Тапсырыспен берілетін таза энергия: АҚШ үкіметі түнде жарық шашатын спутниктерді сынақтан өткізбек

Елестетіп көріңізші: Түн жарымы. Дала тас қараңғы. Бірақ сіз телефоннан бір батырманы басасыз да, төбеңізден жап-жарық күн сәулесі түседі. Фантастика ма? Жоқ, бұл жақында шындыққа айналатын АҚШ-тың жаңа жобасы...

Алаш баласы||3 мин оқу
Тапсырыспен берілетін таза энергия: АҚШ үкіметі түнде жарық шашатын спутниктерді сынақтан өткізбек
Сурет: ЖИ

Түнгі аспанға көз салғанда толық айдай жарқыраған беймәлім нысанды көрсеңіз, таңғалмаңыз. Бұл ұшақ та, жұлдыз да емес, түн ортасында Жерге күн сәулесін қайта шағылыстыратын 18 метрлік алып айна болуы әбден мүмкін. АҚШ үкіметі жақында Reflect Orbital атты стартап-компанияға осындай ерекше жобаны жүзеге асыруға ресми түрде жасыл жарық берді. Енді салмағы 142 келі болатын сынақ спутнигі жерден 650 шақырым биіктікке көтерілмек.

Кәдімгі тоңазытқыш көлеміндей ғана болатын «Eärendil-1» спутнигі ғарыш кеңістігінде төртбұрышты жұқа айнаны жайып жібереді де, күннің сәулесін Жердің бес шақырымдық аумағына бағыттайды. Жоба авторларының жоспары өте ауқымды: олар алғашқы айнаны осы жылы ұшырып, ал 2035 жылға қарай орбитаға 50 000 спутниктен тұратын тұтас жүйені шығаруды көздеп отыр. Егер бұл ой жүзеге асса, түнгі аспан бірнеше сағат бойы кәдімгі күндізгідей жап-жарық (36 000 люкс) болады немесе әлемді тұрақты түрде дәліздің жарығындай (100 люкс) нұрға бөлеп тұрады.

Бұл идеяның басты мақсаты — «тапсырыспен берілетін таза энергия». Арнайы қосымша немесе веб-сайт арқылы түнгі құрылыс алаңына, төтенше жағдай болған аймаққа немесе егістікке жарық шақырып, жұмыс біткен соң оны бір ғана батырмамен өшіре салуға болады. Әрине, бұл ғарыштық қызметтің құны арзан емес. Бір жылдық келісімшарт аясында бір айнаның жарығы сағатына шамамен 5000 доллар тұрады. Ал төтенше жағдайлар мен бір реттік іс-шаралар үшін баға тіпті шарықтап кетпек. Есесіне, түнде жұмыс істей алмайтын күн электр станциялары осы қосымша жарықтың көмегімен энергия өндіріп, түскен пайданы өзара бөлісу мүмкіндігіне ие болады.

Жобаны сырттай бақылаған адамға бұл Джеймс Бонд туралы «Күніңді ертеңге қалдыр» (Die Another Day) фильміндегі зұлым кейіпкердің егін өсіру үшін Icarus спутнигін жасап шығаратын көрінісін еске түсіруі мүмкін. Алайда, АҚШ-тың Байланыс жөніндегі федералды комиссиясы (FCC) бұл бастама Американың ғарыштағы көшбасшылығын арттырып, жаңа кеңістікті коммерцияландыруға жол ашады деп санайды.

Дегенмен, бұл жаңалық ғылыми қауымдастықтың зәресін алды. FCC спутниктің қауіпсіздігін ғана ескеріп, оның экологиялық зардаптарын «жердегі мәселе» деп жылы жауып қойған. Америка астрономиялық қоғамы жобаны тоқтатуды талап етіп, онсыз да ғарыш қоқысы мен жарықтың ластануынан зардап шегіп отырған түнгі аспанның енді мүлдем бүлінетінін айтып дабыл қағуда. Еуропалық оңтүстік обсерваториясының есебінше, бұл спутниктердің әрқайсысы АЙ немесе Шолпан планетасынан төрт есе жарық болады.

Мәселе тек жұлдыздарды көре алмауда ғана емес. Еуропалық биологиялық ырғақтар қоғамының президенті, генетик Хараламбос Кириакудың айтуынша, жасанды жарық табиғаттың тепе-теңдігін бұзады. Адамның ұйқысы қашып, құстардың миграциясы мен гүлдердің ашу циклі шатасады. Ғалымдар бұл қауіпті құбылысқа «орбиталық жарықтың ластануы» деген жаңа термин де ойлап тапты. Эдинбург университетінің биологы Эндрю Миллар астрономдардың дүрбелеңге түскенін айта келіп: «Егер телескоппен қарап тұрған адам спутниктен шағылысқан күн сәулесінен соқыр болып қалса, оған кім жауап береді?» — деген орынды сұрақ көтерді.

Қарсылықтардың көптігіне қарамастан, үкімет инновация мен экономикалық өсімді алға тартып, жобаға сынақ мерзімін беріп отыр. Ал Reflect Orbital басшысы Бен Новак жаңа технологияның тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеуге мүмкіндік алғанына дән риза. Аспандағы бұл алып айна адамзатқа пайда әкеле ме, әлде табиғаттың тыныштығын бұзатын кезекті қателікке айнала ма — оны уақыт көрсетеді.

Аударма
Мақаланы басқа тілде оқыңыз
Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 3 қазан 2026, 20:13

Ұқсас мақалалар

Кремний алқабы мен Вашингтон: Жасанды интеллект тізгіні кімнің қолына өтеді?

Кремний алқабы мен Вашингтон: Жасанды интеллект тізгіні кімнің қолына өтеді?

Дональд Трамп жариялаған «Суперинтеллект күштері» жобасы — Вашингтонның жаһандық цифрлық үстемдігін сақтауға бағытталған жаңа доктринасы.

|Технология
Astana Hub Battle жеңімпаздары анықталды

Astana Hub Battle жеңімпаздары анықталды

Биыл жалпы көлемі 100 мың долларды құрайтын жүлде қорына Орталық Еуразия елдерінен 50 стартап таласты. Жеңімпаздар төрт номинация бойынша анықталды.

|Технология
Үш стартап Draper Founders Challenge қорытындысы бойынша Кремний алқабына жолдама алды

Үш стартап Draper Founders Challenge қорытындысы бойынша Кремний алқабына жолдама алды

Жеңімпаз атанған әр команданың бір өкілі Калифорния штатының Сан-Матео қаласындағы Draper University кампусында тұрады.

|Технология
Код жазудың жаңа дәуірі: Жасанды интеллекттің «тілін тапқан» мамандар жарты миллион теңге ұтып алды

Код жазудың жаңа дәуірі: Жасанды интеллекттің «тілін тапқан» мамандар жарты миллион теңге ұтып алды

Жүлде қоры 1 миллион теңгені құраған додада корпоративтік және жеке есеп қатар жүрді. Сонымен, жасанды интеллекттің құлағында ойнаған нағыз «алгобатырлар» кім болды?

|Технология
Кеңесші емес, нағыз жұмысшы: Компьютерді өздігінен басқаратын Violoop гаджеті шықты

Кеңесші емес, нағыз жұмысшы: Компьютерді өздігінен басқаратын Violoop гаджеті шықты

Оған нақты тапсырма берсеңіз болды, қалғанын өзі тындырады. Үнемі қосулы тұрады әрі қалай жұмыс істейтініңізді сырттай бақылап отырады. Хат жазу мәнеріңізді, құжат толтыру ретін жаттап алады.

|Технология
NVIDIA, Kraken және 25 мың қонақ: AI & Digital Bridge 2026 форумының екінші күні қалай өтті?

NVIDIA, Kraken және 25 мың қонақ: AI & Digital Bridge 2026 форумының екінші күні қалай өтті?

Форумның екінші күні жасанды интеллект экономикасы, технология мен капитал үшін жаһандық бәсекелестіктен бастап, мемлекетті цифрлық трансформациялау мен адами капиталды дамытуға дейінгі ең өзекті тақырыптарды қамтыды.

|Технология
LiveInternetZERO.kz