Толық цифрландыру: PlayStation ойындары енді ешқашан дискіде шықпайды

Үйдегі дискілеріңізді тастай берсеңіз болады! Sony бүкіл индустрияны түбегейлі өзгертті

Алаш баласы||3 мин оқу
Толық цифрландыру: PlayStation ойындары енді ешқашан дискіде шықпайды

Sony компаниясы 2028 жылдан бастап PlayStation консольдеріне арналған бейнеойындарды физикалық дискіде шығаруды толықтай тоқтататынын мәлімдеді дейді - cnews.ru. Енді барлық ойын тек цифрлық форматта қолжетімді болады. Шешім әлем бойынша миллиондаған геймерлер үшін бірқатар қолайсыздық тудырары анық. Айта кетейік, PlayStation ойындары алғашқы буын жарық көрген 1994 жылдан бері дискіде штампталып келеді.

Tom’s Hardware басылымының жазуынша, 2028 жылдың қаңтарынан бастап платформадағы барлық ойындар тек цифрлық көшірме түрінде ғана таратылады. Шектеу 2028 жылға дейін шығып үлгерген релиздерге қатысты емес – олар бұрынғысынша дискіде сатыла береді.

Бұған дейін үстелге қойылатын PlayStation-ның барлық буыны және портативті Sony PlayStation Portable (бірінші буын) дискімен жұмыс істеуді қолдап келген еді. Сарапшылардың пікірінше, Sony-дің қадамы – жоғары деңгейлі ойындар әлеміндегі физикалық тасымалдағыштар дәуірінің аяқталуы. Ал Sony әлемдік бейнеойындар нарығының көшбасшысы екенін ескерсек, өзгеріс тұтас индустрияға үлкен ықпал ететіні сөзсіз.

Қазір геймерлерде таңдау бар: ойынды дискіде сатып алу немесе PlayStation Store дүкенінен цифрлық нұсқасын жүктеп алу. Диск сатып алған адам Sony экожүйесіне еш тәуелді емес. Дискіні кез келген консольге салып ойнай алады, біреуге сатады яки айырбастайды. Ойыншылар ондаған жыл ішінде жүздеген дискіден тұратын орасан зор коллекция жинап үлгерген.

Ал PlayStation Store жағдайы мүлде басқаша. Сатып алынған ойын тек сіздің жеке профиліңізге байланады. Егер аккаунтыңыз бұғатталса, белгілі бір аймақта дүкен жұмысын тоқтатса немесе ойын авторлары платформадан өшіріп тастаса – сіз ақша төлеген ойыныңыздан бір-ақ сәтте айырылып қаласыз.

Tom’s Hardware баса айтқандай, цифрлық дүкендерден ойын алу сізге оған толық иелік ету құқығын бермейді. Ал дискінің жөні бөлек – Sony әр ойыншының үйіне кіріп, сатып алған дискілерін тартып ала алмайды. Оған қоса, интернетсіз мұндай дүкендерге кіру, ойын сатып алу немесе жүктеу мүмкін емес. Ойындардың көлемі ондаған гигабайтты құрайтындықтан, провайдерлер жылдамдығын тежемейтін тұрақты әрі мықты интернеттің болуы шарт.

Sony-дің бұл шешіміне бірнеше фактор түрткі болған:

  1. Өндірістің қысқаруы: Әлем бойынша Blu-ray дискілерін өндіру күрт азайған. Ал заманауи ауыр ойындарды қарапайым DVD-ге сыйдыру мүмкін емес, сондықтан PlayStation 5 дәл осы Blu-ray-ді қолданады.

  2. Статистика: Физикалық дискіні сүйетіндердің көңілін қалдыратын тағы бір дерек бар. Қазірдің өзінде ойындардың басым бөлігі цифрлық форматта сатып алынады. Мысалы, 2025 жылдың соңғы тоқсанында АҚШ-та PlayStation ойындарының 85%-ы интернет арқылы сатылған. Дербес компьютерлерге (ПК) арналған ойындар нарығы тіпті 100% дерлік цифрлық форматқа көшіп кеткен.

Дискілерден жаппай бас тартқанымен, Sony келесі буындағы консольдерінің бірінде оптикалық тасымалдағыштарды қолдау мүмкіндігін сақтап қалуы ықтимал. 2028 жылдың басына қарай қазіргі PlayStation 5-тің шыққанына 7 жылдан асады. Егер сол кезде PlayStation 6 жарық көрсе, оның ішкі дисководы бар нұсқасы немесе сыртқы құрылғы ретінде жалғанатын дисководы шығуы мүмкін. Бұл жаңашылдық ескі ойындарын сақтап қалғысы келетіндерді қамтамасыз ету үшін ғана керек болады.

Дегенмен, Sony ақпаратты әлі ресми растаған жоқ. Сондықтан PlayStation 6 дисководтан толықтай құр қалуы да ғажап емес. Олай болса, алдыңғы буындардың үлкен диск коллекциясы бар геймерлерінде жаңа консольге ауысуға себеп те азаяды.

2028 жылдан кейін цифрлық көшірмелерге толық көшудің арты неге апарып соғатынын Sony қазірдің өзінде көрсетіп берді. Оптикалық дискілерден бас тартатынын жариялаған компания бір уақытта ескі PlayStation 3 және PlayStation Vita консольдері үшін PlayStation Store дүкеніне кіру мүмкіндігін жабатынын мәлімдеді. Енді құрылғылардың иелері дүкенге қосыла алмайды, сәйкесінше, оларға тек бұрынғы дискілерімен ойнауға немесе заманауи приставка сатып алуға тура келеді. (Айта кетейік, Vita – Sony активіндегі әзірге ең соңғы портативті приставка).

Негізі, Sony бұл дүкендерді 2021 жылы-ақ жаппақ болған. Бірақ ол кезде әлем бойынша геймерлер қауымдастығының жаппай наразылығына ұшырап, тәуекелге бармауды ұйғарған еді. Алайда, арада 5 жыл өткен соң қадам бәрібір іске асты.

Sony мұны «жаңартылған дүкен ескі құрылғыларда дұрыс жұмыс істемейді және төлем қауіпсіздігі стандарттарына сай келмейді» деп түсіндірді. Бірақ Tom’s Hardware сарапшылары бұған күмәндана қарайды. Олардың пікірінше, Sony бар болғаны 2006 жылы шыққан PS3 пен 2011 жылы шыққан Vita сияқты көпжылдық құрылғыларды ары қарай қолдағысы келмейді.

Аударма
Мақаланы басқа тілде оқыңыз
Тегтер
Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 23 қыркүйек 2026, 11:37

Ұқсас мақалалар

Кремний алқабы мен Вашингтон: Жасанды интеллект тізгіні кімнің қолына өтеді?

Кремний алқабы мен Вашингтон: Жасанды интеллект тізгіні кімнің қолына өтеді?

Дональд Трамп жариялаған «Суперинтеллект күштері» жобасы — Вашингтонның жаһандық цифрлық үстемдігін сақтауға бағытталған жаңа доктринасы.

|Технология
Astana Hub Battle жеңімпаздары анықталды

Astana Hub Battle жеңімпаздары анықталды

Биыл жалпы көлемі 100 мың долларды құрайтын жүлде қорына Орталық Еуразия елдерінен 50 стартап таласты. Жеңімпаздар төрт номинация бойынша анықталды.

|Технология
Үш стартап Draper Founders Challenge қорытындысы бойынша Кремний алқабына жолдама алды

Үш стартап Draper Founders Challenge қорытындысы бойынша Кремний алқабына жолдама алды

Жеңімпаз атанған әр команданың бір өкілі Калифорния штатының Сан-Матео қаласындағы Draper University кампусында тұрады.

|Технология
Код жазудың жаңа дәуірі: Жасанды интеллекттің «тілін тапқан» мамандар жарты миллион теңге ұтып алды

Код жазудың жаңа дәуірі: Жасанды интеллекттің «тілін тапқан» мамандар жарты миллион теңге ұтып алды

Жүлде қоры 1 миллион теңгені құраған додада корпоративтік және жеке есеп қатар жүрді. Сонымен, жасанды интеллекттің құлағында ойнаған нағыз «алгобатырлар» кім болды?

|Технология
Кеңесші емес, нағыз жұмысшы: Компьютерді өздігінен басқаратын Violoop гаджеті шықты

Кеңесші емес, нағыз жұмысшы: Компьютерді өздігінен басқаратын Violoop гаджеті шықты

Оған нақты тапсырма берсеңіз болды, қалғанын өзі тындырады. Үнемі қосулы тұрады әрі қалай жұмыс істейтініңізді сырттай бақылап отырады. Хат жазу мәнеріңізді, құжат толтыру ретін жаттап алады.

|Технология
NVIDIA, Kraken және 25 мың қонақ: AI & Digital Bridge 2026 форумының екінші күні қалай өтті?

NVIDIA, Kraken және 25 мың қонақ: AI & Digital Bridge 2026 форумының екінші күні қалай өтті?

Форумның екінші күні жасанды интеллект экономикасы, технология мен капитал үшін жаһандық бәсекелестіктен бастап, мемлекетті цифрлық трансформациялау мен адами капиталды дамытуға дейінгі ең өзекті тақырыптарды қамтыды.

|Технология
LiveInternetZERO.kz