NVIDIA-ның алғашқы кеңесшісі миллиард долларлық акциясын неге даулай алмады?

NVIDIA-ның бұрынғы кеңесшісі шатырындағы ескі құжаттардың арасында 1 миллиард долларлық акциясы жатқанын кездейсоқ біліп қояды. Тапқанынан жоғалтқаны көп бұл оқиға технология алыптарының ішкі құпияларын ашады. 4,5 миллион акцияны сот арқылы неге қайтарып ала алмады?

Алаш баласы||4 мин оқу
NVIDIA-ның алғашқы кеңесшісі миллиард долларлық акциясын неге даулай алмады?
Сурет: concertzaal

(Эрик Гуллихсеннің colo.to сайтына жазған мақаласы)

Мен 1993 жылы NVIDIA компаниясының алғашқы кеңесшілерінің бірі болған едім. Жақында ғана компанияның маған құны шамамен бір миллиард долларға бағаланатын акциялар қарыз екенін кездейсоқ білдім.

Көпшілік біле бермес, бірақ 1993 жылы Дженсен (ол кезде қазіргідей үстінен тастамайтын былғары күртешесі жоқ) мені NVIDIA-ның Техникалық кеңесшілер алқасына шақырды. Сол жылдың қыркүйек айында маған 25 000 акция опционы берілді. Келісім бойынша бұл үлестер тоқсан сайын бөлініп беріліп, бір жылдың ішінде толықтай менің меншігіме өтуі тиіс еді. Бұл шақырту Саусалитодағы «SS Vallejo» қайық-үйімде Дженсен, Кертис Прим және Крис Малаховскимен болған кездесуден кейін түсті. Мен Кертиспен 1990 жылдары, ол Sun Microsystems-те SPARCstation GX чипінің архитекторы болып жүрген кезде біраз жұмыс істегенмін. Sun – менің виртуалды шынайылықпен (VR) айналысатын алғашқы компаниям «Sense8 Corporation-ға» қолдау көрсеткен компаниялардың бірі болатын. Sun GX полигондарды өңдеуде (секундына 50 мыңға жуық) өте жылдам еді, сондықтан біз Sense8-дің VR рендерингін соған бейімдедік. Кейіннен мен Intel-дің i750 DVI чипін пайдаланып, билинейлі текстуралауды жүзеге асырдым.

Алайда, 1993 жылы Кертистің назарын аударып, NVIDIA-ның басқа да негізін қалаушыларын маған арнайы келіп, демо-нұсқаны көруге мәжбүр еткен нәрсе – менің биквадратты текстуралауды өте жылдам жүзеге асыруым еді. Мұның егжей-тегжейі US5796426A және одан кейінгі патенттерде жазылған. Кертис сызықтық емес текстуралаудың NVIDIA-ның алғашқы өнімі – NV1-ді бәсекелестерден даралап тұратын зор әлеуеті бар екенін бірден түсінді. Мен Кертиспен бірге биквадратты текстуралауды олардың аппаратурасына бейімдеу бағытында біраз уақыт жеңіл-желпі жұмыс істедім. Тіпті, 1993 жылы Гуггенхайм мұражайында (Сохо) көрсетілген, Intel демеушілік жасаған VR ішекті квартетінің демо-нұсқасына (шын мәнінде PCI адаптеріндегі GX картасы болатын) NVIDIA-ның прототиптік аппаратурасы үшін код жаздым. 1995 жылы NV1 нарыққа шыққанда, Microsoft өздеріне ғана мәлім себептермен жаңадан шыққан DirectX құралдар жиынтығында квадратты текстуралауды да, тіпті қарапайым квадраттарды да қолдамауға шешім қабылдады – олар тек үшбұрыштарды ғана таңдады. Бұл NVIDIA-ның қаржылық жағдайы мен болашағына ауыр соққы болып тиіп, компания қызметкерлерінің едәуір бөлігін қысқартуға мәжбүр болды. Содан кейін, 1996 жылдың сәуір айында (бұл кезде мен Тонга патшалығына көшіп кетіп, интернет-стартаптардың түрлі жобаларымен айналысып жүрген едім) NVIDIA-ның қаржы директоры маған хат жазды. Хатта менің 15 625 акция опционымның мерзімі жеткені және оларды заңдастырып алуым керектігі айтылған екен. Мен солай істедім де, бұл туралы мүлдем ұмытып кеттім.

2024 жылға оралайық. Биржада ойнайтын трейдер досыммен отырғанмын. Жан-жағымыздағы экрандардың бәрі «Әлемдегі ең маңызды компания» — NVIDIA туралы жарыса хабар таратып жатты. Үйге келген соң ескі құжаттарым жатқан буманы ақтарып көруді ұйғардым. Таңғалғанымды көрсеңіз: ресми қол қойылған опцион келісіміне сәйкес, менің акцияларым 1996 жылы NVIDIA-ның қаржы директоры мен олардың «Cooley» сыртқы заңгерлік фирмасы мәлімдегендей төрт жылда емес, төрт тоқсан ішінде толықтай меншігіме өтуі тиіс еді. Есеп-қисабы айп-айқын: 25 000 акцияның 15 625-і дәл 62,5%-ды құрайды. Бұл төрт жылдық кестедегі он тоқсан өткеннен кейінгі берілетін мөлшер. Алайда, келісімшартта нақты көрсетілген бір жылдық мерзімге сүйенсек, 25 000 акцияның барлығы маған әлгі хат жазылмай тұрып-ақ толықтай тиесілі болуы керек еді. Одан бері акциялар талай рет бөлінді — бүгінге дейін олардың саны 480 есеге артқан. Менің кезінде қолыма тимей қалған 9 375 акциям қазір 4 500 000 акцияға айналған екен. Бұл өте қомақты сома болғандықтан, мәселенің мән-жайын анықтау үшін «Steyer Lowenthal» фирмасынан Аллан Стайер және «Korein Tillery» фирмасынан Крис Бурк сынды азулы адвокаттарды жалдадым. Есімдерінің өзі салмақты естілетін, нағыз өз ісінің шеберлері.

Бір жылға жуық уақыт бойы менің заңгерлерім мен NVIDIA-ның ішкі-сыртқы адвокаттары сот прецеденттеріне сілтеме жасап, бір-біріне хат жазып, қорқытып-үркітумен болды. Мен қартая бастағанымды және бұл хат алмасудың шегі көрінбейтінін ескеріп, заңгерлеріме олармен кездесіп, бітімге келуді ұсындым. Оның үстіне, NVIDIA опциондық келісімшарттың түпнұсқа екенін жоққа шығармаған еді, олар тек менің шағымдану мерзімімнің әлдеқашан өтіп кеткенін алға тартты. Кездесу өте жоғары кәсіби деңгейде өтті, бірақ Cooley заңгерлерінің жауабын қысқаша қайырсақ: «Олай болса, сотқа беріңіз» дегенге саяды. Көп ойланып-толғанып, бармақ тістегеннен кейін, адвокаттарым екеуміз бұл істе «талап қою мерзімінің өтуі» бізге қарсы жұмыс істейді деген шешімге келдік. Құқығымды қорғамай, құр қол қусырып отырған отыз жылға жуық уақыттың салдарынан істің сотта тіпті қаралуға да жетпей қысқартылып кету ықтималдығы өте жоғары еді.

Мен мұны өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен жазып отырмын. Мінезі менен гөрі сабырлылау, салқынқанды адамдар бұдан өзіне керегін түйіп алар деп сенемін. Мына «еркіндік елінде» компаниялар өз міндеттемелерін тек белгілі бір уақытқа ғана орындайды екен. Арада ондаған жылдар өткен соң, келісімшарт мерзіміне қатысты дәл осындай «тосынсыйға» тап болған тағы біреулер бар ма екен? Және ол мәселе қалай шешілді? Ал мен бұл жағдайға сабырмен, тіпті мысқылмен қарап отырмын. Император Септимий Север айтпақшы: "Omnia fui, nihil expedit" (Бәрі де болдым, бірақ одан еш қайыр жоқ).

Аударма
Мақаланы басқа тілде оқыңыз
Тегтер
Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 1 қазан 2026, 13:36

Ұқсас мақалалар

AI & Digital Bridge 2026 қорытындысы: Алатау қаласының жаңа статусы, студенттерге арналған мүмкіндік пен жаһандық серіктестік

AI & Digital Bridge 2026 қорытындысы: Алатау қаласының жаңа статусы, студенттерге арналған мүмкіндік пен жаһандық серіктестік

Жасанды интеллекттен ислам қаржысына дейін: Халықаралық инвесторлар мен алпауыт компаниялар Қазақстанда қандай жобаларды қолға алмақ?

|Технология
Astana Hub пен MOST Holding Орталық Еуразияның инвестициялық экожүйесін дамыту туралы меморандумға қол қойды

Astana Hub пен MOST Holding Орталық Еуразияның инвестициялық экожүйесін дамыту туралы меморандумға қол қойды

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумында Astana Hub пен MOST Holding халықаралық Central Eurasian Capital Bridge бағдарламасын бірлесе жүзеге асыру және дамыту туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

|Технология
Астанада жасанды интеллект дәуіріндегі телекоммуникациялық инфрақұрылымның болашағы талқыланды  

Астанада жасанды интеллект дәуіріндегі телекоммуникациялық инфрақұрылымның болашағы талқыланды  

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті ұйымдастырған «ЖИ дәуіріндегі телекоммуникациялық инфрақұрылым» атты панельдік сессия өтті.

|Технология
Ең ірі AI-хакатон HackAlem AI әлемдік рекорд орнатты: Қазақстанға GUINNESS WORLD RECORDS сертификаты табысталды

Ең ірі AI-хакатон HackAlem AI әлемдік рекорд орнатты: Қазақстанға GUINNESS WORLD RECORDS сертификаты табысталды

Сертификатты табыстау рәсімі AI-экономиканы дамытуға қажетті инфрақұрылым, инвестициялар, адами капитал және халықаралық әріптестік мәселелеріне арналған The New Economy: Powered by AI панельдік сессиясында өтті.

|Технология
Таразда Sergek жүйесі жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушілерді анықтай бастады 

Таразда Sergek жүйесі жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушілерді анықтай бастады 

Тараз қаласы мен Жамбыл облысындағы бірқатар жол учаскелерінде орнатылған Sergek аппараттық-бағдарламалық кешендері жаяу жүргіншіге жол бермеу деректерін автоматты түрде анықтай бастады.

|Технология
Ескі шинадан бензин: миллиондаған теңге табатын бизнес пе, әлде әдемі алдау ма?

Ескі шинадан бензин: миллиондаған теңге табатын бизнес пе, әлде әдемі алдау ма?

Әлеуметтік желіде бір ролик жүр: тозған покрышканы темір құбырға тығып қыздырасыз да, шүмектен бензин ағады. Астында — «зауыт салсаң, ақшаны күреп аласың» деген уәде. Мұндай видеоның астында әрдайым бір сұрақ тұрады: рас па?

|Технология
LiveInternetZERO.kz