Кеме тізгіндеген көшпенділер: Жұмбақ Аспабота қаласы, Каспий көкжалдары және су астына кеткен миллиондар

Тарихшы Радик Темірғалиев атап өткендей, өңірде сауда жасаған орыс көпестері кемелеріне теңізші ретінде тек адай жігіттерін жалдауға тырысқан. Олардың су бетіндегі ептілігіне, қара күшіне және жұлдызға қарап бағыт табатын туабітті теңізшілік қасиетіне тәнті болған.

Жанұзақ Дүйсенбайұлы||7 мин оқу
Кеме тізгіндеген көшпенділер: Жұмбақ Аспабота қаласы, Каспий көкжалдары және су астына кеткен миллиондар
Сурет: ЖИ

Теңіз қарақшылары десе, көз алдымызға Голливуд киноларындағы Кариб теңізі, Бермуд немесе Мадагаскар жағалауы елестейді. Бірақ сол мұхиттарда алғашқы желкенді кемелер пайда болмай тұрып, дәл біздің іргеміздегі Каспийде нағыз теңіз көкжалдары жорыққа шыққан. Гректер — Гиркан, арабтар — Хазар, орыс жылнамашылары — Хвалын деп атаған бұл алып айдын ғасырлар бойы тек су қоймасы емес, сауда мен қанды қырғынның сахнасы болды. Ұзындығы мың шақырымнан асатын тұйық теңіздің үстімен жібек пен дәмдеуіштер, аң терісі мен алтын-күміс, тіпті құлдар тасымалданды. Ал байлық жүрген жерде оны тартып алғысы келетіндердің пайда болуы — тарихтың жазылмаған заңы.

Қарақшылардан бұрын Каспийді саудагерлер игерді. Антикалық ғұламалар Страбон мен Плинийдің өзі Үндістаннан шыққан тауарлардың Әмудария арқылы Каспийге құйып, одан әрі батысқа кететінін жазып қалдырған. Ең қызығы, теңіздің шығыс жағалауында, қазіргі Маңғыстау түбегінде ежелгі дүниенің ең жұмбақ сауда орталықтарының бірі жасырынған. II ғасырда өмір сүрген Клавдий Птолемейдің әйгілі «Азияның жетінші картасында» Каспийдің шығыс жиегіндегі Аспабота қаласы тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл Қытай мен Үндістанды Маңғыстау арқылы Азов теңізімен, әрі қарай Рим және Византия империяларымен жалғаған алып сауда торабы болатын.

Археолог Андрей Астафьевтің зерттеулері бұл өлкенің жай ғана шеткі аймақ емес, өркениеттер тоғысы болғанын дәлелдеді. Айрақты тауының етегінен, Шерқала маңындағы жәрмеңке орнынан және Қарақабақтан біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырда соғылған Парфия монеталары табылды. Бір ғана нүктеден Хорезм, Сасанидтік Иран, Бұхар Соғдысы, Қытай мен соңғы Рим империясының теңгелері шыққан. Ежелгі Хорезм бұл өлкеге тек транзиттік дәліз ретінде емес, мыс, темір, қорғасын, мұнай мен алтынға бай шикізат көзі ретінде де қызыққан. Ғасырлар бойы аңыз саналып келген сол Аспабота қаласының орны таяуда ғана Қошақ шығанағының оңтүстік жағалауынан табылып, тарихшыларды таңғалдырды.

Каспий арқылы өтетін сауда бағыты қаншалықты табысты болса, соншалықты қатерлі еді. Қытай мен Орталық Азиядан шыққан керуендер Маңғыстау жағалауына жетіп, жүктерін кемелерге тиеп, батыс беттегі Дербент, Баку мен Шемахаға аттанатын. Шығыстан жібек, үнді дәмдеуіштері мен сәйгүліктер ағылса, батыстан тері, кавказ қаруы мен таза күміс қайтатын. Алайда Каспий ешқашан жуас теңіз болған емес. Солтүстіктен оңтүстікке қарай мың шақырымға созылып жатқан айдында дауыл тұрса, жел еш кедергісіз екпін алатын. Терең тұстарында толқынның биіктігі 5–6 метрге дейін жетсе, солтүстіктегі таяз суларда толқындар қысқа әрі тік соғып, шағын кемелерді жаңқадай шашып жіберетін. Сондықтан саудагерлер мамыр мен қазан айларының арасында ғана жүзіп үлгеруге тырысатын. Ал қыста теңізге тек басын бәйгеге тіккен жанкештілер ғана шығатын.

Жазба деректерге сүйенсек, Каспийдегі алғашқы ірі қарақшылық жорықтар IX–X ғасырларда басталған. Русь пен варяг (викинг) жауынгерлері хазарлардың жері арқылы өтіп, олардың қағанына табыстың оннан бірін салық ретінде төлеп, теңізге шығатын. Ал салық төлегісі келмегендері тікелей парсы жағалауын тонауға көшетін. Мұсылман тарихшысы Ибн-Исфендияр 864 жылы теңіз қарақшыларының бай Абескун қаласына шабуыл жасағанын жазса, 913 жылы олар 500 қайықпен келіп, әр кемеге жүз сарбаздан мінгізіп, Әзербайжан жеріндегі Бердаа қаласын бірнеше ай бойы басып ұстап тұрған.

Орта ғасырларда Каспийдің билігі қолдан-қолға өтті. XI–XIII ғасырларда теңізде парсылар үстемдік құрса, Алтын Орда дәуірінде тіпті даланың еркін атты жауынгерлері — моңғол-татарлар да аттан түсіп, қайыққа мінген. Атақты саяхатшы Афанасий Никитиннің өзі Еділ сағасындағы Астрахан маңында «татар қарақшыларына» тоналып, еліне құр қол қайтпау үшін амалсыздан Үндістанға сапар шеккенін жазады. Сол кезеңде Қырымдағы Кафадан келген генуялық итальян Луккино Ториго деген пират та Каспийде ойран салған. XIV–XVI ғасырларда теңіздің қожайыны түрікменнің «оғұршалы» («теңіз қарақшылары» немесе «жүрекжұтқандар») тайпасы болды. Олар ұзындығы 42 шақырымдық құмды Оғұршы аралын базаға айналдырып, қайықтарын жөндеп, олжасы мен құлдарын сонда жасырған.

Степан Разиннің аферасы және Құлалы аралына жасырылған қазына

XVII ғасырда теңізді Жайық, Терек және Дон казактары билеп-төстеді. Солардың ішінде аты тарихта ең қатты қалғаны — дон атаманы Степан Разин. 1667 жылы ол екі мыңға жуық жанкештіні жинап, Еділ арқылы Каспийге түсіп, таяз суда да, ашық теңізде де жылдам жүзетін ескекті-желкенді қайықтармен парсы жағалауын қан қақсатты. Парсының басты жібек сауда орталығы — Решт қаласын тонап, Фарабадтағы шах сарайларын өртеп, Баку маңын ойрандады. Ал 1668–1669 жылдың қысын қазіргі Әзербайжан жағалауындағы жерден шыққан газдан мәңгілік от жанып тұратын, балшық жанартаулары бар шағын Сенги-Муган («Сиқыршылар тасы») аралында өткізді.

1669 жылдың жазында парсы шахы ІІ Аббас бұл бассыздыққа нүкте қою үшін Мәмед ханның қолбасшылығымен 50 әскери кеме және 3700 сарбаз аттандырады. Оған қоса, жағалаудан таяз бұғаз арқылы 7 мың жаяу әскер аралға өтіп, казактарды екі жақтан қыспаққа алады. Осы жерде Разин әскери айлаға басады. Қарақшылар қорыққан адамша қайықтарына жапа-тармағай міне қашып, кемелерін дұрыс басқара алмай сасқалақтаған сыңай танытады. Мұны көрген Мәмед хан «жаудың есі шықты, енді бірде-біреуін тірі жібермей аулаймыз» деп, 50 кемені бір-біріне темір шынжырмен байлап тастауға бұйрық береді.

Бұл оның ең үлкен қателігі еді. Епті қайықтармен лезде айналып өткен казактар маневр жасай алмай қалған парсы кемелерін қоршап алады. Дәл тиген зеңбірек оғынан парсының бас кемесі отқа оранып, бата бастайды да, өзімен бірге шынжырланған өзге кемелерді де су түбіне тартады. Үрей билеген парсы сарбаздары тұтқынға түспес үшін суға секіреді. Кескілескен шайқаста парсының 50 кемесінің үшеуі ғана аман құтылып, 33 зеңбірек, тонналаған алтын-күміс, парсы кілемдері мен асыл тастар қарақшылардың қолына өтеді. Тіпті Мәмед ханның ұлы Шабын мен қызы да тұтқынға түседі. Айтпақшы, әйгілі орыс әніндегі Разиннің Еділге лақтырып жіберетін «парсы ханшайымы» — осы қыз. Бірақ тарихшылар мұны1669 жылы Астраханда болған голландиялық теңізші Ян Стрёйстің ойдан шығарған көркем мифі дейді. Өйткені Мәмед ханның ұлы Шабын кейін Астраханда орыс билігіне тапсырылып, патшаға жазған хаттарында қарындасы туралы бір ауыз сөз қозғамаған. Оның үстіне орта ғасырларда мұндай текті тұтқындарды суға батырмақ түгілі, үлкен құн алу үшін көздің қарашығындай сақтаған.

Парсы флотын талқандаған соң, Разин қолындағы есепсіз байлықпен солтүстікке — қазіргі Қазақстан аумағындағы Түлен архипелагына (Құлалы және оның маңындағы аралдар) бет алады. Аңыз бойынша, атаман парсыдан тонаған қазынасының ең құнды бөлігін дәл осы Маңғыстау маңындағы Құлалы аралына жасырған. Бұл қисынға өте жақын: Құлалы — құрлықтан шалғай жатқан, айналасын таяз қайраңдар қоршаған, үлкен әскери кемелер жақындай алмайтын нағыз табиғи бекініс еді. 1671 жылы Разин Мәскеуде дарға асылар алдында оның інісі Фрол тергеушілерге жасырын қазыналар туралы айтқан. Патша арнайы экспедициялар жібергенімен, ештеңе табылмады. Каспийдің деңгейі ғасырлар бойы бірнеше метрге көтеріліп-түсіп отырғандықтан, ол қазына әлдеқашан су астында қалған немесе дауылды толқындармен шайылып кеткен болуы мүмкін.

Адай флоты және мың жылдық дәуреннің ақыры

«Қазақ судан қорыққан, тек мал баққан» деген таптаурынды XIX ғасырдағы Каспий тарихы тас-талқан етеді. І Петр патша казак қарақшыларын тәртіпке салған соң, ХІХ ғасырдың басында теңіздің шығыс бөлігін Маңғыстауды мекендеген қазақтың Адай руының теңізшілері өз бақылауына алды. Тарихшы Радик Темірғалиев атап өткендей, өңірде сауда жасаған орыс көпестері кемелеріне теңізші ретінде тек адай жігіттерін жалдауға тырысқан. Олардың су бетіндегі ептілігіне, қара күшіне және жұлдызға қарап бағыт табатын туабітті теңізшілік қасиетіне тәнті болған.

Сол кезеңде адайларда кәдімгідей өз флоты болды. Қару-жарағы мұздай құрсанған әскери кемелерге жете қоймаса да, олар желкенді қайықтармен балықшы шхуналарын, орыс және парсы саудагерлерінің кемелерін аяусыз тонап отырған. Көбіне кәдімгі балықшы кейпіне еніп, сауда кемелерінің қасына байқатпай жақындап барып, тұтқиылдан шабуыл жасайтын. Мәселен, астрахандық татар көпесі Нияз балық аулау кәсібін қалқан етіп, іс жүзінде қазақтар мен түрікмендерден құралған, теңіз тонаумен және құл саудасымен айналысатын тұтас бір қарақшылар флотилиясын ұстаған.

Жағдайдың ушыққаны соншалық, 1836 жылы Орынбор генерал-губернаторы Перовский Маңғыстаудағы теңіз қарақшыларының бекіністерін талқандау үшін арнайы әскери экспедиция аттандырады. Бірақ патша әскері дала мен теңіздің қыр-сырын бес саусағындай білетін жергілікті жұртты толық бағындыра алмады. Тек 1842 жылы адмирал Ефремий Путятиннің жазалаушы жорығынан кейін ғана теңіздегі шабуылдар саябырсыды.

Каспийдегі мың жылға созылған қарақшылық дәуірді патшаның зеңбірегі де, парсының әскері де емес, техникалық прогресс тоқтатты. ХІХ ғасырдың ортасында теңізге бу қозғалтқышы бар пароходтар шықты. Желге де, ескекшінің күшіне де тәуелді емес алып кемелерді ешқандай қайық қуып жете алмайтын еді. Дегенмен, теңіз қарақшылығының сарқыншағы ХХІ ғасырда да бой көрсетіп, 2000-жылдардың басында қаруланған браконьерлік топтарды тоқтату үшін Қазақстан, Ресей мен Әзербайжан шекарашылары әскери авиацияның көмегімен бірлескен операция өткізуге мәжбүр болған еді. Қарт Каспий бүгінде тыныш көрінгенімен, оның толқындары мен Құлалының құмды жағалауы әлі талай айтылмаған құпияны бүгіп жатыр.

Аударма
Мақаланы басқа тілде оқыңыз
Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 30 қазан 2026, 19:58

Ұқсас мақалалар

 Бір адамның сөзіне сеніп, «еркінмін» деп у ішкен қыздар: Әйелдер қалай темекі шеге бастады?

Бір адамның сөзіне сеніп, «еркінмін» деп у ішкен қыздар: Әйелдер қалай темекі шеге бастады?

«Еркектер әлеміне қарсылық»: Әйелдердің теңдікке деген аңсарын байлық көзіне айналдырған айлакер маркетолог қыздарды қалай алдап соқты?

|Тарих
Маңғыстаулық археологтар 15 ғасырлық жәдігерді қайта жасады

Маңғыстаулық археологтар 15 ғасырлық жәдігерді қайта жасады

Үш бетперде мен 64 алтын тақташа: Маңғыстаулық ғалымдар V–VII ғасырдағы бекзат әйелдің сирек бас киімін қалпына келтірді

|Тарих
Викингтер жазуды Ұлы Даладан ұрлаған ба?

Викингтер жазуды Ұлы Даладан ұрлаған ба?

Скандинав руналары мен көне түркі бітігі - бір әліпбидің екі нұсқасы деген пікір интернетте мыңдаған рет қайталанды. Ғылым бұл болжамды бес тармақ бойынша тексерді. Нәтиже екі жақтың да көңілінен шықпайды.

|Тарих
Астана мен Бурабайда ұлттық бірегейлік пен рухани мәдениетке арналған халықаралық конференция өтті

Астана мен Бурабайда ұлттық бірегейлік пен рухани мәдениетке арналған халықаралық конференция өтті

Астана мен Бурабайда жаһандану дәуіріндегі ұлттық бірегейлікті сақтау және рухани мәдениетті жаңғырту мәселелеріне арналған ауқымды халықаралық ғылыми конференция өтті. Екі күнге созылған алқалы жиын Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Польша ғалымдарының басын қосып, дәстүр мен заманауи дамудың өзара сабақтастығын талқылаған маңызды пікірталас алаңына айналды.

|Тарих
Жаппай қабірден табылған кісенделген ер адамдар жергілікті тұрғындар болған

Жаппай қабірден табылған кісенделген ер адамдар жергілікті тұрғындар болған

Афина маңындағы жаппай қабірден кісенделген 79 ер адамның сүйегі табылды. Жаңа зерттеу олардың сырттан келген жауынгерлер емес, өз жерінде туып-өскен жергілікті тұрғындар болғанын көрсетті. Ғалымдар мұны олардың тіс эмаліндегі химиялық іздер арқылы анықтаған.

|Тарих
Жоңғарлар жойылып кетті ме?

Жоңғарлар жойылып кетті ме?

Ғасырлар бойы жалғасқан күрделі тарихи оқиғалар қазақ және жоңғар халықтарын тағдырлас етіп, өзара тығыз мәдени әрі генетикалық байланысқа алып келді. Бүгінде кешегі жоңғарлардың ұрпақтары қазақ этносының құрамына толықтай сіңіп, Төлеңгіт және Қалмақ рулары ретінде біздің ортақ тарихымыз бен бай мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналып отыр.

|Тарих
LiveInternetZERO.kz