ІІМ Басқару академиясының магистранттары мен докторанттары қан тапсырды
ІІМ Басқару академиясының білім алушылары қаһармандықтың мүлде жаңа, мейірімге суарылған қырын қоғамға танытты. Олардың бұл әлеуметтік бастаманы қызу қолдауы өзге де азаматтарға ой салып, ізгілік эстафетасының кең қанат жаюына қуатты серпін берері сөзсіз.

Қоғам тыныштығын кірпік қақпай күзетіп, ел қауіпсіздігін ту еткен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері тағы бір мәрте толымды ісімен дараланды. Елордамыз Астанада ұйымдастырылған «Батыр бол — қан тапсыр, өмірді құтқар!» атты ауқымды қайырымдылық акциясына ІІМ Басқару академиясының қызыметкерлерімен қатар магистранттары мен докторанттары арнайы қатысып, нағыз патриотизмнің биік үлгісін паш етті. Олар донор атану арқылы үзілгелі тұрған қаншама өмірге араша түсті.
Жалпы, тәртіп сақшысының бейнесі көп жағдайда қылмыспен күрес, төтенше жағдайдағы жанкештілік ұғымдарымен астасып жатады. Алайда, қаһармандық әрдайым қан майданда немесе от кешкен сәтте ғана көрініс таппайды. Нағыз батырлық – мұқтаж жанға үнсіз көмек қолын созу, басқаның өмірі үшін өз қаныңды іркімеу. Академия қабырғасында ғылыммен сусындап, басқару ісін шыңдап жүрген болашақ басшылар мен ізденімпаз ғалымдар – магистранттар мен докторанттар – бұл жолы дәрісханада емес, қан тапсыру орталығында бас қосты. Бұл – қоғам алдындағы азаматтық парыз бен адамгершіліктің теңдессіз көрінісі.
Respublica партиясының Астана қалалық филиалы мен «Re Jastary» жастар қанатының ұйытқы болуымен елордалық Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығында өткен бұл шараның қоғамдық маңызы айрықша. Игі бастамаға білек сыбана кіріскен Академия офицерлері қан тапсырудың қарапайым көрінгенімен, артында тұтас бір тағдырды құтқарып қалатын өмірлік маңызы бар қадам екенін іс жүзінде дәлелдеді.
«Қан тапсыру – өмірге екінші мүмкіндік сыйлау» деген қастерлі қағиданы темірқазық еткен сақшылар үшін бұл қатардағы медициналық рәсім емес. Бұл – кісілік келбеттің, риясыз жанашырлықтың және туған еліне деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын ізі. Олардың бүгінгі тапсырған әрбір тамшы қаны ертеңгі күні жол апатынан зардап шеккен бейкүнә жанның, ауыр ота үстінде жатқан науқастың немесе өмір мен өлім арасында арпалысқан сәбидің деміне дем қосуы әбден мүмкін.
Осылайша, ІІМ Басқару академиясының білім алушылары қаһармандықтың мүлде жаңа, мейірімге суарылған қырын қоғамға танытты. Олардың бұл әлеуметтік бастаманы қызу қолдауы өзге де азаматтарға ой салып, ізгілік эстафетасының кең қанат жаюына қуатты серпін берері сөзсіз. Өйткені, шын батырлар тек шен тағып, қызмет атқарғанда ғана емес, жүрегінің жұмсақтығымен де елге қорған бола алады. Осынау сауапты іске бейжай қарамай, жоғары белсенділік танытқан барлық қатысушыларға риясыз алғысымызды білдіреміз!
Жанар Тұранғазықызы

Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










