Секунд ішінде сынған тағдырлар: Қазақстандағы жол қауіпсіздігі туралы деректі фильм жарық көрді
Сіз күнде жүретін жол қаншалықты қауіпті? Неліктен Қазақстанда жыл сайын мыңдаған адам үйіне оралмайды? Жылдамдықты асырғандардың өмірі авариядан соң қалай өзгерді? Бұл сандардың артындағы шындықты естігенде төбе шашыңыз тік тұрады. Барлық шындық осы деректі фильмде: https://www.youtube.com/watch?v=RZd4L-K9VX0

15 қараша — Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні. Бұл тек күнтізбедегі дата емес, мыңдаған отбасының орны толмас қайғысын, үзілген армандар мен бұлыңғыр болжамдарды еске салатын ауыр күн. Жол апатынан қаншама адам қаза тауып, қаншама шаңырақ қара жамылды. Жақынын жоғалтқан жандар үшін бұл қасіреттің орнын ешқандай уақыт емдей алмайды.
Құрғақ статистикаға көз жүгіртсек, төбе шашың тік тұрады. Тек 2025 жылдың 12 айында ғана елімізде 34 146 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2 330 адам ажал құшты. 49 220 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Бұл — бір шағын қаланың халқы бір жылда жолда қырылып, мүгедек болып жатыр деген сөз.
2026 жылдың көрсеткіштері сәл де болса үміт оятатындай: қаңтар–тамыз айларында 21,4 мың апат тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға, ал адам өлімі 15%-ға азайған. Бірінші жартыжылдықта 15 188 оқиға (3,2%-ға төмен) тіркелсе, алғашқы екі айдың өзінде Бас прокуратура 4 062 жол апатын тіркегенін мәлімдеді. Бірақ бұл көрсеткіштердің азаюы көңіл жұбата ала ма? Жоқ. Өйткені бір адамның өлімі де — тұтас бір әлемнің жойылуы. Бұл сандардың артында тірі адамдардың тағдыры, ата-анасының сарғая күткен жанары мен жетім қалған балалардың үміті жатыр.
Осы бір күрделі мәселені қоғам талқысына шығарып, әрбір жүргізушінің санасына сілкініс әкелу мақсатында «Sergek Group» компаниясының қолдауымен Ринат Балғабаев Қазақстандағы жол қауіпсіздігі туралы арнайы деректі фильм түсірді. Туынды — тек ақпараттық емес, адамның жан-дүниесін қопаратын шынайы дүние.
Фильмде апаттан кейін өмірі күрт өзгерген, тағдыры екіге бөлінген адамдардың оқиғалары баяндалады. Жылдамдықты асырудың құны қандай? Көлік жүргізу мәдениетіміз қандай деңгейде? Жолдардың жай-күйі кімді толғандырады? Осы сұрақтардың барлығына жауап ізделген жобада біз де жолдағы қауіпсіздік мәселесі бойынша арнайы сұхбат беріп, сарапшы ретіндегі пікірімізбен бөлістік.
Фильмде жол апаты туралы статистикалық сандардың артында қаншама адамның тағдыры жатқанын ашық көрсетеді. Рөлге отырар алдында әрқайсымыз үйде бізді күтіп отырған жандарымыз бар екенін ұмытпауымыз керек.
Фильмді мына сілтеме арқылы көріп, жақындарыңызбен міндетті түрде бөлісіңіз:
ДОРОГИ. Страшный фильм о ДТП. Документальный фильм
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










