Маңғыстаулық археологтар 15 ғасырлық жәдігерді қайта жасады
Үш бетперде мен 64 алтын тақташа: Маңғыстаулық ғалымдар V–VII ғасырдағы бекзат әйелдің сирек бас киімін қалпына келтірді

Маңғыстау түбегінде шамамен 1500 жыл бұрын өмір сүрген көшпелі әйелдің сирек кездесетін сәнді бас киімі қайта жаңғыртылып жатыр. Құнды тарихи мұра өңірдегі Қарақабақ қорымына жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде табылған болатын. Бұл туралы белгілі археолог Андрей Астафьев өзінің жеке парақшасында мәлімдеді.
2019 жылғы қазба жұмыстары кезінде ғалымдар әйел сүйегінің бас тұсынан үш бірдей бетперде, 64 дана ұсақ сәндік тақташа және қызыл жібек матаның сақталған үзінділерін анықтаған еді. Дәл осы сирек кездесетін бөлшектер ежелгі бас киімнің пішіні мен әшекейлену жүйесін дөп басып, толық қалпына келтіруге жол ашты.
Зерттеушілердің пікірінше, Қарақабақ қорымынан табылған жәдігерлер V–VII ғасырларға, яғни ерте орта ғасырлар кезеңіне жатады. Бұл олжалар сол дәуірдегі көшпелі тайпалардың жерлеу ғұрпын, эстетикалық талғамы мен қолөнер шеберлігін айшықтайтын маңызды дереккөз саналады.
Қазіргі таңда археолог Андрей Астафьев 15 ғасыр бұрын жасалған бетперделер мен әйел бас киімінің сәндік элементтерін жасау технологиясын дәлдікпен қайта жаңғыртуда. Реконструкция барысында әрбір бөлшектің алғашқы пішіні, пайдаланылған материалы мен өңделу ерекшеліктері жіті ескерілуде.
Ғалымдар әйел бетпердесінің ағаштан қашалған түпнұсқа негізін тапқан. Соның арқасында оның дәл көшірмесі (репликасы) жасалып, бедерлі өрнектері мен алтын фольгамен қапталған сыртқы қабаты қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, зерделеу жұмыстары аясында ер адам бетпердесінің де ағаш негізі мен оның дәл үлгісі зерттеліп жатыр.
Қайта жаңғыртылған бас киім үлгісі V–VII ғасырлардағы нақты археологиялық деректерге сүйеніп жасалған. Бұл іргелі еңбек ғасырлар қойнауында жатқан көшпелілердің киім кию мәдениеті мен қолөнер құпияларын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Тарихи маңызы зор бұл бірегей жәдігерлер қазіргі уақытта Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.

Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










