Өзбекстандық жас кәсіпкер АҚШ нарығына арналған жобасына 380 мың доллар тартты
Алғашқы табысқа жетуге небәрі 10 күн қажет болды: SAT емтиханына дайындықты жеңілдеткен 19 жастағы жастың қарапайым идеясы қалайша АҚШ нарығындағы табысты жобаға айналды?

19 жастағы өзбекстандық Асылбек Ашуров жасанды интеллектке негізделген білім беру платформасын құрып, 380 мың доллар инвестиция тартты. Digitalbusiness.kz сайтының жазуынша, жас кәсіпкер қазіргі уақытта Makon AI жобасын дамытып, АҚШ оқушыларына емтиханға дайындалуға көмектесіп жатыр.
Асылбек Ташкенттен 120 шақырым жерде орналасқан Гулистан қаласында өскен. Мектепте үздік оқыған ол сыныптастарымен бірге Америка университеттеріне түсуге қажетті SAT емтиханына қызу дайындалады. Оқушыларға арналған сапалы материалдардың тапшылығын байқаған жасөспірім 16 жасында досы Камолиддин Яхшиликовпен бірге SAT Makon курсын ашады. Бастама бірден сәтті болып, небәрі бірнеше апта ішінде айлық табыс 5 мың долларға жетеді. Қазіргі таңда аталмыш платформада әлемнің 24 елінен мыңдаған оқушы білім алып жатыр.
Мектепті бітірген соң жас талант әйгілі University of Chicago оқу орнына қабылданып, бірінші курсты аяқтайды. Алайда, кәсібін одан әрі дамыту мақсатында бір жылға академиялық демалыс алуға шешім қабылдайды. Негізгі себеп — АҚШ нарығына бағытталған жаңа Makon AI жобасының іске қосылуы.
Алғашқы оқу орталығы табысты болғанымен, ауқымын жаһандық деңгейде кеңейту үшін мыңдаған мұғалім жалдау қажеттілігі туындаған. Ұстаздар саны артқан сайын сапаны бақылау қиындай түсетіні анық. Сондықтан жігіттер мәселені жаңа технологиялар арқылы шешуді ұйғарады. Жүйе оқушының деңгейін анықтап, дербес оқу жоспарын құрады, қателерімен жұмыс істеуге бағыт береді әрі бейнеролик түрінде түсіндірмелер ұсынады.
Нәтижесі көңіл қуантарлық: орташа есеппен үш айдың ішінде оқушылардың SAT көрсеткіші 150 балға өскен. Жоба негізінен америкалық жоғары сынып оқушыларына арналған. Бүгінде платформада 50 мыңнан астам адам тіркелсе, соның 500-і ақылы жазылымды тұрақты пайдаланады. Жазылым құны айына 39-59 доллар аралығында құбылады. Жоба іске қосылған алғашқы екі айдың өзінде тұрақты айлық кіріс 12 мың долларға жеткен.
Командаға техникалық сарапшы ретінде Асадбек Ноибжонов қосылған соң, үш негізін қалаушы жұмысты толықтай өз қолдарына алды. Олар өнімді дамытуға бар уақытын арнап келеді. Қаржыландыру жағы да сәтті жүзеге асып, жалпы көлемі 380 мың доллар инвестиция тартылды. Оның 300 мыңын 2026 жылдың маусым айында IT Park Ventures, Yoshlar Ventures және AloqaVentures қорлары құйған.
Сонымен қатар, стартап негізін қалаушылар Кремний алқабындағы акселерациялық бағдарламаға қатысып, Пало-Альтода құнды тәжірибе жинап қайтты. Жас жігіттер ауқымдырақ ойлауды үйреніп, әлемдік деңгейдегі сарапшылармен байланыс орнатты. Айта кетерлігі, 2026 жылдың жазында Асылбек туындысын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке де таныстырып үлгерген. Қазіргі уақытта жас кәсіпкерлер халықаралық емтихандарға дайындық процесін барынша қолжетімді әрі жекелендірілген форматқа көшіруді басты мақсат етіп отыр.

Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










