үміткерлер — Жерорта теңізі әлемінің жазулары: латын, грек және солтүстік италиялық (этрусктік) жазу. Фриделльдің 2025 жылғы жұмысы латын әліпбиін жалғыз үлгі деп болжам ретінде алады. Бірақ бұл — таласты мәселе: көптеген маман солтүстік италиялық нұсқаны әлі де ең ықтимал деп санайды. Интернетте жиі кездесетін «ғалымдар латын деп шешті» деген тұжырым — жеңілдетілген.
Көне түркі жазуы үшін ең ықпалды гипотеза — арамей дәстүрі, иран жазулары (ең алдымен соғды немесе оған жақын жүйе) арқылы. Венгр түркітанушысы Андраш Рона-Таш бітіктің ерте негізін арамей дәстүрінің көне соғды және армаз жазуларына жақын, бірақ ешқайсысымен тең емес бір тармағы ретінде қалпына келтірді.
Сонымен қатар таңбаларды таңбамен (тамғамен) салыстыру дәстүрі де ұзақ жылдан бері бар. Мәселе мынада: пішін ұқсастығының өзі жеткіліксіз, ал ерте тамғаларды дәл мерзімдеу де, дыбыстық белгі ретінде оқу да әрқашан мүмкін емес.
Бірақ мұның бәрі бітікті «біреуден көшірілген» деп атауға негіз бермейді. Түркілер бөтен әліпбиді далаға жай көшіріп әкелген жоқ: жаңа таңба жасады, ескісін қайта мағыналандырды, жүйені жуан-жіңішке қарсылығына бейімдеді. Сыртқы серпін көне жазу дәстүрінен келген болса да, нәтиже — түркі тіліне дәл өлшеніп жасалған дербес құрылым.
Британ кітапханасының Орта Шығыс және Орталық Азия бөлімінің басшысы Майкл Эрдман бұл мәселеде тұжырымды тікелей айтады: көне түркі жазуының Солтүстік Еуропа руналарымен байланысы жоқ — Батыс Азиядағы алфавиттік жазудың ең ерте ортақ бастауын есептемегенде.
Яғни екі жүйе де өте алыс болашақта алфавиттік жазудың бір үлкен ағашына тіркеледі. Бірақ бұл — қазіргі әліпбилердің ортақ арғы атасы бар дегендей алыс туыстық. Жүйе ретінде олар — бір-бірінен тәуелсіз.
Қазақстандық тұс: Есік жазуы
Бұл әңгіменің бізге тікелей қатысты бір тармағы бар.
Есік қорғанынан табылған алтын адамның қасындағы күміс тостағанда екі жолдан тұратын, 25–26 таңбалы жазу бар. Тостаған қазір Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде сақтаулы.
Оны оқуға 1970 жылы Олжас Сүлейменовтен бастап көп адам талпынды: Кемал Ақышев пен Алтай Аманжолов, кейінгі түрік және еуропалық зерттеушілер. Авторлардың басым бөлігі жазуды көне түркі бітігінің ерте формасы, тілін түркі тілінің көне нұсқасы деп оқыды. Бірақ бәрі емес: венгр ғалымы Янош Харматта мен кейбір басқа зерттеушілер оны мүлде басқа тілдік дәстүрге жатқызды.
Ұсынылған оқулар бір-бірінен түбегейлі алшақ. Бұл — жазудың қысқалығынан және таңбалардың тозуынан туған табиғи жағдай.
Ал 2023 жылы мәселе жаңа арнаға түсті. Кёльн және Вюрцбург университеттерінің зерттеушілері Свенья Бонманн, Якоб Хальфманн, Натали Коробзов және тәжік археологы Бобомулло Бобомуллоев Тәжікстандағы Алмоси шатқалынан табылған қос тілді жазуға және Ауғанстандағы үш тілді Дашт-и Навур ескерткішіне сүйеніп, жетпіс жылдан бері оқылмай келген «белгісіз кушан жазуын» жартылай тарқатты. Кілт болған нәрсе — екі тілде де қатар тұрған «патшалардың патшасы» деген тіркес. Нәтиже Transactions of the Philological Society журналында жарық көрді.
Олардың тұжырымы бойынша Есік тостағанындағы мәтін — дәл сол жүйенің ең ерте үлгісі, ал тілі — шығыс иран тілдерінің бұрын белгісіз бір тармағы. Зерттеушілер жазуды «Есік-кушан жазуы» деп атауды ұсынды. Сол мақалада бұрынғы оқу нұсқалары — Харматтанікі де, Аманжоловтікі де — қайта тексеруге келмейтіні ашық айтылған.
Бұл да соңғы нүкте емес: дешифрлеу әлі жартылай, ал топ Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы жаңа жазуларды зерттеуге грант алып, жұмысын жалғастырып жатыр.
Түйін мынау: Есік жазуын «даладағы түркі жазуының бастауы дәлелденді» деген тұжырымға айналдыру — қазіргі деректер аясында негізден бұрын кететін қадам. Бұл кемшілік емес. Ашық сұрақ — жұмыс істеп тұрған ғылымның қалыпты күйі.

Есік қорғанынан табылған күміс тостаған және ондағы екі жолдық жазу.Фото: eggry / Wikimedia Commons, CC BY-SA 2.0
Пішін ұқсастығы бар — бұл рас. Ал онан әрі ештеңе жоқ.
Таңба саны басқа. Таңба реті салыстырылмайды. Дыбыстық сәйкестік жоқ. Жазу бағыты бөлек. Тілдік логика мүлде өзге. Беріліп отырғанын дәлелдейтін үзіліссіз тарихи тізбек белгісіз. Ал нақты белгілі тікелей байланыстар герман немесе түркі жазуының шығуын түсіндіру үшін тым кеш.
Демек бүгінгі таңда бір жүйенің екіншісінен шыққанын немесе екеуінің бір кездегі ортақ «еуразиялық футарк» болғанын көрсететін объективті дәлел жоқ.
Бірақ мұнда жеңіліс жоқ. Керісінше — бұл қорытынды даланың жазуын «біреудің көшірмесі» деп атауға себеп қалдырмайды. Ұлы Даланың өз жазу дәстүрі, өз мәтіндері болды. Онда билеушілер халыққа Тәңірі атынан үн қатып, ата-баба қателігін қайталамауды ескертті.
Еуропаның суық солтүстігінде де, Азияның ұлы даласында да адамдар бір-бірінен тәуелсіз бір ойға келді: сөздің адамнан ұзақ жасауын қаласаң, оны тасқа қаша.
Негізгі дереккөздер
Solheim et al. «Inscribed sandstone fragments of Hole, Norway: radiocarbon dates provide insight into rune-stone traditions». Antiquity, 2025.
Staffan Fridell. «De äldre runornas bildning». Futhark: International Journal of Runic Studies, 14–15 (2023–2024, жарияланған 2025), 201–206 б.
Дания ұлттық музейі, рун тастары туралы бөлім.
A Database of Turkic Runiform Inscriptions (Уппсала университеті) — белгілі ескерткіштер саны 500-ден асады.
András Róna-Tas. «On the Development and Origin of the East Turkic "Runic" Script». Acta Orientalia Academiae Scientiarum Hungaricae, 41 (1987).
Michael Erdman. «An Omen-filled Exhibition». International Dunhuang Programme / British Library, 2024.
Rykin & Telitsin. Тоныкөк бітігінің мерзімделуі туралы. Journal of the American Oriental Society, 140.2 (2020).
Есік жазуын оқу тарихы: Сүлейменов (1970), Ақышев–Махмудов (1971), Аманжолов (1971–2003), Harmatta (1996).
Bonmann, Halfmann, Korobzow & Bobomulloev. «A Partial Decipherment of the Unknown Kushan Script». Transactions of the Philological Society, 121(2), 2023, 293–329. DOI: 10.1111/1467-968X.12269
Сурет дереккөздері
Барлық суреттер Wikimedia Commons-тан алынды, еркін лицензиямен. Жариялағанда авторды және лицензияны көрсету міндетті.
01_kultigin.jpg— Vezirtonyukuk, CC BY-SA 4.004_svingerud.jpg— Ssu, CC BY-SA 4.005_hagia_sophia.jpg— Sourabh.biswas003, CC BY-SA 4.006_tonyukuk.jpg— Vezirtonyukuk, CC BY-SA 4.007_irk_bitig.jpg— International Dunhuang Project, public domain (British Library, Or.8212/161)08_kylver.jpg— Gunnar Creutz, CC BY-SA 3.009_issyk_bowl.jpg— eggry, CC BY-SA 2.0
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










