Алматы облысында 800-ден астам көлік заңсыз тіркелген: 17 адам сотталды
Алматы облысында автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесіне сот үкімі шықты. Олар қылмысқа қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топ екі жыл ішінде заң талаптарын айналып өтіп, 851 автокөлікті тіркеуден өткізген. Соның салдарынан мемлекетке 6,6 млрд теңгеден астам тіркеу және кәдеге жарату алымы түспеген.
Оның ішінде тіркеу алымы бойынша шығын 5,4 млрд теңгені, ал кәдеге жарату алымы бойынша 1,2 млрд теңгені құрады.
Көліктерді қалай заңдастырған?
Алдымен Қазақстанға техникалық регламент талаптарын бұза отырып әкелінген 642 жүк көлігі заңсыз тіркелген. Кейін қылмыстық схема жеңіл автокөліктерге де қолданылған.
Заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұған дейін тіркеліп, кейін есептен шығарылған басқа автокөліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркеуге қойылған.
Қылмыстық схемаға полиция қызметкерлері, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәліметтер енгізіп, көліктерді басқа адамдардың атына рәсімдеуге қажетті сенімхаттар берген.
Мемлекетке қаражат қайтарылды
Тергеу барысында көлік иелері бастапқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеген. Нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Сот қылмыстық жолмен алынған ақшаға сатып алынған бес автокөлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар төрт бұрынғы полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Іске қатысы бар нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










