Қатерлі ісіктің емі жойылуы мүмкін: Адамзат гүлді өсімдіктердің бестен бір бөлігінен айырылғалы тұр

Ваниль мен сүйікті тәттілерімізден айырыламыз ба? Жер бетінде гүлді өсімдіктердің жаппай жойылуы басталды

Алаш баласы||2 мин оқу
Қатерлі ісіктің емі жойылуы мүмкін: Адамзат гүлді өсімдіктердің бестен бір бөлігінен айырылғалы тұр
Сурет: ЖИ

Адамзаттың табиғатқа тигізген орасан зор зиянының салдарынан жер бетіндегі гүлді өсімдіктердің 20 пайыздан астамы, яғни олардың тұтас эволюциялық тарихы жойылып кету алдында тұр. Халықаралық ғалымдар тобының бұл мәлімдемесі жай ғана табиғатты қорғау ұраны емес — болашақ дәрі-дәрмектерден, жаңа ауылшаруашылық дақылдарынан және өмірлік маңызы бар ресурстардан айырылу қаупі.

Беделді Science журналында жарияланған зерттеу — гүлді өсімдіктерге төнген қауіпті бағалау үшін EDGE (Эволюциялық бірегейлік және жаһандық жойылу қаупі) әдістемесін қолданған алғашқы ауқымды жұмыс.

EDGE әдісі дегеніміз не?

Әдісті 2007 жылы Лондон зоологиялық қоғамы жануарлардың ең осал түрлерін анықтау үшін жасап шығарған. Ол өсімдіктің немесе жануардың қаншалықты сирек кездесетінін ғана емес, оның эволюциялық тұрғыдан қаншалықты бірегей екенін (басқа туыстарының жоқтығын) есептейді. Экожүйедегі рөлі орасан зор болғанына қарамастан, гүлді өсімдіктер осы уақытқа дейін бұл әдіспен зерттелмеген екен.

Кью Корольдік ботаникалық бақтарының эволюциялық биологы, зерттеудің жетекші авторы Феликс Форесттің айтуынша, бұл талдау назардан тыс қалып келген, бірақ жер бетіндегі тіршілік үшін аса маңызды бірегей өсімдіктерді анықтауға мүмкіндік берді.

Ғалымдардың есебінше, гүлді өсімдіктердің бүкіл эволюциялық тарихының 21,2 пайызы жойылу қаупінде. Ғылымға белгілі 335 497 түрдің ішінен 9 945 өсімдік (шамамен 3%) ресми түрде EDGE мәртебесін алды. Яғни, олар әрі бірегей, әрі жаһандық деңгейде жойылу алдында тұр деген сөз.

Олардың ішінде бізге жақсы таныс түрлер де бар:

Кәдімгі табиғи ваниль алынатын жапырақты ваниль (Vanilla planifolia);

Әлемдегі ең кішкентай тұңғиық (кувшинка) – Nymphaea thermarum;

Гүлдеген кездегі өткір иісіне бола «мәйіт гүлі» атанған алып аморфофаллус (Amorphophallus titanum).

Сондай-ақ, тек Сейшель аралдарында ғана өсетін медузагина (Medusagyne oppositifolia) және өз тегінің жалғыз тірі өкілі саналатын Hondurodendron urceolatum ағашы сияқты көпшілік біле бермейтін бірегей түрлер де осы тізімге енді.

Ғалымдар бұл өсімдіктердің құндылығы тек олардың сиректігінде емес екенін қатаң ескертеді. Олардың көбісінің қазіргі заманда жақын туыстары жоқ, яғни эволюциялық шежіренің жеке дара бұтақтары саналады. Олардың жойылуы — миллиондаған жылдық эволюцияның ізім-ғайым жоғалуы.

«Тіршілік ағашындағы осындай терең бір бұтақтың үзілуі — қатерлі ісікке (ракқа) қарсы болашақ дәріні, жаңа антибиотикті немесе енді ешқашан қайта ашылмайтын биологиялық белсенді қосылыстарды біржола жоғалтумен тең», — дейді Кью ботаникалық бақтарының ботанигі Матильда Браун.

Зерттеушілердің мәліметінше, қазірдің өзінде өсімдіктердің бестен екі бөлігі жойылу қаупінде тұр. Одан да қорқыныштысы — ғылымға әлі ашылмаған, беймәлім өсімдіктердің 75 пайызы да осындай қауіптің алдында болуы мүмкін. Ғалымдар табиғатты қорғау ұйымдарын қаржыны дұрыс бөліп, дәл осы эволюциялық мұраны сақтап қалуға шұғыл кірісуге шақырады.

Аударма
Мақаланы басқа тілде оқыңыз
Бөлісу
TelegramWhatsAppFacebook

Пікірлер

Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!

Соңғы жаңартылуы: 4 қазан 2026, 23:46

Ұқсас мақалалар

Голливудтағы жаңа дәуір: Paramount пен Warner Bros. бірігіп, Skydance империясын құрды

Голливудтағы жаңа дәуір: Paramount пен Warner Bros. бірігіп, Skydance империясын құрды

Netflix артта қалды: Гарри Поттерден бастап CNN жаңалықтарына дейін бір отбасының қолына өтіп, Голливуд тарихындағы ең қымбат келісім қалай жасалды?

|Әлем
Диккенс және Z ұрпағы: «Асқақ үміттің» азабын тартқандар

Диккенс және Z ұрпағы: «Асқақ үміттің» азабын тартқандар

«Мен Z ұрпағына жаным ашиды, – дейді сарапшы Карлссон-Шлезак Fortune басылымына берген сұхбатында. – Олар смартфон революциясының алғашқы құрбандары болды. Ата-аналары мен мұғалімдері жастарға TikTok пен шынайы өмірдің аражігін ажырататын тиімді фильтр орнатуға көмектесе алмады».

|Әлем
Oracle нейрожелілер үшін неге 21 мыңнан астам маманын құрбан етті?

Oracle нейрожелілер үшін неге 21 мыңнан астам маманын құрбан етті?

"Компьютерге кіру мүмкіндігіңіз бұғатталады": Жаңа деректер орталықтарын салуға 90 миллиард доллар жұмсауды жоспарлаған компанияның мамандардан қалай құтылып жатқанын оқыңыз.

|Әлем
Астанадағы «Ай толысқан түн»: Қытайдың Күз мерекесі қалай өтті?

Астанадағы «Ай толысқан түн»: Қытайдың Күз мерекесі қалай өтті?

Астана аспанындағы толған ай мен сахнадағы дәстүрлі өнер: Қытайдың ең қастерлі «Күз ортасы мерекесі» дипломатиялық қатынастардың жаңа парағын ашты.

|Әлем
Боқ қосылған бетон: Үндістандықтар құрылыс саласын төңкеріп тастады

Боқ қосылған бетон: Үндістандықтар құрылыс саласын төңкеріп тастады

Миллиардтаған долларды үнемдеп, әлемдік цемент магнаттарын тақырға отырғызатын жаңалық: Үндістанда боқтан жасалған супер-бетон сынақтан сәтті өтіп, тарихи рекорд жаңартты

|Әлем
Қазақ мультфильмі Сианьдағы фестивальде топ жарды

Қазақ мультфильмі Сианьдағы фестивальде топ жарды

Қазақ анимациясы әлемдік деңгейде: «ADAM: Нәртәуекел» 3D фильмі Қытайдағы қатаң іріктеуден қалай сүрінбей өтті?

|Әлем
LiveInternetZERO.kz