Трамп қазақстандық IT-мамандардың грин-карта алу мүмкіндігін кесті
Студенттерден бастап IT-сеньорларға дейін қыспақта: АҚШ-тың жетекші университеттері мен алып компанияларындағы дүрбелең қазақстандықтардың жолын қалай кесті?

АҚШ-қа қоныс аударып, алпауыт IT-компанияларда жұмыс істеуді армандаған қазақстандық мамандар үшін жайсыз жаңалық. Дональд Трамп әкімшілігі Microsoft, Adobe секілді технология алыптары арқылы грин-карта алу бағдарламасын уақытша тоқтатты. Шешім шетелдік білікті қызметкерлердің мұхиттың арғы жағында тұрақтап қалуына үлкен кедергі болмақ.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Еңбек министрлігі ІТ-қызмет көрсететін жетекші жеті компанияның жаңа және қаралып жатқан PERM (тұрақты жұмысқа орналасу) өтінімдерін тоқтата тұру туралы қаулы шығарған. Шектеулер АҚШ үкіметінің жергілікті жұмыс орындарын қорғау және көші-қон саясатын қатайту бағытындағы кезекті қадамы болып отыр. Ақ үйдің жаңа ережесіне сәйкес, енді H-1B жұмыс визасына өтінім беру құны 100 мың долларға дейін шарықтап кетті.
Сонымен қатар, үкімет елдегі визалық алаяқтықпен күресу мақсатында "Отты қабырға" (Project Firewall) жобасын іске қосты. Жоба аясында қазірдің өзінде екі жүзге жуық қылмыстық іс қозғалып, ереже бұзғандарға миллиондаған доллар айыппұл салынған.
Соққы тек корпорацияларға ғана емес, білім ордаларына да тиді. Қазіргі таңда АҚШ-тың жетекші тоғыз университетіне қатысты ауқымды тергеу басталды. Шаралар шетелдік студенттер мен мамандардың елде қалудың түрлі айла-тәсілдерін қолдануына тосқауыл қоюды көздейді.
Дональд Трамп билікке келгелі бері АҚШ-та шетелдіктердің санын азайтып, азаматтық немесе ықтиярхат алу жолдарын барынша шектеуге күш салып келеді. Осы аптада қабылданған қос шешім білікті мамандар иммиграциясына жасалған осы уақытқа дейінгі ең ауыр соққы. Осылайша, әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қазақстаннан барып, Кремний алқабын бағындыруды көздеген талай талантты жастың "америкалық арманы" бұлыңғыр тартып тұр.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










