Үш стартап Draper Founders Challenge қорытындысы бойынша Кремний алқабына жолдама алды
Жеңімпаз атанған әр команданың бір өкілі Калифорния штатының Сан-Матео қаласындағы Draper University кампусында тұрады.

Astanahub.com сайтының хабарлауынша, AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Astana Hub Draper University-мен бірлесіп, қазақстандық технологиялық стартаптарға арналған Draper Founders Challenge питч-байқауын өткізді. Іріктеуден өткен он команда сарапшылар алқасына өз жобаларын таныстырды. Байқау қорытындысы бойынша үш жеңімпаз анықталып, олардың өкілдері Кремний алқабына жолдама алды. Енді олар Draper University ұйымдастыратын Hero Training 2027 бағдарламасына қатысады.
«Қазақстандық стартаптар үшін Draper Founders Challenge байқауына қатысу — халықаралық тәжірибе жинап, әлемдік нарыққа нық қадам басу мүмкіндігі. Қазіргі таңда жоба құрылтайшыларына мықты өнім жасаумен шектелмей, оның аясын Қазақстаннан тыс жерлерде кеңейте білу, халықаралық серіктестер мен инвесторлар табу өте маңызды. Hero Training 2027 бағдарламасынан өтіп, Кремний алқабының ортасына ену — жеңімпаздарға кәсіби байланыстарын арттыруға, тың тәжірибе жинап, өз жобаларын халықаралық қауымдастыққа таныстыруға жол ашады. Отандық технологиялық компанияларға осындай жағдай жасау және олардың жаһандық деңгейге шығуына қолдау көрсету – Astana Hub үшін басты міндеттердің бірі», — деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Танат Үскембаев.
Draper Founders Challenge байқауы қазақстандық технологиялық кәсіпкерлерді қолдауға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және стартаптардың жаһандық нарықтағы ауқымын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Байқауға 10 стартап қатысты:
Scano — Аружан Ахмедова, тең құрылтайшы әрі операциялық директор;
HubTalk AI — Виталий Акулов, бас директор;
Basira Intelligence — Ғалымжан Жантөре, техникалық директор;
BEST Vision — Алексей Владимиров, құрылтайшы;
ARLAN BIOTECH — Болат Сұлтанқұлов, бас директор;
Tumar One — Бекарыс Қаби, құрылтайшы әрі бас директор;
Flection.ai — Алекс Пак, құрылтайшы әрі бас директор;
Cortex AI — Асылжан Абдуллаев, бас директор;
SOTA Sport — Тахи Омаров, құрылтайшы әрі бас директор;
SKILLPASS — Дәулетбек Кәрімов, тең құрылтайшы.
Әр командаға жобасын таныстыру үшін 3 минут, ал қазылар алқасының сұрақтарына жауап беруге 2 минут берілді. Стартаптар өз өнімдерін таныстырып, бизнес-модельдері, нарықтағы әлеуеті және жоба аясын одан әрі кеңейту жоспарлары туралы баяндады.
Жобаларды Draper University венчурлық бағытты дамыту жөніндегі вице-президенті Крис Джоанну, Astana Hub басқарушы директоры Танат Үскембаев, Astana Hub Ventures бас директоры Айдана Бергазденова және Activat VC бас директоры Мейіржан Есімханов бағалады.
«Біз өнімді дамытумен қатар, оны халықаралық нарықта қалай кеңейтуге болатынын ойлайтын мықты командаларды көрдік. Стартап үшін өз өнімінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін барынша ерте сынап көріп, ішкі нарықтан тыс тұтынушылармен және инвесторлармен байланыс орнату аса маңызды. Мұндай байқаулар авторларға құнды пікір алуға және өсудің келесі кезеңіне өту үшін қандай қадамдар қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді», — деді Крис Джоанну.
«Жобаларды бағалау кезінде біз тек технологиялық жағына ғана емес, команданың мәселені, өз тұтынушысы мен нарықты қаншалықты жақсы түсінетініне де назар аудардық. Инвестор үшін сұраныстың нақтылануы, жобаны кеңейту әлеуеті және команданың жылдам өсу қабілеті маңызды. Ұсынылған бірқатар жобадан осы факторлардың үйлесімін және халықаралық нарықтарға одан әрі шығу әлеуетін көрдік», — деді Айдана Бергазденова.
Draper Founders Challenge қорытындысы бойынша BEST Vision бас жеңімпаз атанып, Draper University-дің Hero Training акселерациялық бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Тағы үш стартап — ARLAN BIOTECH, Cortex AI және HubTalk AI — Кремний алқабында Draper University-дің екі апталық бағдарламасынан өтетін болды.
Бұл бағдарламалар қатысушыларға Кремний алқабының ортасына енуге, халықаралық стартап-қауымдастықпен танысуға және кәсіби байланыстарын арттыруға мүмкіндік береді.
«Байқаудағы жеңіс және Hero Training бағдарламасынан өту мүмкіндігі — BEST Vision-ды дамытудағы маңызды қадам. Біз өнімді жетілдіру, халықаралық байланыстарды арттыру және жаңа нарықтарға шығуға дайындалу үшін Кремний алқабының озық тәжірибесін пайдалануды жоспарлап отырмыз», — деді BEST Vision құрылтайшысы Алексей Владимиров.
«Draper Founders Challenge бізге өнімімізді халықаралық сарапшыларға таныстырып, оның әлеуеті туралы құнды пікір алуға мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе компания ауқымын кеңейтудің келесі қадамдарын айқындауға көмектеседі», — деді ARLAN BIOTECH бас директоры Болат Сұлтанқұлов.
«Жаһандық нарыққа шығу үшін мықты технологиямен қатар халықаралық тәжірибе де қажет. Бұл байқау бізге кәсіби байланыстарымызды арттырып, өнімді дамытудың келесі кезеңіне өтуге жол ашты», — деді Cortex AI бас директоры Асылжан Абдуллаев.
Жеңімпаз атанған әр команданың бір өкілі Калифорния штатының Сан-Матео қаласындағы Draper University кампусында тұрады. Бағдарламаға қатысу жоба авторларына Кремний алқабының ортасына бейімделіп, халықаралық стартап-қауымдастықпен танысуға және кәсіби байланыстарын арттыруға жол ашады.
Байқауға кемінде MVP (ең төменгі жұмысқа қабілетті өнім) немесе одан жоғары деңгейдегі өз өнімі мен дайын шешімі бар қазақстандық технологиялық стартаптар қатысты. Байқау бағыттары: Physical AI, роботтехника және C-UAS, биотехнология және Life Sciences, кванттық есептеулер, SpaceTech, DefenseTech, авиация және аэроғарыш технологиялары, FinTech, MedTech, HealthTech және SportTech, өнеркәсіптік және биоөндіріс, сондай-ақ логистика, көлік және инфрақұрылым салаларын қамтыды.
Іріктеудің басты талаптарының бірі — нарықтағы сұраныстың нақтылануы. Атап айтқанда, алғашқы тұтынушылардың болуы, пилоттық жобалар, тұрақты табыс, алдын ала берілген тапсырыстар, ниеттестік туралы хат (LOI) немесе өнімнің өзектілігін дәлелдейтін басқа да көрсеткіштер назарға алынды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










