Отбасы банкінің жаңа ережелері салымшыларға қаншалықты тиімді
2026 жылдан бастап Отбасы банкінің салымшылары мен баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін тұрғын үй алудың жаңа ережелері күшіне енеді. Бұл өзгерістер мемлекеттік сыйлықақыны тағайындау тәртібін өңдеп қана қоймай, пәтерлерді кезектегі отбасыларға шаршы метріне емес, бөлме санына қарай үлестіруді көздейді.

Отбасы банкінің салымшылары мен мемлекеттік баспана кезегінде тұрғандарды 2026 жылы біраз өзгеріс күтіп тұр. Мемлекеттік сыйлықақыны тағайындаудың жаңа ережелері, ескі үйлердегі пәтер бағасының құбылуы және кезектегілерге арналған жаңа тәртіп — осының бәрі қоғамда қызу талқылануда. Болашаққа көз жүгіртсек, бұл жаңалықтар біреулер үшін тиімді болса, енді біреулердің қалтасына салмақ салуы әбден мүмкін.
Ең алдымен, мемлекеттік сыйлықақыға қатысты ұсыныстар біршама қатаңдатылмақ. Қазіргі жүйе бойынша салымшылардың депозитіне 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомаға 20 пайыздық үстемеақы қосылатыны белгілі. Ендігі кезекте бұл сыйлықақыны тек мемлекет бюджетінен ғана емес, банктің дивидендтері есебінен де төлеу жоспарлануда. Алайда мұның өзіндік астары бар. Егер салымшы баспана алмай, келісімшартты үзіп, депозитін жауып тастаса, жиналған мемлекеттік сыйлықақы толықтай бюджетке қайтарылады. Оған қоса, ипотека рәсімделген сәттен бастап мемлекеттік сыйлықақы аударылмайтын болады. Қазіргідей несиеге ауысқанға дейін үш жылдай күтіп отырмайды. Әрине, діттеген мақсатына жеткен адамға үстемеақы төлеуді тоқтату қисынды көрінгенімен, салымшылар жылына кем дегенде 150 мың теңгедей көмектен қағылатыны жасырын емес.
Екінші маңызды мәселе — ескі үйлердің бағасы. Отбасы банкі 60 жылға дейінгі үйлерді несиеге алуға рұқсат бергеннен кейін, нарықта баға шарықтап кетті деген алып-қашпа сөз көбейді. Дегенмен, нақты сандар басқаша сөйлейді. Мысалы, Астана нарығында мұндай ескі үйлердің үлесі өте аз болғандықтан, несиелеу шарттарының өзгеруі елордадағы бағаға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Шаршы метрі небәрі бір пайызға жетпейтін мөлшерде, 422 мыңнан 424 мың теңгеге ғана ауытқыды. Алматының өзінде баға керісінше аздап төмендегенін байқауға болады. Яғни, алыпсатарлардың дүрбелеңіне қарамастан, нарық бұл өзгерісті қалыпты қабылдады әрі жасанды баға өсімі байқалмады.
Баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін де бірқатар жаңа ереже күшіне енді. Ең басты жаңалық — 2026 жылдың 14 қыркүйегінен бастап пәтерлер шаршы метрге емес, отбасы мүшелерінің санына қарай бөлмелеп беріледі. Бұл, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін өте тиімді қадам, себебі бұрын 90-110 шаршы метрлік үлкен пәтерлердің тапшылығынан олардың кезегі жылжымай қалатын. Одан бөлек, баспана бөлу процесі жеделдей түспек. Егер бір санаттағы кезекте тұрғандар саны аз болса, мысалы, жетім балаларға бөлінген квота артылып қалса, ол пәтерлер көпбалалы немесе мүгедектігі бар жандарға беріледі. Бұл икемділік баспана күткен жандардың уақытын үнемдейді.
Тағы бір назар аударарлық жайт, енді жалғыз баспанасындағы үлесі 50 пайыздан аспайтын азаматтар да кезекке тұра алады. Сондай-ақ елді мекен басқа қаланың немесе облыстың құрамына өткен жағдайда, азаматтардың кезекке тұрған бастапқы күні сақталады. Әкімшілік шекаралардың өзгеруіне бола қайта кезекке тұрудың қажеті жоқ. Дегенмен, отбасы құрамын кеңейту мәселесі екіұшты шешім болып тұр. Енді ата-аналар мен немерелерді немесе қамқоршыларды отбасы құрамына қосуға рұқсат етіледі (егер олардың соңғы 5 жылда баспанасы болмаса). Бұл үлкенірек пәтер алуға мүмкіндік бергенімен, отбасының жалпы табыс мөлшерін арттырып жіберуі мүмкін. Салдарынан жиырма жылдай кезекте тұрған азаматтар тегін жалға берілетін баспанадан қағылып, жеңілдетілген ипотека санатына өтіп кету қаупі бар. Бұған қоса, ауыл тұрғындарына жалға берілетін тұрғын үйді өздері таңдау құқығы берілмек және банк кезекте тұрғандардың жеке деректерін арнайы рұқсатсыз-ақ жаңарта алатын болады. Бұл бюрократияны азайтып, шынайы жағдайды тез бағамдауға көмектеседі.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










