Мадридтегі қазақ рухы: Димаш жанкүйерлерінің кешінде шетелдегі қазақ балаларының көрмесі өтті
Испандықтарды қазақша билеткен кеш: Мадридте Димаштың концерті алдында не болды?

Испания астанасы Мадридте әлемдік деңгейдегі өнер жұлдызы Димаш Құдайбергеннің «DIMENSIONS» туры аясындағы жеке концерті қарсаңында ерекше мәдени кеш өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған Dears қауымдастығы мен еуропалық қонақтар бұл жолы тек сүйікті әншісінің әуенімен ғана емес, жат жұртта жүрсе де жүрегі «Қазақстан» деп соққан жас өрендердің шығармашылығымен танысты.
29 қазан күні өткен дәстүрлі жанкүйерлер кешінде (pre-party) «Отандастар қоры» КеАҚ Мадридтегі қазақ мәдени орталығымен бірлесіп, «Қазақстан – менің көзіммен» халықаралық шығармашылық байқауының көрмесін ұйымдастырды.
Көрмеге Жапония, Нидерланд, БАӘ, Грузия, Катар, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстанда тұратын этникалық қазақ балаларының қылқаламынан туған үздік суреттер қойылды. Тарихи Отанын бірі көзімен көрсе, бірі ата-анасының әңгімесінен ғана білетін жас суретшілер қазақ даласының табиғатын, салт-дәстүрі мен мәдениетін өз қиялымен бейнелеген. Шетелдік қонақтар мен Димаштың жанкүйерлері үшін бұл туындылар Қазақстанды мүлдем жаңа, шынайы қырынан тануға мүмкіндік берді.
500-ге жуық адамның басын қосқан ауқымды шараға Еуропаның 20-ға жуық елінен келген қазақ диаспорасының жетекшілері, Испаниядағы қандастар мен түрлі мемлекеттен ағылған жанкүйерлер қатысты. Кештің құрметті қонақтары қатарында Қазақстанның Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаев пен дипломатиялық миссия өкілдері болды.
Қазақтың «Ақеркесі» мен испан фламенкосының синтезі
Бұл кеш жай ғана сурет көрмесі емес, қазақтың ұлттық рухы, отты испан өнері мен Димаш шығармашылығы біте қайнасқан нағыз мәдениеттер диалогына айналды.
Шара шымылдығын жас домбырашылар Әлинұр мен Әлихан Амангелділер күмбірлеген «Балбырауын» және «Ер-Тұран» күйлерімен ашты. Ал кештің ең әсерлі сәті Севильядағы «El Boti» фламенко мектебі өнерпаздарының шығуы болды: испан бишілері қазақтың халық әні «Ақеркеге» фламенко стилінде би билеп, көрерменді тәнті етті.
Сонымен қатар сахна төрінде «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері «Шашу», «Қалыңдық биі», «Аққу», «Шернияз» және «Самғау» хореографиялық қойылымдарын паш етсе, белгілі дизайнер Тәрбие Айдымбаеваның «TARBIYA» бренді заманауи үлгідегі ұлттық киімдер топтамасын ұсынды.
Ана тілі және Димаштың хит әндері
Ұйымдастырушылар шетелдегі қандастардың рухани сұранысын да назардан тыс қалдырмады. Қонақтарға «Отандастар қорының» негізгі жобалары мен ана тілін үйренуге арналған «Абай институты» порталы таныстырылды. Ал кішкентай қонақтар үшін «Түркі тілдес мұғалімдері» қауымдастығының өкілі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Тәтті ертегі» жобасы аясында жарық көрген «Шахматшы Қонжық» ертегілер жинағы мен «Tildes KZ» сөйлесу клубының жұмысын паш етті.
Кештің шарықтау шегінде шетелдік және отандық өнерпаздар — Jonhy Calleja, Жанель Әли, Viryam Amor Ondas және Rachel Rustria сахнаға шығып, Димаштың репертуарындағы әйгілі «Unforgettable Day», «Тау ішінде», «Ave Maria» және «SOS» туындыларын шырқады. Ал жанкүйерлер қауымы «Living for the Game» композициясына арнайы дайындаған флешмоб-биін тарту етті.
Испания төрінде қазақ мәдениетін асқақтатып, шетелдегі қазақ орталықтарының ынтымағын нығайтқан кеш соңында барлық белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Алғашқы пікірді қалдырыңыз!










