Ұзындығы бір миль, ішінде 80 мың адам: әлемдегі тұңғыш «жүзбелі қалаға» қош келдіңіз

Жер шарын айналып жүзетін 80 мың адамға арналған тұтас бір «жүзбелі қала» салу жоспарланып жатыр.

Алаш баласы|2026 ж. 15 маусым|3 мин оқу
Ұзындығы бір миль, ішінде 80 мың адам: әлемдегі тұңғыш «жүзбелі қалаға» қош келдіңіз
Сурет: www.telegraph.co.uk

Қазіргі алып круиздік лайнерлер мына жоспарланып жатқан жаңа жобаның қасында ойыншық қайықтай болып қалайын деп тұр. Себебі, Жер шарын айналып жүзетін 80 мың адамға арналған тұтас бір «жүзбелі қала» салу жоспарланып жатыр.

Ұзындығы бір миль (1,6 км), ені 800 фут және биіктігі 30 қабатты құрайтын бұл 12 миллиард фунт стерлингтік «Freedom Ship» (Бостандық кемесі) Ұлыбританияның Чатем қаласының халқындай жұртты сыйдырмақ. Оның ішінде зерттеу ауруханасы, мектептер, дүкендер мен мейрамханалар болады. Құрлықтағы күйбең тірліктен қашып құтылам деушілерге таптырмас нұсқа болғалы тұр.

Ядролық отынмен жүретін 2,3 миллион тонналық бұл мақұлықта 50 мың адам тұрақты өмір сүрсе, тағы 10 мыңы қонақ немесе турист ретінде келіп-кете алады. Ал осы бай-бағланның бәріне 20 мың қызметкер қызмет көрсетеді.

Мұнда зәулім қонақүйлер, 15 мың орындық стадион, конвенция орталығы, аквапарк, екі музей және симфониялық зал бой көтереді. Сүңгуірлерге арналған алып аквариум мен түнімен билейтін кең түнгі клубты да ұмытпаған. Ас талғайтындарға арнап екі қабатты фуд-холл салынбақ. Балалар бастауыштан бастап колледжге дейін білім алса, төрт қабат тұтастай банктер мен коммерциялық қызметтерге арналады. Төбесінде тіпті сегіз тікұшақ қонатын алаң бар.

Бұл «левиафан» жылына екі рет Жер шарын небәрі 7 торап «алып» жылдамдықпен асықпай айналып шығады. Ешқандай портқа сыймайтындықтан, тек халықаралық айлақтағы суда тұрады, ал жолаушыларды жағалауға паромдар тасиды. Тіпті басқа круиздік кемелер де оның жанына келіп тұрақтай алады. Кеменің ішінде жаяу жүруден шаршағандарға арнайы трамвай жүйесі қарастырылған. Ал жаяу серуендеймін деушілерге 15 мильдік жол мен үш акр саябақ бар.

Бұл утопиялық жобаның қағаз жүзінде жүргеніне 30 жылдан асты. Алғаш рет 1990 жылдары американдық инженер Норман Никсон ұсынған, бірақ ол 2012 жылы қайтыс болған соң, жоба сөреде шаң басып қалған еді. Енді міне, Freedom Cruise Line International компаниясының бас директоры Роджер Гуч жобаны қайта тірілтіп, 12 адамдық көшбасшылар тобын жинапты. Оның айтуынша, сұраныс сұмдық, «тіпті үш кеме салуға негіз бар» көрінеді. Ендігі жалғыз ғана «ұсақ-түйек» мәселе қалды – осының бәріне инвесторлардан бастапқы капитал тауып алу.

Қаражат табылса, кемені Индонезияда бөліп-бөліп құрастырып, кейін ашық теңізде жинамақ. Құрылыс 3-4 жылға созылғанымен, халық орта жолдан-ақ көшіп келе береді екен. Ең қызығы – бұл кеменің туған порты болмайды, жөндеу жұмыстарының бәрі теңіздің ортасында жүре береді. Кірістің бір бөлігін кәсіпкерлерге орын жалға беру немесе сату арқылы таппақ. Гучтың сөзінше, олар әрбір шаштараз бен пиццахананы иемденгісі келмейді, бірақ казино сияқты ең «майлы жіліктер» әлбетте холдингтің өз қолында қалады.

Бұл кеменің тағы бір «ғажабы» – заң мен бақылаушы органдардың қолы жетпейтін халықаралық суларда жүзетіндіктен, медициналық зерттеулер жүргізуге де «керемет» әрі мінсіз мүмкіндік тумақ. Оның үстіне, ядролық отынмен жүретіндіктен «жасыл» технологияны қолдаймыз және мұхитты кесіп өткен сайын оны қоқыстан тазартамыз деп те жар салып жатыр. Жоба авторлары осылайша қоғамға «пайда әкелеміз» деп сенеді.

Жобаның бас жоспарлаушысы, архитектура мен экологияны ұштастыратын аркология маманы Кевин Шопфер кеме қатал монолит қорапқа ұқсамауы үшін оның бұрыштарын жұмсартыпты. Тіпті футбол алаңы да бар, бірақ Тейлор Свифттің концертін өткізуге келгенде, Шопфер кеменің оны көтере алатынына күмәнмен қарайды.

Қазіргі әлемдегі ең үлкен жолаушылар кемесі саналатын Royal Caribbean компаниясының «Star of the Seas» кемесінен 8 есе көп адам сыйдыратын бұл мақұлық қашан теңізге шығары әлі де белгісіз. Бұған дейін де талай тұрғын үй круиздік кемелері ұсынылған, бірақ әзірге миллионерлерге арналған «The World» және қолжетімдірек «Villa Vie Odyssey» ғана жүзіп жүр. Дегенмен, жоба менеджері Сридев Мукерджидің арманы асқақ, ол Роджер Гучтың табандылығының арқасында бұл фантастикалық тұжырымдаманың түбі бір жүзеге асатынына кәміл сенеді.

Ақпарат көзі: The Telegraph

Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 23.08.2026

Ұқсас мақалалар

Хайуанаттар бағы жануарларды аман алып қалу үшін қандай ерекше тәсіл тапты?

Хайуанаттар бағы жануарларды аман алып қалу үшін қандай ерекше тәсіл тапты?

Итбалықтарға – салқын бассейн, керіктерге – мұз: Bioparco хайуанаттар бағы ыстықпен қалай күресіп жатыр?

|Саяхат
Қабандар Аррабида жағажайларында туристердің тамағын ұрлап жүр

Қабандар Аррабида жағажайларында туристердің тамағын ұрлап жүр

Еуропаның таңдаулы курортындағы күтпеген жағдай болып жатыр. Аппақ құм жағалауында туристердің сөмкесін қабандар ақтарып жүр.

|Саяхат
«Қазақстан туралы ештеңе естімегенмін»: әлемді 19 жыл аралаған блогер Астанаға неге таңғалды?

«Қазақстан туралы ештеңе естімегенмін»: әлемді 19 жыл аралаған блогер Астанаға неге таңғалды?

Әлемнің ондаған елін аралаған танымал саяхатшы-блогер Francois Marc Қазақстанға алғаш рет тек 2024 жылы келіпті. Оның айтуынша, бұған дейін өзі де, айналасындағы адамдар да Қазақстан туралы мүлде білмеген. Алайда Астанаға келгеннен кейін блогердің пікірі түбегейлі өзгерген. Ол елорданы қауіпсіздігі, тазалығы мен заманауи келбеті жағынан әлемдегі көптеген қалалардан жоғары бағалап отыр.

|Саяхат
Ел туризмі: 2 миллион қонақ және 69 миллиард теңге табыс

Ел туризмі: 2 миллион қонақ және 69 миллиард теңге табыс

Шетелдік қонақтардың елде 2,9 миллиард доллар жұмсауы – орасан жетістік.

|Саяхат
Қазақтардың шын ата-бабасы кім және Ресей бұдан неге өлідей қорқады?

Қазақтардың шын ата-бабасы кім және Ресей бұдан неге өлідей қорқады?

80 жыл бойы қазақтан жасырылған ұлы шындық ашылды! Қазақстанның өзін ресми түрде Алтын Орданың тікелей мұрагері деп жариялауы Кеңестік жалған тарихтың күл-талқанын шығарып, Мәскеудің зәресін алуда. Белгілі тарихшы Жақсылық Сәбитов «Exclusive» журналына берген сұхбатында ұлттық санадағы бұл батыл қадамның астарында қандай үлкен саясат жатқанын және көршілердің біздің шынайы тамырымызбен қауышқанымыздан неге өлідей қорқатынын ашып айтты.

|Тарих
Қараөткелдің тұрғыны қара суға зар болып отыр

Қараөткелдің тұрғыны қара суға зар болып отыр

Елорда іргесіндегі Қараөткел мен Қаражар ауылдарының тұрғындары аптап ыстықта бір жұтым суға зар болып, күнделікті тіршілігі нағыз азапқа айналды. Жауапты мекеменің қаржылық айналымы миллиардтап саналғанымен, қарапайым халық су қосылса жарық сөнетін қорлықтан және шенеуніктердің бітпейтін құрғақ уәдесінен әбден шаршады.

|Жалпы
LiveInternetZERO.kz